Атырау-Құрманғазы пойызы қажет

Talgo 2 "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

«Атырау – Астрахан» аралығына жуық маңда қайыра тас қабат жол төселуі күрмеуі қиын мәселеге айналды. «Ислам Банк» деген сеніп жүргеніміз жүзін теріс бұрды деп жатыр. Жол азабынан қашқан жолаушылар соңғы кезде Құрманғазыға не Атырауға жету үшін баяғыдағыдай күндіз де, түнде де кез келген пойызға жармасып, жалынатынды шығарды.

1514954289_7dfd4f6ca316e5778b822b176715c58f_crop_l_5_t_0_w_1067_h_600_resize_w_520_h_

Жұртты осындай сарсаңға салмай, дүниедегі ең қымбат нәрсе – адам өмірі десек, Атырау мен Құрманғазы ауданы аралығына бір пойыз шығару керек деген көптің тілегін жеткізіп отырмыз. Ол және Құрманғазы ауданының Ганюшкин бекетінен шамамен жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 7-8 аралығында шығып, кешінде барған адамдар шаруасын ынғайлады-ау деген кешкі уақытта Құрманғазыға бағыт алса, құба-құп болар еді.

Ганюшкин бекетінен жүргіншілерді тиеп алып шыққан пойыз, 7-ші, 8-ші бекеттерге тоқтап, аудан орталығының, Мақаш, Еңбекші, Теңіз, Орлы, т.б. ауылдың адамдарын отырғызып алып кетсе, бұл Ганюшкин бекетіне жұрттың сабылып баруын азайта түсер еді. Жол бойы Исатай ауданының жеріндегі ауылдардың тұстарындағы бекеттерге тоқтап өтсе, бұл пойызға мінетіндердің аз болмасы белгілі.

Қазіргі шақта «Атырау – Астрахан» аралығындағы жол мүлде азып кетті. Кейбір жүрек жұтқан таксишілер бағаны бір бағытқа 3 мың теңгеге дейін, одан да жоғары көтеріп, бедірейіп «барсаң сол, бармасаң әрі кет, бізге кісі табылады» дейтінді шығарды. Кейде мереке күндері әр адамға 5 мың теңгеден талап етіп, зейнеткерлер мен студент жастарды орынсыз қинайды. Оларға не Атырауда, не Құрманғазыда «қой дейтін қожа, әй дейтін әже» болмай тұр.

Қысқасы, пойыз шығарса, көп жүргіншілердің сауабын алып, «бүгін анау соғылып қалыпты», «мынау аударылып қирап жатыр, кісі өлімі бар» деген өкінішті де қаралы хабардың сирекситіні кәміл. Мұны билік өкілдерінің, облыстық мәслихат депутаттарының, мұнайлы өңірдегі темір жол саласы басшыларының назарына көпшілік жұрттың өтініші бойынша салып отырмыз.

Жұмақай Ғұмаров,

аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы,

Рифхат Сұлтанияев, Мансұр Қуаншалиев,

аудандық мәслихаттың депутаттары,

Таңатар Дәрелұлы, аудандық

«Серпер» газетінің бас редакторы.

Құрманғазы ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз