Индер байлығы игеріле ме?

IMG 2219 Жаңалықтар

Индерде бұрын-соңды болмаған жоба жүзеге асып жатыр. Кәріз айдау стансалары мен кәріз желілерінің құрылысы келесі жылдың алғашқы жарты жылдығында бітеді. Құны 2 млрд. 059,6 млн. теңгені құрайтын жұмыстың нәтижесінде индерліктерге қалалықтардай жағдай жасалады. Осы және өзге жаңалықтар туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН айтып берді.

IMG_2219

Ресейдің Орынбор облысында тұзды көл, емдік шахта бар. Атырауға келген осы аймақтың вице-губернаторы Наталья Левинсонның айтуынша, оны дамытуға ерекше маңыз берілуде. Соль-Илецк қаласына үш айдың өзінде 1,5 миллион адам турист ретінде келіпті. «Енді курортты жыл бойы пайдалануға жұмыстанудамыз» деді вице-губернатор.

Бір қызығы, оны «он орап» алатын інжу-маржан Атырау облысының солтүстігінде жатыр. Ол – Индердің тұзды көлі мен емдік шахтасы. Тереңге түскен сырқат «астма», «аллергия», басқа да ауру түрінен құлантаза айыға алады. Шахта мен тұзды көлдің кереметі көптен айтылуда. Алайда, әзірге жағдайдың өзгергені шамалы. Сондықтан, «Атырау» газеті тілшісінің Индер ауданы әкіміне қойған алғашқы сауалы осы мәселеге қатысты болды.

– Индер тұзды көлін сауықтыру, демалыс орнына айналдыру қажеттілігі туып тұр. Осы мақсатта қандай жұмыстар жасалуда?

– Индер тұзды көлі – ауданның ғана емес, еліміздің байлығы. Оны ел игіліне айналдыру үшін жүйелі жұмыстар жоспарланып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасымен биылғы тамыз айында бір топ кәсіпкер, осы салада еңбек ететін мекеме басшыларымен бірге Ресейдің Орынбор облысындағы Соль-Илецк қаласына және Батыс Қазақстан облысының аумағындағы Шалқар көліне бардық.

Соль-Илецкідегі тұзды көлдің ел игілігіне айналуына жергілікті жердегі тұз өндіретін кәсіпорын себепші болыпты. «Русьсоль» деп аталатын алып құрылым салаға инвестиция салып, кейін нысанды кәсіпкерлердің басқаруына берген. Ол шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасапты. Бүгінде демалыс айлағына келушілердің қатары жыл санап өсіп келеді. Шалқар көліне қатысты мәселе де осыған ұқсас. Оның қызметі ауқымды көрінбегенімен, халықтың демалысы ұтымды ұйымдастырылып отыр.

Ал, Индер тұзды көлінің өзіндік ерекшелігі бар. Жұртшылық бұрыннан мұнда ем алу, жанына шипа іздеу үшін келеді. Бұлақтың көзін қасиетті жер санайды. Осы жағдайлар ескеріліп, Индер жеріндегі ерекше көлді зерделеу мақсатында қазақстандық және ресейлік ғалымдар бірлескен зерттеу жұмысын жүргізген болатын. Атырау мұнай және газ университеті, Каспий зерттеу институты, «Геоэкология» аймақтық экологиялық мәселелер жөніндегі ғылыми орталық, Пятигорск мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты (РФ) ғылыми мамандарының қатысуымен жүргізілген зерттеу жұмыстары Тұздыкөлдің емдік қасиетін дәлелдеп шықты. Қазір аудандық аурухананың жанынан Индер суымен емделетін екі бөлме ашылды. Балшықты да пайдалануға жағдай жасалып отыр. Болашақта кәсіпкерлердің көмегімен тұзды көлдің жанынан 400 орындық шипажай салу мәселесі қарастырылуда.

IMG_2211

– Индердегі шахта демікпе ауруымен ауыратындар үшін таптырмас орын саналады. Осы нысанды ел игілігіне айналдырудың мүмкіндігі бар ма?

– Бұл шахта кезінде талан-таражға түсіп, иесіз қалған болатын. Ішіне адам түсіп кетіп, қайғылы жағдай орын алған еді. Соған байланысты құтқарушылар тереңге түскенінде ішіндегі судың деңгейі көтеріліп кеткені анықталды. Шахта жұмыс жасап тұрғанында ол әлсін-әлсін сорылып алынатын. Бүгінде аталған нысанды қалпына келтіру үшін көп қаражат қажет. Индер күмбезінің байлығын игеру мақсатында облыс орталығында өткен көрмелерде шетелдік инвесторларға таныстырып жатамыз. Алайда, олардың тарапынан қызығушылық байқалмайды.

– Ауданда құрғақ құрылыс қоспалар өндіретін «БиасТЭК» ЖШС-нің зауыты алғашқыда жұмысын жүргізіп, кейін тоқтап қалды. Оның қазіргі ахуалы қандай?

– Аталған өндіріс орны 2010 жылы пайдалануға берілген еді. Азия несие банкінің қаржылай қолдауымен жұмысын бастаған нысан төрт жыл бойы өнім өндірді. Дегенмен, кейін қаржылық қиыншылықтарға байланысты қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Осы себептен қаржы құрылымы оны бірнеше рет сатылымға шығарғанымен, сатып алушысы табылмады. Қазір зауыт уақытша жалдау, кейін сатып алу құқығымен «Ақтаубитум» ЖШС-нің иелігіне беріліп отыр. Мұнда 14 адам еңбек етуде. Серіктестік басшылары келесі жылдың наурыз айынан 50-ге дейін қосымша адам алып, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауытты толық қуатында жұмыс жасатуға ұмтылуда.

Индер ауданы бойынша биылғы жылдың жергілікті бюджеті 4 млрд. 171,8 млн. теңге болып бекітілген болатын. Жыл ішіндегі нақтылау бюджеттерімен 1 млрд. 991,6 млн. теңге көлемінде ұлғайтылып, жыл аяғында 6 млрд. 163,4 млн. теңгеге жетті.

Бүгінде мемлекеттік бюджет кірісінің көлемі 1 млрд. 223,9 млн. теңгеге, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 14,4 пайызға артық орындалды. Жергілікті бюджет кірісінің көлемі 865,8  млн. теңге. Бұл былтырғыдан 9,7 пайызға жоғары.

Ауданда өнеркәсіп өнімін өндірумен айналысатын 3 орта және 16 шағын кәсіпорын тіркелсе, соның  жұмыс жасап  тұрғаны – 17.

Жыл басынан бері негізгі капиталға жұмсалған инвестиция   көлемі – 2  млрд. 214  млн. теңге.

Ауданның елді мекендерінің дамуына бюджет қаражаты арқылы бөлінген 2 балабақша құрылысының бірі (Бөдене ауылында 100 орындық балабақша) аяқталса, екіншісі (Индербор кентінде 80 орындық балабақша) жыл соңында тапсырылады. Демеушілік арқылы  басталған  екі мәдениет үйінің (Есбол ауылында 300 орындық, Бөдене ауылында  200 орындық) құрылысы аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Азамат Базарбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз