Исатайға ел қонғалы елу жыл

Isatay a el on alyi elu zhyil 3 Қоғам

Бұйрат-бұйрат құм-шағылдардың арасына қоныс тепкен Исатай стансысының ең алғаш ел қонып, ауыл атануы 1968 жылдан бастау алған. Атырау-Астрахан арасын жалғайтын теміржол осы жермен өткендіктен, уақыт өте келе бұл стансының іргесі бекіп, тынысы кеңейе түсті. Құрылыс жұмыстары жүріп, теміржолшылар үйі салынды, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтерді. Міне, сол ауылдың іргесі қаланғанына да жарты ғасыр уақыт болған екен.

Исатайға ел қонғалы елу жыл (3)

Аптаның аяғында аталған ауылда өткен торқалы той ауданның тоқсан, стансының құрылғанына елу жыл толу құрметіне арналды.

Шара жағажай волейболынан өткен ашық турнирден басталды. Жарысқа атыраулық теміржолшылардан  екі бірдей, сондай-ақ, Атырау жол дистанциясы «ПЧ-9» Ганюшкино, Исатай стансылары және Исатай ауылының жастары командалары бақ сынасты. Өте жоғары деңгейде өткен спорттық сайыста исатайлық жастар қарсыластарын қапы қалдырып, жеңімпаз атанды. Ал, Атырау жол дистанциясы «ПЧ-9» Ганюшкино стансысы командасы екінші орынды еншілесе, Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы «ЭЧ-4» үшінші орынды қанағат тұтты. Атырау байланыс және белгі беру дистанциясы «ШЧ-8» командасы да жарысқа белсенді қатысып, жеңіске деген жігері үшін арнайы марапатқа ие болды.

Шахматшылар сайысынан да исатайлықтардың жолы болды. Сайыста ауыл тұрғыны Д.Төлегенов жеңімпаз атанса, Б.Досжанов екінші орынды еншіледі. Үшінші орын Д.Елеуовке бұйырды.

Ауыл халқына салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың бұқаралылығын дамыту – бүгінгі басты мәселелердің бірі. Осы бағытта ауыл орталығынан орын алған  көше тренажеры – «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жұмыстардың бірі. Алаңның ашылуына қатысқан ардагер Р.Жаулыбаев бұндай орындардың әр ауылда болғанын дұрыс санайды.

Сол аяғымның сырқырайтыны бар. Дегенмен, ауырамын деп жата беруге де болмайды ғой. Арасында қимыл керек. Аяқты жазып, қозғап тұрған дұрыс. Сол себепті де осында жиі келіп, жағдайым жеткенше  жаттығу жасап тұрамын, – дейді қарт.

Мемлекет бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөліп жатыр деп естиміз. Халықтың денсаулығы үшін бұл – дұрыс қадам. Осы бағытта жасалып жатқан жұмыс болуы керек, жалғасты болсын. Енді ауылға кәдімгі жабық спорт кешені болса, нұр үстіне нұр болар еді. Жастарымыз спортпен тұрақты шұғылданып, мықты боп өсер еді. Кезегі келгенде, ол да бола жатар, – деген ардагер қолда бар дүниені күтіп ұстауға шақырды.

«Ауылым – алтын бесігім, Жүрегім, жырым – сенікі» атты салтанатты жиынды ауыл әкімі Ұ.Хисым сөз сөйлеп ашты.

Кезіндегі шағын ғана стансы бүгін, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, үлкен ауылға айналды. Исатай бабамыздың атындағы осы ауылдың өсіп, өркендеуіне  аға ұрпақ өкілдерінің, сондай-ақ осынау төрімізде отырған ардагерлеріміздің және солардың өнегелі жолдарын жалғастырған жастарымыздың әрбірінің қосқан өзіндік үлестері бар деп есептеймін. Осы шарамызға тұспа-тұс келіп отырған мереке иелері теміржолшылардың да еңбегін айтпай кетуге болмайды. Өйткені, бұл ауылдың  іргетасын теміржолшылар қалағандықтан, осындағы тұрғындардың дені теміржолшылар әулеті екендігін білеміз, – деп сөзін бастаған ауыл әкімі осы шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысқан ауданымыздың Құрметті азаматы К.Сапаровтың ұлы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Атырау магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры  Е.Сапаровқа ризашылығын білдірді. Одан әрі ауылдың тарихы мен оның дамуы жолында тер төккен ардагерлердің есімдерін атап өткен ауыл басшысы бүгінде бақытын сол еңбектерінен тапқан бір топ әр сала ардагерлері мен қызметкерлеріне, ауылдың белсенді азаматтарына түрлі марапаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Ауыл әкімінің бастамасымен өтіп жатқан осынау шараға теміржолшылар болып үн қосуды дұрыс деп шештік. Өйткені, бұл ауылдың кешегі тарихы мен бүгінгі тынысы теміржол саласымен тікелей байланысты, – дейді одан соң сөз алған Е.Сапаров.

Бұнда көптеген теміржолшылардың маңдай тері тамды, қолтаңбалары қалды. Айта кетейік, кез келген жерге теміржол салуға болады. Ал, оны мынадай құмды өңірге салу қиынның қиыны. Бұл үлкен инженерлік жұмысты керек етеді. Соған тер төккен аға ұрпақ өкілдері мен күні бүгін оны күтіп ұстап отырған азаматтардың еңбегі ерекше.

Осылай деген Е.Сапаров бір топ сала ардагерлеріне ала келген марапаттары мен сый-сияпаттарын тапсырды.

Жылы лебіздерді жалғаған аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев ауыл халқын мерекемен құттықтап, ардагерлер Ж.Ғұбашұлы мен М.Енжеловке  аудандық мәслихаттың Алғыс хатын ұсынды.

Салтанатты жиын ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырған сазды бағдарламасына ұласты.

Шарада өнердің қай  түрі де қамтылыпты. Дәстүрлі әнші, республикалық үлкен сахналарда өнер көрсетіп, ауылының атын шығарып жүрген Э.Қарабалина да ауыл тойына ән шашуын ала келген екен. Әнші қыздың әуезді үні де исатайлықтарды бір сергітіп алды.

Ауылдан қанат қаққан өнерпаздардың бірі М.Мұхтаров Атыраудың айтыскері, ақын Ж.Қарасаеваның «Мынау – біздің ауыл» атты өлеңіне ән жазыпты. Шарадағы тағы бір ерекшелік осы бір ауыл туралы әсем әннің тұсауы кесілгендігі еді. Сөзіне сазы сай туындыны тыңдарманына жеткізе шырқаған ауыл әншісі Е.Ғарифоллаұлына ел қошеметі ерекше болды. Ауған соғысының ардагері, ақын Т.Шәкіровтің тарту еткен төл туындысы да ауылдастарын бір марқайтып тастады.

Ұлттық ойын түрі қой көтеру де көптің көңілін көтерді. Кәсіпкер Т.Алпысбесовтің бәйгеге тіккен қойын көтеруден ауыл тұрғыны Б.Дүйсәлиевтің алдына қара түсе алмады. Ол қойды 45 рет көтерді. Биыл 8-сыныпты тамамдаған Д.Балтабекұлы болса, 35-ке жеткізді. Інісінің талпынысы мен төзімділігіне  сүйсінген жеңімпаз мәрттік танытып,  өзіне бұйырып тұрған қойдың етін інісіне тең бөліп беретінін айтып, елді разы қылды. Осылайша, сәтті ұйымдастырылған шараға аңқылдаған ауыл халқының ақ пейіл көңілі  де шырай беріп жатты.

Серікбол Панабердиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз