Ау бос, кооперативтер қауқарсыз

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің белгіленген лимитті неге орындамағаны туралы сауалына «АқсуҚиғаш» кооперативінің өкілі «балық аз» деп қысқа ғана жауап берді. Мұнда межеленген мөлшер 45,1 пайызбен ғана шектелген. Шынында да, айдында баяғыдай толқынмен жарыса тулаған су маржандары қалмағаны ма? Әлде мұның басқа да себептері бар ма?

Халық және балық

Тендердегі теңсіздік кейбір балықшыларды ренжітіп отырғаны рас. Мәселен, жоспарлы межесін 51,4 пайыз ғана орындаған «Стандарт» кооперативінің басшылығы өздеріне берілген телімге риза еместігін жасырмайды. Олардың ойынша, балық жақсы жүретін жерде ғана ауды су маржанына толтыруға болады. Осы орайда кейбіреулерге сүбелі үлес бөлінген тәрізді.

Тендердегі теңсіздіктің көрінісін «Ракуша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы да айтады. Мәселен, өткен жылы лимит кеш бөлінгендіктен, балықшылар айдынға 1 сәуірде шығып, екі апта ғана ау салыпты. Ар жағында тыйым салатын мерзім таяп қалған. Оның үстіне, мол балық түріне шағын мөлшер беріледі де, шортан секілді көзі аз су маржандарын тонналап аулау тапсырылады. «Інжу-Маржан» мекемесінің басшысы Гүлфара Исмағұлова балық саласындағы салықтың солқылдақтығын сөз етеді.

Тендердегі теңсіздік соңы, сайып келгенде, кооперативтер арасындағы көрсеткіштің ала-құла болуына соқтырады. Мәселен, біреуі белгіленген межеге жете алмай жатса, екіншісі артығымен аулайды. Ал, су маржанын шектен тыс торға түсіруге тағы рұқсат жоқ. Міне, осындай оралымсыздық салдары да аумақта балық шаруашылығын одан әрі шарықтатуға кедергі.

Әйтсе де, тұтастай алғанда, кооперативтер балық аулау жоспарын орындай алмай отыр. Балық жоқ па, күш жеткіліксіз бе? Екеуі де бар. Тереңдету жұмыстары жүріп жатқанымен, жоғарыдан Жайыққа құйылып жатқан су маржандары әлі аз. Алайда, құрманғазылық кәсіпкер Әбдібек Бисеновтің айтуынша, кейбіреулер берілген лимитті өздері игере алмай, ар жағындағы ресейліктерді шақыратын көрінеді. Олар жергілікті кооперативтерге мердігер ретінде тіркеліп, Қиғашты кезіп жүр. Науқан кезінде 30-40 шамалы қайық жүзеді екен. Әрине, өнімдерін де ала кететін шығар. «Белге ауыр балтаны қолға ұстама» дегендей, шамасы келмесе, үлкен үлеске ұмтылып несі бар? Аймақ басшысының тендер кезінде әр шаруашылықтың мүмкіндігін саралау қажеттігін айтуы да содан. Оның үстіне, территориялық суымызды еркін шарлап жүрген басқа мемлекеттің жүзу құралдарын тексеру керек емес пе?

Бекіре балығын аулауға бізде тыйым салынған. Немесе торға түскен өлі балықтар суға кері тасталуы тиіс. Міне, осы орайда облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, «Абылайхан», «Аманкелді», «Жамбыл», «Восток», т.б. кооперативтерде заң бұзушылықтар анықталған. Енді жергілікті атқарушы билікке олармен келісім-шартты бұзу жөнінде ұсыныс жолдануы ықтимал.

Алайда, мұндай айыппен балықшылар келіспейді. Мәселен, «Жамбыл» өндірістік кооперативінің өкілі өздері жұмыс жасайтын Исатай ауданындағы Забурын ауылы маңында теңіздің тынышсыз екенін айтады. Мұнда Каспий суы кенет кейін шегініп, соңынан қайта оралатын көрінеді. Сондықтан, балықшылар салған ауларын 4-5 күнде бір-ақ қарайды. Сөздеріне сенсек, сол кезде торға бекіре де түсетін тәрізді. Немесе, «Абылайхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Е.Көшәлиевтің түсіндіруінше, өндірістік технология бойынша өлі балықтан құтылу да оңай емес. Ол қаз-қатар құрылған 20-30 тордың барлығына да түсуі мүмкін. Міне, мұның бәрі заң бұзушылық саналады екен.

Әрине, балық аулаудың мұндай қыр-сырына үңілуден аулақпыз. Бірақ, турасын айтқанда, ауға түскен тірі бекірені кері суға жіберіп жатқандарды естімедік. Одан да өңештен өткізіп жіберуге асығатын шығармыз. Инспекторлар да текке ұрынып отырмаған болар. Ақыры, қолданыстағы заңдылықтарды бұзушылық фактісі орын алғаны ғой.

Оның үстіне Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, балықшылар осы саланы дамытуға бағытталған шараларды да жүзеге асырмайды. Мәселен, «АқсуҚиғаш» мекемесі су маржанын өз есебінен өсіру міндеттемесін мәреге жеткізбеген. Сөйтіп, 11220 бағалы балықтың шабағы табиғи ортаға жіберілмеген. Немесе, «Каспий таңы» кооперативі ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша міндеттемесін орындамаған. Ендеше, о баста оны неге мойнына алады? Жай ғана тендерде үлеске ие болу үшін бе? «Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты да кемшіліктер бар. Балық инспекциясы басшысы бұлардың бәрімен де келісім-шартты бұзуды ұсынады. Мұндай қатаң жаза қолданыла ма, жоқ па – оны уақыт көрсетер. Бірақ, бәрібір балық шаруашылығын жандандыруға бағытталған нақты шара қажет-ақ.

Шабақ өсіру бүгінде кең өріс алды. Әсіресе, балық қоры мүлдем жоқ мемлекеттер кем-кетігін осылай толтыруға ұмтылуда. Нәтижесіз де емес. Мәселен, қытайлықтар бұл бағытта біраз жетістікке жеткен.

Атыраудағы бекіре өсіру зауыты қатарға қосылған 1997 жылдан бері барлығы 100 млн. шамасында шабақты Жайыққа жіберген екен. Қазір екі  миллионнан астамы өсірілуде. Аз емес, әрине. Әйтсе де, солар қашан толыққанды жетіліп, өнім береді? Мамандардың айтуынша, бұған бірнеше жыл кетеді. Оның үстіне, кішкене балықтарды айдын төсінде азулылар күтіп жүреді. Солардың жеміне айналады. Әрі, табиғи өсім ортасы тарылып келеді. Қоректенетін тамағы тағы бар.

Қос зауыттың қазіргі қуаты – жылына жеті миллион шабақ өсіру. Мамандар оны екі есеге көтеру керектігін айтады. Тіпті тұтас республика қажеті үшін 40 млн. данаға жеткізу ұсынылады. Әрине, бұл ретте кәсіпорынды қайта жаңғырту қажет. Үшінші зауыт салу жөнінде әңгіме айтылуда. Тоғандар санын арттырған абзал. Мұның бәріне қыруар қаржы қайда? Қаражат табылған күнде өзін ақтар ма екен? Жыл санап Жайық арнасы кеміп келе жатса, шабақтардың еркін өсер ортасы тарылмай ма? Өндіріс қуаты артқанда, аналық бекірені аулау қиынға соқпас па? Бүгінде, жасыратыны жоқ, қыруар қаржыға жүзеге асырылған жобалардың кейбірінен қайтарым болмай жатыр.

P.S. Бұл жолы өңірде балық шаруашылығын дамытуға қатысты қалыптасып отырған күрмеулі проблемалардың кейбірін ғана қамтыдық. Олар – браконьерлікпен күрес, заңсыз балық саудасына тосқауыл, кооперативтер тарапынан орын алған оралымсыздық. Балыққа байланысты осы былықтардан арылмай, іс ілгері баспайды. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев бұл бағытта қордаланған күрмеулі мәселенің түйінін тарқатуға тырысқанымен, әлі де көп болып атқарылар шаралар аз емес.

Сіз не дейсіз?

Арман  ӨТЕПОВ, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті табиғи ресурстарды қорғау мен балық аулауды реттеу басқармасының басшысы:

– Балық қорғау инпекциясында жүзу құралдарының жетпестігі 30-40 пайызға дейін құрап отыр. Қордағы флоттың 80 пайызы тозған.  

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*