Қауіпті ағымның қатері

Қауіпті ағымдардан қатер бар. Бүгінде 500-ге жуық Қазақстанның азаматы шет елдегі лаңкестердің лагерінде жүр. Діни оқу іздеп, шекара асқан жастар туралы әртүрлі әңгіме айтылады. Облыста жұртты ұйытатын сауатты имамдар жетіспейді. Елдің ішін алатайдай бүлдіріп жүргендер Алланың үйі – мешітте дөрекілік көрсете бастады. Мұның бәрі теріс пиғылдылардың ықпалына қарсы қоғамның жұдырықтай жұмылуын қажет етеді.

Жуырда Атырауға келген Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев санасы уланғандардың әрекетін Отанына жасаған опасыздыққа теңеді. Олардың бірқатары бөтен елде қан төгіп жүр.

– Қазіргі таңда Сирия, Ирак елдерінде лаңкестер үшін жағдай қиындап барады. Содырлар шегіну жолдарын, соның ішінде өздерінің бұрынғы тұрған жерлеріне қайту мүмкіндіктерін іздестіруде. Алайда, бұл олардың қылмыстық пиғылдан бас тартқанын білдірмейді, – деді Нұрлан Байұзақұлы.

Соқыр түсініктің соңында жүргендер ертең елге оралып, арам ойларын жүзеге асыруы мүмкін. Оны ешкім жоққа шығармайды. Осы себепті министр кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерге сәйкес, террористік сипаттағы, басқа да ауыр қылмыс жасаған қазақстандықтардың азаматтығынан айрылуы мүмкін екенін баяндады.

Удың бетін у қайтаратынын ескерсек, теріс жолдағыларға дұрыс бағыт сілтеу, санасында сілкініс жасау қажеттілігі туындайды. Бұл орайда сауатты теолог, білікті имамдардың белсенділігі керек-ақ. Әрине, одан қоғам да шет қала алмайды.

 

Сіз не дейсіз?

Дәулет ОСПАНОВ,

«Батыс»  өңірлік  қолбасшылығы әскерлерінің  қолбасшысы:

Қауіпсіздік –қатаң  бақылауда!

Дәулет ОСПАНОВ,

– Қазіргі халықаралық жағдай, ұрыс қимылдары лаңкестерді қыспаққа ала бастады. Әскери адам ретінде айтсам, олар енді бас сауғалап, қауіпсіз жер іздеуге мәжбүр. Соғыспай тұра алмайтын содырлардың алдағы бағыты ауған жері болуы мүмкін. Бірқатары елге оралады. «Қасқырды қанша үйретсең де, орманға қарап ұлиды» дегендей, олардың жымысқы тірлігі айналасына кесірін тигізетіні анық.

Қауіпті ағымның өкілдері үгіт-насихатқа ерекше маңыз береді. Осы жолмен жасты да, кәріні де қармағына түсіріп жатыр. Алты баласын жетектеген әйелдің осы елестің соңынан еріп, соғысқа кетіп бара жатқанда тоқтатылғанын естідік. Жеткіншектерінің екеуі тіптен жас екен. Соған қарамастан балаларының болашағына балта шабатындай, тағдырына бейқам қарайтындай оның бұл әрекетін қалай түсіндіруге болады?

Бүгінде әскери бөлімдердің ішкі-сыртқы тәртібіне баса назар аударылуда. Әскери қауіпсіздік одан әрі күшейтіліп, казармалар сыртына бейнекамералар қойылды. Қақпалардың алдына сырт көліктер кіре алмайтындай құрылғылар орнатылды.

Серік  ШАЛАБАЕВ,

облыс  прокурорының орынбасары:

Лаңкестіктің  алдын қалай  аламыз?

Серік ШАЛАБАЕВ

– Өткен жылы лаңкестіктің алдын алуға бағытталған жеті бағыттан тұратын іс-шара республикамызда, Ақтөбе облысында ұйымдастырылып, өз нәтижесін берді. Сондықтан, елдегі және көрші мемлекеттердегі лаңкестік жағдайларға байланысты Атырау облысында терроризм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыс қолға алынды.

Ардагерлер, құқық қорғау органының қызметкерлері, дәрігерлер, теологтар, өзге құрылым өкілдерінен құралған топ облыстың барлық ауданына, оның ішінде 164 ауылдық елді мекенге, шағын ауылдарға барып, 600-ден астам басқосу өткізді. Шара 52 мыңға жуық адамды қамтыды. Арнайы топ тұрғындарға денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, терроризмнің алдын алу бағыттары бойынша түсінік берді. Қоғамды алаңдатқан лаңкестіктің алдын алуға байланысты шаралар бір күнмен шектеліп қалмайды. Осыған байланысты жұмыстарды әрбір мекеме басшысы күн тәртібіне қоюы керек. Мәселен, бұған дейін лаңкестік тұрғыда осал саналған 56 нысан белгілі болған. Қазір осы кемшіліктер жойылып, тиісті шаралар алынды.

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ,

облыстық  дін  істері басқармасының  басшысы:

Мешіттің  қызметіне кедергі келтіреді

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ,

– Облыста барлығы 41 діни бірлестік және филиалдар жұмыс жасайды. Биыл басқармаға  алты  миссионер тіркеліп отыр.

Бүгінде жергілікті жердегі басты проблема – дін саласында білікті мамандар тапшы. Облыстағы екі мешітте, атап айтқанда, Балқұдық және Сүйіндік ауылдарында имам жоқ. Барлық орындар мен қызметтер толық болу үшін Атырауға 21 наиб имам, 21 азаншы, 26 ұстаз қажет. Қазір «Нұр-Мүбарак» университетінде 26 атыраулық білім алуда, оның екеуі дипломын биыл алады. Ливандағы Триполи қаласының «Аль-Джинан» университетінде осы өңірдің үш адамы оқуда.

Дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері қоғамдық тәртіпті жиі бұзады. Былтыр әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 11 іс қозғалды. Ал, жыл басынан бері 13 хаттама толтырылып, сотқа жолданып отыр. Оның  алтауы мешіттің қызметіне кедергі келтіргені үшін қозғалған.

Жазып алған:Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*