Қауіпсіздік – біздің басты басымдығымыз

Апаттың айтып келмейтіні мәлім. Ал, біздің облыстағы су тасқынының алдын алу және өрт қауіпсіздігін болдырмау жұмыстары қандай деңгейде? Осы орайда, Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Сағынбек Өмірзаховпен әңгімелесіп, табиғи және техногендік апаттардан қорғаудың дайындықтары туралы білдік.

1461488429_1

– Өзіңіз басқарып отырған департаментте қандай құтқару құрылымдары бар, олар арнайы құралдармен, техникалармен қалай жабдықталған?

– Бүгінгі таңда Атырау облысы ТЖД авариялық-құтқару қызметтері – бұл күш-құралдары тәулік бойы дайын тұратын құрылым. Олардың құрамында – «Өрт сөндіру және авариялық құтқару» ММ бөлімшелері, Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы бар.

Елбасы құрған тұрақты эконо­ми­ка­лық жағдай табиғи және техногенді си­паттағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін авариялық-құт­қару бөлімшелерін заманауи техни­калық ресурстарын кезең-кезеңмен жаңғырту және қайта қаруландыруға қатысты саясатты үйлестіруге мүм­кін­дік берді.

Осы ретте айта кетейін, біздің органның айнасы – «Атырау құтқарушысы» деген газетіміз шыға бастады. Тоқсан сайын мемлекеттік тілде және орыс тілінде шығып отыратын басылымнан – төтенше жағдайлардан қорғану тәсілдері, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар туралы мағлұмат алуға болады. Біздің газетіміздің қауіпсіз өмірдің барлық басты бағытына айналуына қызығушылық танытатындар үшін ең сенімді досы, әрі көмекшісі атанатындығына толықтай сенгім келеді.

– Сағынбек Сиратұлы, Атырау облысында 2018 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық, қауіпсіз өткізу және ықтимал шығындарды азайтуға бағытталған іс-шараларға тоқталсаңыз…

– Су тасқынының алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, күн сайын өзен-көлдерді қарау, жедел хабарламаларға талдау және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттарға мониторинг жүргізіледі. Осы бағытта ұйымдастырылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Атырау облысы аумағында су тасу қаупінің едәуір азайғаны анықталды.

Облыс көлемінде су тасу жағдайына ішкі су бассейндерімен қатар, шекаралас орналасқан Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан судың көп мөлшерде жіберілуі, Құрманғазы ауданындағы Қиғаш және Шарон өзеніне Волгоград су қоймасынан су жіберілуі, сондай-ақ, Ойыл, Сағыз, Жем өзендеріне Ақтөбе облысының Мұғалжар тауларынан қар суының ағылуы әсер етеді. Алайда, аталған су көздеріндегі судың деңгейі қалыпты жағдайда ұсталуда. Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК-ның ақпараты бойынша, Атырау облысы өзендерінде су тасу қаупі қалыпты жағдайда және қалыпты жағдайдан төмен болуы болжанған.

Биылғы су тасқынына дайындық, қауіпсіз өткізу және ықтимал шығындарды азайтуға арналған іс-шаралар жасақталып, облыс әкімімен бекітілгенін айта кету керек. Қазір осы жоспар бойынша жұмыстар атқарылуда.

Апаттың алдын алу үшін облыс билігі қаржыдан аянған жоқ. Атап айтқанда, Махамбет ауданының Алға селосындағы ұзындығы 2 шақырым қауіпті аймаққа су тасқынына қарсы бөгет тұрғызу мақсатында жергілікті бюджеттен 22,2 млн. теңге бөлініп, қажетті құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Құрманғазы ауданындағы ұзындығы 31,5 шақырым қауіпті аймақтарда орналасқан бөгеттерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 37,8 млн.теңге қаражат бөлініп, толық игерілді.

Махамбет ауданындағы көне Сарайшық қалашығында орналасқан тарихи-сәулет ескерткіші маңындағы жаға бекіту жұмыстарына жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 1 623 571 000 теңге бөлініп, мердігер компаниялармен жұмыстар жүргізілуде.

Атырау облысы аумағындағы Жайық өзенінің су режимін арттыру үшін жобалау-сметалық құжаттар жасақталып, қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары ұйымдастырылуда.  Осы тектес жұмыстар Қиғаш өзенінде де жүргізілуде.

Елді мекендердің су бассейндерінің, су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттерінің жағдайын бақылау мақсатында, Төтенше жағдайлар Департаменті басшылары облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларымен бірлесіп Құрманғазы және Индер аудандарының су тасу қауіпі бар  учаскелеріне тікұшақпен ұшып, шолу жұмыстарын жүргізді.

Осы сияқты, стратегиялық маңызы бар мемлекеттік су шаруашылығы есебіндегі Қызылқоға ауданында орналасқан, Ойыл өзенінің Ералы су торабындағы 6 реттеуіш шлюздер жаңадан ауыстырылып, түсіріп-көтеру механизмдеріне автоматты басқару қондырғылары орнатылды.

– От пен су – тілсіз жау деп бекер айтпаса керек. Тұрғындардың ең көп душар болатын апаттарының бірі – өрт болып саналады. Ендігі әңгімені осы өрт сөндіру қызметіне қарай бұрсақ…

– Өртке қарсы қызмет бүгінгі таңдағы талап деңгейіне сәйкес ұйымдастырылып отыр. Деректерге шолу жасасақ, облыс аумағында ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында 68 өрт өқиғасы тіркелген, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 9,3% азайған. Өрт салдарынан 5 адам әр түрлі дәрежеде дене жарақатын алса, 7-і  қаза болған, 4 200 000 теңге материалдық залал келтірілген.

Өрт оқиғаларының орын алу себептерін талдау нәтижесінде, 27(55,9%) жағдайда құрал жабдықтарды орнату және пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздік ережелерінің бұзылғаны,14 (20,2%) жағдайда отты қолдануда абайсыздыққа жол берілгені, 3(4,4%) жағдайда тұрмыстық құралдарды пайдалану талаптарының сақталмағаны 10(14,7%) жағдайда жеке тұрғын үй секторында пеш қондырғыларын қолдану кезіндегі талаптар өрескел бұзылғаны,1(1,5%) жағдайда газ, керосинмен іске қосылатын құралдарды пайдалану тәртібі бұзылғаны анықталды.

Өрт шыққан нысандарды талдау нәтижесінде, басым бөлігінің – жеке тұрғын үй секторында  орын алғаны анықталған. Одан кейін, автокөліктерде, сауда орталықтарында, қоғамдық орындарда, әкімшілік ғимараттарда, қоймаларда тұтанған өрт оқиғаларының үлесіне тиеді.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, барлығы 167 тексеру ұйымдастырылып, 179 заң бұзу фактілері анықталды. Тексеру нәтижесінде жалпы сомасы 1 467 050 тенгені құрайтын 74 әкімшілік айыппұл салынған. Бүгінгі таңда, айыппұл сомасының 80 пайызы немесе 1 184 463 теңгесі мемлекеттік бюджетке өндірілген.

Өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында бірқатар заң түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, тұрғын үйлерді жылыту маусымы кезінде, улану фактілерін болдырмау үшін «Қазақстан-Атырау» телеарнасында тұрмыстық өрттердің, балалардың отпен ойнауы және көмірқышқыл газына уланудың алдын алу тақырыптарында бейнероликтер және жүгіртпе жолында қажетті ақпараттар тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, аталған бейнероликтер халық көп жиналатын жерлерде, яғни мұз айдыны кешенінде, М.Өтемісов атындағы академиялық драма театры алаңында орналасқан экрандарда да тұрғындардың назарына ұсынылды.

Өрттің алдын алу мақсатында облыс аумағында бірнеше акциялар өткізіліп келеді. Мәселен, «Қауіпсіз көлік», «Әр үйге қауіпсіздік», «Көп қабатты ғимараттардағы қауіпсіздік» акциялары барысында көліктегі, тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі тақырыбындағы дөңгелек үстелдер, жиындар және жергілікті полиция қызметімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылды.

Осы орайда «Өртке қарсы күзетіне – 100 жыл» толып отырғанын жеткізгім келеді. Мереке аясында арнайы Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан ардагерлер кеңесінің төрағалары шақыртылып, өртке қарсы қызмет ардагерлері мен барлық қызметкерлеріміздің басын қосқан үлкен мереке өтті.

– Әңгімеңізге рахмет.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*