ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ – ӨРКЕНДЕУДІҢ КЕПІЛІ

 – Шыңғыс Жұмабекұлы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығы бойынша барлық өңірлерде, соның ішінде біздің Атырау облысында Әкімнің өзі төрағалық ететін терроризмге қарсы күрес комиссиясы құрылды. Осы комиссияның басты мақсаты мен құрамына байланысты не айтар едіңіз?
– Өткен жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, діни экстремизммен және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама дайындауды тапсырамын» деген болатын. Елбасы тапсырмасының негізінде мемлекет пен азаматтардың радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас тұруы көзделуде.
Өздеріңіз білесіздер, Атырау облысында соңғы екі жыл ішінде бірнеше лаңкестік оқиғалар орын алды. Мұндай әрекеттердің барлығы да дін атын жамылған радикалдық-экстремистік топ мүшелерінің қолымен, діни ұғымдарды бұрмалау арқылы іске асты. Дін саласын зерттеуші мамандар, ислам әлемінің тарихында сыртқы күштер немесе елдікті қолдамайтын іштегі тараптар елдің дәстүрлі діни ұстанымына, сеніміне қайшы теріс діни уағыздарды тарату арқылы мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның тыныштығын бұзуға қол жеткізіп отырғанын айтады.
Бүгінде біздің қоғамда да интернет сайттарын, басқа да байланыс құралдарын пайдаланып жұмыс жасап жатқан дәстүрлі емес діни ағымдар мен секталардың, шетелдік уағызшылардың ықпалы жоқ емес. Олар діндегі «жихад» секілді кейбір қасиетті ұғымдарды бұрмалай түсіндіріп, ақыл есі толыспаған, өмірден өз орнын толығымен тауып үлгермеген жастардың санасын улауда. Өкінішке орай, осылайша сол жастарымызды елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін экстремистік және лаңкестік актілерді жүзеге асыруға итермелеуде.
Сондықтан, қазiргi таңда терроризм мен экстремизмнің қауiп-қатері үкіметті, қоғамды және әрбір азаматты алаңдататын мәселе болып отыр. Әлемде орын алған түрлi терактiлердi сараптап қарасақ, олардың дайындығы мен iске асырылу деңгейiнiң жоғары, террористiк ұйымдардың идеологиялық және психологиялық негiздемелерiнiң аса күрделі екендігін байқаймыз. Яғни, бүгінгі әлемде «халықаралық террористiк интернационал» қалыптасты деп айтуға да болады. Мұндай қауiп-қатердiң негiзi iрi террористiк ұйым емес, радикалды идеологиялық әсермен пайда болған, сырт елдердің ықпалындағы дербес, яғни аса үлкен емес ұйымдар мен жеке террористер екенiн айтуымыз керек. Өкiнiштiсi, солай бола тұра терроризм қаупі белгілі бір аймақпен немесе елмен шектелмек емес.
Міне, осы тұста, Атырау облысы терроризмге қарсы күрес комиссиясының облыс аумағында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға және оны жетілдіруге қосатын үлесі зор болуы тиіс. Сондай-ақ, комиссия осы саладағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы Терроризмге қарсы орталыққа ұсыныстар дайындау, терроризмнің профилактикасы, терроризм көріністеріне ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалуын қамтамасыз ету, терроризм зардаптарын түбегейлі жою шараларымен айналысады.
Сондай-ақ, әскери нысандардың терроризмге қарсы қорғанысына мониторинг жасап, қарулы күштердің қатарындағы терроризм қаупін анықтау және алдын алу жұмыстары – терроризмге қарсы күрес комиссиясының негізгі міндеттері.
Комиссияның құрамына тоқталар болсақ, оның төрағасы – Атырау облысының әкімі. Сонымен қатар, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшылары, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері кіреді. Комиссия төрағасының шешімі бойынша комиссия құрамына тиісті органдар мен ұйымдардың өзге де лауазымды адамдарын енгізуге болады.
-Мемлекетімізде осы экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жұмыстарына қатысты жыл сайын аса мән беріп, ҚР «Терроризмге қарсы тұру туралы» Заңы қабылданды. Бұған қарсы идеологиялық жұмыс та күшейтіліп жатыр. Сіздіңше бұл салада мемлекеттік органдардың арасында өзара іс-қимыл жұмыстары қалай жүзеге асуда?
-Қазіргі таңда облыстағы жергілікті атқарушы биліктің Ішкі саясат басқармасы мен бөлімдері құқық қорғау органдарының терроризмге қарсы күрес саласындағы басқармаларымен тығыз жұмыс жасауда. Сондай ақ, үстіміздегі жылғы шілде айына дейін ҚР Дін істері агенттігінің Атырау облысы департаменті өңірдегі дін саласындағы мемлекеттік ұстанымды қалыптастырушы уәкілетті орган болып келді. Бүгінгі таңда аталмыш департаменттің облыстық басқарма болып әкімдіктің құрамына берілгені жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының өзара іс қимыл шараларын әрі қарай дамытуға көбірек тиімді болып отыр.
Бүгінгі күнге дейін құқық қорғау органдары тарапынан бірнеше экстремистік және террористік құқық бұзушы топтары құрықталды, кейбір мүшелерінің көзі жойылды. Облыстағы терроризмге қарсы күрестің нәтижесінде бүгінге дейін облыс бойынша бірнеше террористік актілердің алды алынды. Құрықталған тұлғаларға қатысты тиісті сот шешімдері шықты. Бұған қатысты ақпарат өз уақытында БАҚ беттеріне жарияланды. Сондай ақ, қазіргі таңда олардың бірнешеуіне сот процестері жалғасуда.
Сондай-ақ, терроризмге қарсы күресті нығайту мақсатында тиісті органдардың облыстағы діни ахуалды жақсарту бойынша берген ұсыныстарының негізінде өңірдегі барлық мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып ортақ жоспар бекітілді. Бұл жоспардың негізінде қазіргі таңда облыстағы бүкіл мемлекеттік органдар бір уақытта бір организм секілді жұмыс жасап жатыр деп айта аламыз.
– Бүкіл әлемнің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани жағдайына ықпал етіп отырған діни экстремизм мен терроризм ХХІ ғ. ең бір өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Террорлық актілерге итермелейтін антогонизмдер және қайшылықтар өсе түсуде. Түрлі топтар осыны пайдалану арқылы саяси-экономикалық мүдделерін іске асыруға тырысуда. Бұл ретте облысымызда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемаларының алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынуда?
– Дұрыс айтасыз, бүгінгі күні кеңінен қанат жая бастаған діни экстремизм мен терроризм проблемасы әлемдік қауымдастықтың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерімен ұштасып отыр. Демек, дінді саясиландыруға бағытталған үрдістердің бар екендігін жасыруға болмайды. Үстіміздегі ғасырдың басынан террорлық акт жаңаша сипат алып, терроризммен күрестің бұрын тарихта болмаған халықаралық жаңа кезеңі басталды десем, артық айтқаным емес. Сондықтан, елімізде және аймақтағы елдерде орын алуы мүмкін үлкен лаңкестік әрекеттердің алдын алу үшін Орта Азиядағы діни экстремизмнің саяси-әлеуметтік негіздерін зерттеу – өте өзекті мәселе.
Біріншіден, діни экстремистік бағыттар мен пікірлер бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Оның ертеден келе жатқан тарихы бар. Қазіргі лаңкестік әрекеттердің мәнін түсінуде адамзат тарихындағы діни көзқарастар мен ұстанымдарды ғылыми жағынан зерттеудің маңызы ерекше. Өйткені ол, осы кездегі діни экстремизм мен терроризмнің саяси-әлеуметтік негіздерін анықтауға жәрдемдеседі.
Екіншіден, қазіргі Қазақстанның территориясы ықылым замандардан бері Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің транзиттік қақпасы болып келді. Табиғи ресурстардың барлығы өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан, біздің еліміз бен жеріміздің геосаяси жағдайы ертеде де, бүгін де сыртқы күштер үшін өте маңызды мүдделер тоғысқан аймақ болып келді. Осы тұрғыда біз еліміздің ерекшелігін ескере отырып, Отан мен жерді болашақтағы түрлі қақтығыстардан сақтайтын әдіс-тәсілдерді жасап, дайындауымыз қажет.
Облыс аумағында атқарылып жатқан шараларға келер болсақ, облыс аумағында ақпараттық-насихат, идеологиялық шараларды іске асыратын, құрамына мемлекеттік қызметкерлер, теолог мамандар, барлық деңгейдегі мешіт имамдары және зиялы қауым өкілдері енгізілген 86 ақпараттық-насихат топтары жасақталды. Облыс әкімдігінің қолдауымен өңірге келісім-шарт негізінде 4 теолог-маман шақыртылып, тұрғындар арасында белсенді түсіндіру жұмыстарымен айналысуда. Таяуда Мысыр еліндегі Әл-Азхар университетінен облыс аумағында діни-ағарту жұмысымен айналысатын ғалым-шейх алдырып жатырмыз.
Экстремистік пиғылдардың генезисі ислам ілімін дұрыс түсінбеушіліктен пайда болғаны белгілі. Халықтың дін туралы жалпы түсінігін арттыру үшін білікті мамандар қажет. Осыны ескере отырып, Атыраудан медресе ашу мәселесі қарастырылуда.
Сондай-ақ, теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккен азаматтардың құқығын қамтамасыз ету саласында ақпараттық-консультативтік және құқықтық-психологиялық қызметтер көрсету мақсатында үкіметтік емес ұйым – «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры қызмет атқаруда. Биыл Атырау облысы Дін істері басқармасының қарамағынан «Ақпараттық талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі» құрылды. Алдағы уақытта бұл орталық өңірдегі діни ахуалды зерттеу, экстремистік және радикалдық идеялардың алдын алу бойынша кешенді жұмыстарды жүргізетін болады.
-Облыс аумағында экстремизм идеяларының алдын алу, тұрғындардың діни сауатын арттыру, біздің тарихымыз бен мәдениетімізге сай діни көзқарас пен ұстанымымызды қалыптастыру бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Осындай шаралардың бірі ретінде жоғарыда айтқан облыс әкімі жанынан құрылған терроризмге қарсы күрес комиссиясының құрылуын айта білеміз. Осы құрылымның жұмысынан болашақта не күтеміз?
– Бұдан бұрын діни экстремизм мен радикализм идеяларының алдын алу бағытында белгілі мемлекеттік органдар ғана белсенді атсалысып, көптеген мемлекеттік құрылымдардың әлеуеті толыққанды пайдаланылмай келді. Енді алдағы уақытта осы комиссия арқылы бүкіл мемлекеттік органдар арнайы жоспарларына сәйкес, аталмыш бағытта жұмыс жүргізетін болады. Сонымен қатар, комиссияның мүмкіндігі арқылы мемлекеттік құрылымдардың осы саладағы әлеуеті біріктіріліп, олардың арасындағы өзара ықпалдастық пен іс-қимылы артады. Соның нәтижесінде облыста әлем халықтарының барлығын алаңдатып отырған терроризм мен экстремизмге қарсы жүйелі әрі тиімді жұмыстар одан әрі өз жалғасын табатын болады.
Терроризмге қарсы күрес комиссиясының шеңберінде өңірдегі барлық салаларға қатысты мемлекеттік құрылымдардың атсалысуының нәтижесінде қоғам ішінде діни экстремизм мен радикализмнің барлық үлгілеріне қатысты қоғамдық қарсы көзқарас қалыптастыру үрдісі жеңілдейді. Халықтың дәстүрлі діни ұстанымы аясында діни сауаттылығын арттыру, діндер арасындағы өзара келісімді сақтау шаралары кешенді түрде іске асады деп ойлаймын.
Қорыта келгенде, ең басты мақсат, бұл комиссия еліміздегі қауіпсіздік пен тыныштықты, толеранттылық пен діни төзімділікті сақтау, лаңкестік әрекеттердің алдын алуға, сырттағы алыс-жақын мемлекеттермен өзара татулық пен достық қатынастарды нығайту мен дамыту бағытында жұмыс жасауы тиіс деп есептеймін.
-Шыңғыс Жұмабекұлы, сіздің осындай ұлт болашағына қатысты келелі ойларды қозғай отырып берген сұхбатыңыз үшін рахмет. Әкімдік тарапынан ел болашағы мен қоғам тұрақтылығы үшін жасап жатқан еңбектеріңізге тек табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*