Ерлік пен елдік рухы

DSC 2916 Қоғам

Жайық бойын жайлаған Махамбет ауданының 90 жылдық мерейтойы сайын даланы дүбірге бөлеген ат жарысымен басталды.

????????????????????????????????????

Ақтоғай ауылы маңындағы алаңда өткен 27 шақырымдық  аламан бәйгеде 21 сәйгүлік арасынан Қызылқоға ауданынан келген «Айбоз торы» мәре сызығын алғашқы болып кесті. Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданынан қатысқан «Қасқа тұлпар» екінші орынды еншіледі. Ал Маңғыстау өңірінің жүйрігі үшінші орынға тұрақтады. Барлығының да атбегілері мен шабандоздары қомақты байрақтарды иеленді.

Аудан экономикасын дамытуға, әлеуметтің әлеуетін көтеруге атсалысып жүрген шаруагерлер мен кәсіпкерлердің бір тобы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мереке қарсаңында «Айпара» сұлулық салоны мен күрделі жөндеуден өткізілген «Аққу» сауда үйі ашылды. Сондай-ақ, дипломмен ауылға келген бірнеше жас маман жеңілдікпен баспаналы болды. Алмалы ауылында 100 орындық «Бұлбұл» балабақша-бөбекжайы пайдалануға берілді.

Мерекелік шаралар аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Мерейлім, мақтанышым – Махамбетім!» тақырыбында өткен облыстық ақындар айтысымен жалғасты. Сегіз жұпқа бөлінген 16 ақын батыр баба атындағы өңірдің кешегі мен бүгінгісін, жетістігін тәуелсіз елдің тарихымен байланыстыра жырға қосты. Бас жүлдені махамбеттік Серік Қойшығұлов қанжығасына байлады.

Мерейтойлық шаралар орталық спорт кешеніндегі «Шежіре тұнған құт мекен – Махамбетім!» атты театрландырылған қойылым мен мерекелік сазды бағдарламаға ұласты. Тұрғындарды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов құттықтады. Шарада мемлекет және қоғам қайраткерлері Иманғали Тасмағамбетов, Равиль Шырдабаев, Бақтықожа Ізмұхамбетов секілді киелі топырақтан шыққан тұлғалардың құттықтау-жеделхаттары оқылды.

«Ерлік пен елдіктің өшпес рухы», «Біз – Махамбеттің ұрпағымыз» бөлімдерінен тұратын көріністерде тарихы бай, шежіре тұнған, қойнауы рухани қазынаға толы өңіріміздің өткені мен бүгіні сахна тілінде бейнеленді. Концерттік бағдарламаның шымылдығын «Атамұра» ұлт-аспаптар оркестрі Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашса, дәстүрлі және эстрадалық әндерге кезек берілді.

Дәулетқали АРУЕВ

Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз