Ауыл да кәсіпке бұрыла бастады

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде мемлекет қолдауын жете сезініп отырған Исатай ауданының бір топ кәсіпкерлері туралы сөз еткенбіз. Бұл жолы да Нарын құмында шаруасын шалқытқан елді мекен бизнесмендері туралы әңгімемізді одан әрі жалғастырмақпыз. Келесі аялдама – Жанбай ауылдық округі.

Мәриямның «мойкасы»

Жанбайлықтар «тек малмен ғана жан бағады» десеңіздер, мүлдем қателесесіздер. Олар кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауды жете сезініп, бизнестің өзге саласын да меңгеруге ұмтылуда. Осында заманауи көлік жуу орны ашылғаны туралы хабарды естіген соң дереу Атырау-Астрахан тасжолының Жанбай ауылы тұсынан табылдық. Шыны керек, оның иесі ер адам болар деп ойлағанбыз. Бірақ, алдымыздан аққұба жүзді келіншек шыға келгенде, таңданысымызды жасыра алмадық. Өзін Мәриям деп таныстырған ол «мойканың» заңды иесі болып шықты. Рас, жұмысына жолдасы Нұркен Дияшев көмектеседі екен.

dsc06613

– Былтыр «Бизнес-аймақ» бағдарламасына қатысып, мемлекеттің 5 миллион 100 мың теңге қаржылай қолдауына ие болдық. Ойланбастан көлік жуу орталығын аштық. Себебі, жанбайлықтардың оған сұранысы өте жоғары еді. Енді олар ат арытып Аққыстауға шаппайды. Біздің еңбегіміз халық игілігіне жарап жатса, одан асқан қуаныш жоқ, – дейді ерлі-зайыпты кәсіпкерлер.

Расында да, осында келіп темір тұлпарларын балшықтан тазартып жатқандардың ақжарма алғысына өзіміз де куә болдық. Әзірге мүмкіндік тек бір мезгілде бес көлік қабылдауға ғана жетеді. Болашақта кәсіп аясын кеңейтіп, монша мен сауна салу да жоспарда барын білдік. Мұнда қазір үш адам еңбек етеді.  Құрылғылар шетелден алынған. Міне, Жанбайдағы жалғыз «мойка» енді тек газ желісінің жүргізілуін ғана күтуде. Өйткені, алда – қаһарлы қыс. Бұл мәселені аталған ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Адайбек Есекешов шешіп беруге уағдаласты.

71 жастағы кәсіпкерді не толғандырады?

«Ерінбеген етікші болады» деп дұрыс айтылған. Ол жас талғамайды, тек талпынсаң болғаны. Соның бірі –  жетпіс бір жасында наубайхана ашып отырған Кеңесбай Бахитов. Ол ауданда автобаза, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінде басшы, «Облтрансгаз» мекемесінде аға шебер болып жұмыс жасаған. Содан 2014 жылы мемлекеттен 4,5 млн. теңге қаржылай көмек алып, пеш сатып алады. Кейін нан пісіретін шағын ғимарат тұрғызып, халыққа алғашқы өнімін де бере бастайды. Мұнда тәулігіне үш ауысыммен алты адам еңбек етеді. Бір күн жұмыс жасап, екі күн демалады. Орташа жалақылары 35 мың теңге болғанымен, өнім көлеміне қарай 53 мыңға дейін көтеріледі. Қазір тәулігіне 1200 дана нан дайындалып отыр. Бастапқыда 50 теңгеден сатылып келсе, қазір 65 теңге. Неге?

– Өйткені, ұн, ашытқы, май, тұз, секер – бәрінің де бағасы аспандап кетті. Елу келілік бірінші сұрыпты бір қап астықтың құны 5200 теңгеге жетті.  Ал, жоғары сұрыпты астық 5500 теңге тұрады. Бұрын 3200 теңге болған-ды. Сонда аптасына шамамен жүз қапшық сатып алсам, жарты миллионға шығынданып шыға келемін. Оған қоса, 350 мың теңге коммуналдық төлемдер тағы бар. Қайта, несиенің жеңілдікпен берілетіні қандай жақсы! Әйтпесе, өз қалтаңмен кәсіп ашу әсте мүмкін емес. Ас атасына сұраныс қашан да жоғары. Егер еліміз бойынша астықтың бағасы осылай көтеріле берсе, тіпті наубайхана жұмысын тоқтатуға тура келуі мүмкін, – дейді асқақал.

dsc06610

Забурынға жол салынса…

Бұл сөзімізді Забурын ауылдық округінің әкімі Аслан Ғұбашев та қуаттайды.

– Округте 20 шақты шаруа қожалығы тіркелген. Одан бөлек, жылыжай, асхана, мейрамхана, дәмхана, т.б. бар. Енді аулаішілік жолдар салынса, көлік қозғалысына едәуір көмек болар еді. Жалпы, Забурын – Теңіз тамағына жақын орналасқан жалғыз елді мекен. Сондықтан, мұнда туризм саласын дамытудың маңызы зор. Бұл істі тездетіп қолға алмасқа болмайды. Жергілікті тұрғындар үшін бұл жер үйреншікті. Ал, шетелден келген қонақтар аудан табиғатына таңырқай қарайды. Осында демалыстарын өткізушілер өте көп. Жыл сайын ауруға шалдыққан балалар келіп, таза ауада емделеді.  Серуен құрып, әбден тынығады. Шұбат ішіп, теңіздің ақ құмына аунайды. Ауылдарға кірме жол салуға байланысты жобалық-сметалық құжаттар дайын тұр. Енді тек инфрақұрылым жүргізілсе болғаны. Бірақ, бұл тек орталықтың құзырында ғана. Болашақта демалыс лагерлері мен санаторийлер салғылары келетін бизнес иелері де бар, – деді ол бізбен әңгімесінде.

dsc06683

Құрақ көрпе

Бұрын Атырауда мал жүні желге ұшып, ысырап болып жататын. Өйткені, оны өңдеп, кәдеге жарататын ешкім болмайтын. Осы мәселеге жаны ашыған жанбайлық зейнеткер Балсия Меңдіғазиева үнсіз отыра алмады. Ұлы Нұрбол Бижановқа дереу жүн өңдеу цехын ашуды қолға алуды тапсырды. Оның үстіне, «Қай бағытта кәсіп ашсам екен?» деп ойланып жүрген жас жігіт анасының ақылымен іске кіріседі. Жолы болып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдікпен несиеге қол жеткізеді. Қомақты қаражатқа екі жүн түтетін аппарат сатып алады. Сөйтіп, оны өңдеп, көрпе тіге бастайды.

Айтуынша, қой мен түйе жүнінің келісі 200-500 теңге аралығында бағаланады. Жүн түтілмес бұрын, алдымен мұқият тазаланады. Әсіресе, қой жүні тығыз келетіндіктен, лас әрі жағымсыз иісі болады. Ал, одан жасалған көрпенің ең арзаны 6000 теңге. Оның тысы қазақы оюлармен өрнектеледі. Көршілес өзбек ағайындарымыз саудалап жатқан арзанқұл төсеніштерден он есе артық. Неге? Себебі, ол Президентіміз айтқандай, отандық өнімнің төрт басымдығына ие. Яғни, сапалы, әдемі, ыңғайлы және арзан.

dsc06659

Кезінде сатушы, теміржолшы болып еңбек еткен Балсия апа  шеберлік өнердің ата-бабадан мирас болып келе жатқандығын айтады. Ол ұлттық нақыштағы тұрмыстық бұйымдарды емес, сырттан әкелінген дүниелерді тұтынатын қазіргінің келіндеріне іштей налиды.

– Қой жүнінен «иісі шығады» деп бәрі қашқақтайды. Ал, одан тігілген көрпенің ұядай жылы екенін елей бермейді. Қытайлық құрылғы бір сағатта 20 келі жүн түтіп шығарады. Оны 1 млн. 200 мың теңгеге сатып алдық. Іс тігетін машинаның бағасы – 900 мың теңге, – дейді зейнеткер.

Отбасылық наубайхана

Келесі нысан – кәсіпкер Күмісай Талпанованың былтыр іске қосқан наубайханасы. Өндірістік қуаты – тәулігіне 1000 дана өнім.  Рас, әзірге 250-300 нан  шығарылады. Демек, ауылда барлығы 570 үй болса, соның жартысын қамтамасыз етеді.

– Жұбайым Еділжан Тілепқалиев екеуміз Теңіз мұнай кәсіпшілігінде көп жыл аспаз болып еңбек еттік. Біраз тәжірибе жинадық. Содан өз кәсібімізді ашуды шештік. Сөйтіп, «ас атасы – нан» демекші, бизнесті де басты тағамнан бастағанды жөн санадық. Бірақ, наубайхана бір күнде ашыла қоймайды ғой. Ол үшін қыруар қаржы қажет. Оны осынау нарық заманында кім бере қояды? Міне, осы кезде «Бизнес-аймақ» бағдарламасы барын біліп, үш миллион теңге несие алдық. Оған ғимарат тұрғыздық. Кейін қосымша 750 мың теңгеге тағы қол жеткіздік. Сөйтіп, ісімізді бастадық. Енді алдағы уақытта нан түрлерін көбейткіміз келеді, – дейді кәсіпкер.

dsc06635

P.S. Міне, біз аралаған шалғай ауылдардағы тірлік осындай. Береке мен байлық бастауы – бизнесте екеніне жергілікті тұрғындардың көзі жете бастағандай. Өйткені, «кәсіп ашып, еліме нәсібімді тигіземін» деуші жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау бар. Тек тәуекелге бел буып, кірісіп кету керек. Ендеше, іске сәт!

 Исатай ауданы.

Сурет Ә.Әбілғазиевтікі.

Амандық

АБДОЛ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*