Аналар – «Алтынжарда»

altyinzharda Қоғам

Кие тұнған жерлерді қастерлеу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. Осы орайда, таяуда Атырау облысы әкімі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 195 жыл және Құрманғазы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай бір топ ана  Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтынжар селосына  саяхат жасады.

алтынжарда

Алтынжар ауылы аудан орталығы Красный Ярдың оңтүстік-шығысында орналасқан. Осындағы мұражай директоры Әния Макабаева, Құрманғазы атындағы мәдени орталықтың жетекші менеджері Татьяна Еременко күйші бабаға Қазақстаннан келушілерден басқа, соңғы уақыттарда шетелдік туристердің қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.

Мұнда мұражай жәдігерлері таныстырылып, күй атасының өмірдерегіндегі беймәлім тұстар да айтылады. Әсіресе, бабамыздың туған жері Жиделі ауылының келбеті, киіз үйдегі қазақы тұрмыс көріністері сәтті жасақталған.

Мәдени кешеннің директоры Амангелді Әбілғазиев:

«Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталық – Ресей-Қазақстан достығының айшықты белгісі. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Ресейдің Астрахан облысы бірлесе салған бұл кешен қазақ мәдениетінің ошағына және Еділ бойы мен Каспий өңірінің мәдени мұрасын зерттеп, насихаттау орталығына айналды. Бүгінде біз қонақтарға туристік және мәдени бағытта тынбай қызмет көрсетеміз. Саяхаттаушыларға қонақүйіміз әзір. Ресей жерінде өтетін түрлі мәдени шараларға осы орталықтың өнерпаздары қазақтың қара домбырасымен қатысып, түрлі сайыстарда топ жарып келеді. Осы орталықтың базасында өтетін барлық мәдени шаралар дәстүрлі ұлттық құндылықты, өнерді насихаттауға, дамытуға бағытталған», – деп атап өтті.

Ал, ардагер ұстаз Сара Алпысова:

«Құрманғазы бабамыздың рухани дүниесін, елге қалдырған мұрасын жас ұрпаққа насихаттау – өте құптарлық іс. Өйткені, зобалаңға толы заманның жалынына  күй атасы Құрманғазы да шарпылды. Оның асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Құрманғазының құдіретті күйлері жайында «Қазақ халқы барда Құрманғазының есімі мәңгі өшпейді» деген болатын. ХІХ ғасырда дүниеге келген біртуар күйші өз туындыларында замана қасіретін, қоғам шындығын жан жүрегімен толғады», – дей келе, дәулескер күйшінің «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Аман бол, шешем, аман бол» күйлерінің шығу тарихы жөнінде сыр шертті.

 Айнагүл ШАКУПОВА,

Құрманғазы ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз