АТЫРАУЛЫҚ ЖАС ДАРЫНДАР – ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА! (+ФОТО)

Жаңалықтар Мәдениет ФОТОГАЛЕРЕЯ

Atr.kz/ 10 сәуір, 2019 жыл. «Жас музыканттар» байқауында Атырау облыстық Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушылары жеңіс тұғырынан көрінді.

Өнер саласындағы дарынды балаларға арналған жалпы білім беретін арнайы мектепте оқитын оқушылар орта білім алумен қатар, 17 мамандық бойынша қабілеттерін дамытады. Атап айтар болсақ, «Домбыра», «Қобыз», «Халық әні», «Баян», «Шертер», «Үрмелі аспаптар», «Фортепиано», «Жеке ән айту», «Вокалды хор», «Хореография»,  «Өндірістік графика және дизайн», «Киім пішіп тігу және модельдеу», «Сурет және майлы бояу», «Қолөнер», «Актер шеберлігі», «Ақын-айтыс», «Журналистика» мамандықтары бойынша оқушылар өз өнерлерін шыңдап жүр.

Білім мен өнердің қос қанатында қалықтаған академияның талантты оқушылары түрлі халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

Күні кеше өнерлі өрендеріміз өздерінің оқ бойы озық екендіктерін республиканың түкпір-түкпірінен жиналған дарындылар бақ сынаған сайыста тағы бір мәрте дәлелдеп келді.

Атырау облыстық Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының дарынды  оқушылары Алматы қаласында өткен республикалық 52-ші “Жас музыканттар” байқауында жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, домбырашылар арасында 9 сынып оқушысы Жұмагелдиев Жантілек – Гран-При жеңіп алса, 5 сынып оқушысы Сайн Сұлтан жүлделі 1 орынды иеленді. Оқытушысы Қазақстан Республикасының Үздік мәдениет қызметкері Камалиденов Талғат және Ерғалиева Сәния.

Баян аспабында ойнаушылар арасында 7 сынып оқушысы Нұрдәулет Амирғалиев те Гран-при иегері атанды. Ерекше атап өткіміз келетіні, Нұрдәулет Амирғалиевтің бұған дейін де бірнеше байқауларда Бас жүлдені қанжығасына байлап жүрген ерекше талантты оқушы. Байқауға әзірлеген оқытушысы Оқу ісінің үздігі Камалиденов Ерболат.

Ал Қобызшылар арасында 7 сынып оқушысы Шакира Сабырханова да жүлделі 1 орынды қанжығасына байлады. «Қазақ елінің Үздік ұстазы» төсбелгісінің иегері Қуанғалиева Алия. Концертмейстер Асель Нурғалиева.

Халықаралық байқауда бақ сынады

Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушылары жуырда Астрахан қаласында өткен балаларға арналған музыка мектептері, өнер мектептері, эксперименттік музыка орталықтарының оқушылары арасында орындаушылық шеберлік бойынша ресейлік конкурсқа қатысып келді. Аталған байқауда өнерпаз оқушыларымыз Алсу Алдария мен Ақжан Асылбекқызы да жеңімпаз атанып, арнайы дипломдармен марапатталды. Оқытушылары Юлия Розова, Бриллиант Оразгалиева.

Халықаралық «Рауан» байқауында Гран-при жеңіп алды

Танымы мен тәрбиесі, таланты мен талаптары үйлесім тапқан Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында актёр шеберлігі мамандығында окитын оқушылар Алматы қаласынан жүлделі келді. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған “Рауан” байқауында үздік өнер көрсеткен 10 сынып оқушылары Көркемсөз бағытында Махамбет жырларынан музыкалық поэтикалық композиция орындап Гран-При иегерлері атанды. Сондай-ақ Уильям Шекспирдің «Ромео и Джульетта» трагедиясынан үзінді қойып, театр номинациясы бойынша да Гран-Примен марапатталды.  Ұстаздары актер мамандығының оқытушысы Асель Әмірқызы.

Академия атын асқақтатып жүр

Сондай-ақ өткен айда ІІ Республикалық «Қазақстан таланттары» атты рухани патриоттық байқауына қатысқан Н.Тілендиев атындағы Атырау облыстық Кіші өнер академиясы   оқушылары халық әнін орындап, Айару Амангелдиева, Мұратова Гүлжайна, Дана Жасұлан Бас жүлдені, Мөлдір Самиғолла, Шырай Аманжол және Жайна Саламатова,  Диляра Мұратова 1 орынды, Жансая Аманжолқызы, Мадина Шаукенова, Мұңсыз Бауыржан 2 орынды иеленді.  Ұстаздары Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті ұстазы Саягүл Кущанова және «Өнегелі ұстаз» төсбелгісінің иегері Ақмарал Дариева.  Ал «Ұлы дала ұрпақтары» атты респулбликалық конкурсына қатысқан қобызшы 7 сынып оқушыларымыз Гүлайна Жексен Гран-При, Айгүл Хамидуллина жүлделі 1 орынды иеленді. Академия атын асқақтатып жүрген осындай талантты оқушыларымызға жеңісті күндеріңіз көп болсын деген тілек айтамыз. Оқушыларды конкурсқа әзірлеген қобыз мамандығының оқытушысы Жазира Әуезова.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *