Ауған соғысына қатысқан атыраулықтар бір-бірімен кездесті

Ерлік пен батырлық. Ержүрек  батырлар  ел үшін ештеңеден аянбады. Қасық қаны қалғанша күресті. Жан-жақтан жауған оқтан да қаймықпады. Қайтпас қайсарлықтың символына айналған жауынгерлер ауған жерінде өткізген қиын-қыстау кезеңдерін өкінішпен еске алады. Себебі, өзге ел даласында талай боздақ өмірден озды. Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 28 жыл толды. Осыған орай Жеңіс саябағындағы мемориалдық ескерткішке гүл шоқтары қойылып, қаза болғандар бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Ер қадірін ел білер

1979 жылдың желтоқсан айының 25-і мен 1989 жылғы ақпанның 15-і аралығында ауған жерінде сол кездегі кеңес әскерінің шектеулі контингенті болды. Он жылға жуық уақытқа созылған қан майдан Одақ құрамында болған біздің елімізді де сырт айналып өтпеді. Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиевтың айтуынша, облысымыздан сегіз жүзден астам жауынгер аттанған. Өкінішке орай, сұм соғыстың салдарын олар әлі күнге дейін көріп келеді. Көптеген отбасының шаңырағы шайқалды, аналар жесір, балалар жетім қалды.

Ер қадірін

– Оқ пен оттың ортасынан оралған жауынгерлерімізбен қауышудың өзі –қуаныш. Бұл жігіттердің барлығы да түрлі салаларда еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Жат жерде от кешкен өрендерге бүкілхалықтық қолдау көрсету, ерлігін өскелең ұрпаққа өнеге ету – елдік борыш.  Олардың ерліктерін жастар арасында насихаттау жұмыстары жалғасын таба береді, – деді ол.

Сондай-ақ, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент  басшысы Альберт Жақияев, Ауған соғысының ардагерлері шынайы лебіздерін білдірді.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*