АТЫРАУЛЫҚ АСПАЗ – АФРИКА АСХАНАСЫНДА

 

Тәбет ашатын дәмді, әрі құнарлы тағамдар әзірлеу – «Compass Group»  компаниялар тобының басты ұстанымы. Осы орайда Қазақстанда, Орталық Азияда, Таяу Шығыс пен Африка елдерінде және Түркиядағы (CAMEAT) қоғамдық тамақтану орындарының қызметтерін жоғарғы деңгейге жетілдіру мақсатында «Compass Group» компаниясы аспаздар байқауын өткізген болатын. Әлемнің он елінің үздік аспаздары қатысқан аталмыш байқау  10 қарашада Оңтүстік Африканың аспаздық астанасы – Франшхук аңғарында өткізілді. Жарысқа  алдын-ала іріктеу сынынан өткен 10 үздік аспаз қатысты. Біздің жерлесіміз де «ESS Kazakhstan» компаниясының аспаздары арасында өткізілген конкурстың іріктеу сынында жеңіске жетіп, осы байрақты бәсекеге жолдама алған еді.

Сонымен, аспаздар байқауының талаптарына сәйкес, қатысушыларға 90 минут ішінде құпия жәшіктегі ингредиенттерден екі үздік тағам әзірлеу міндеті жүктелді. Байқау сарапшылары аспаздар әзірлеген тағамдардың дәмі мен көрнекілігін және көз тартымдылығын («вау» фактор) ескеріп қана қоймай, сонымен қатар, асханадағы тазалықты, санитарлық мәдениетті, кәсіби шеберлікті және белгіленген уақытты сақтауды да қатаң қадағалады.

Сайысқа «Compass Group» компаниясының атқарушы директоры Энди Фурлонг, «САМЕАТ» аймақтық конкурсының атқарушы бас аспазы Дэвид Блэкмор және Оңтүстік Африканың әйгілі бас аспазы Рубен Риффель қазылық етті. Байқау қатысушылары дәмі тіл үйіретін алуан түрлі тағамдар дайындады. Сайыс қорытындысы бойынша, Сауд Арабиясынан келген бас аспаз Томас Буэнвидие үшінші орынды иеленді. Екінші орынды әзербайжандық бас аспаз Хундов Самир Аскар жеңіп алды. Ал, Қазақстаннан келген бас аспаз Гүлбақыт Сұлтанова қолтырауын етін ингредиенттермен безендіріп, шафран тұздығындағы мидия және кальмарлар тағамын дайындап, төрешілерді шеберлігіне тәнті етті. Ол сондай-ақ, тағам дайындау кезінде асханадағы тазалықты және қауіпсіздік техникасының барлық ережелерін сақтай отырып, өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарып шықты. Нәтижесінде, жерлесіміз  әріптестерінің арасынан топ жарып, бірінші тұғырға көтерілді.

Өзінің қуанышты сәтін бізбен бөліскен атыраулық жеңімпаз «Өзімді әлемге әйгілі аспаздардың алдында сынап көрдім. Бұл байқау өзге елдің асханасында аспаздық қабілетімді шыңдауға керемет мүмкіндік берді. Мұндай жарыстарда бақ сынау тәжірибеңді байыта түседі. Осы ретте өзім еңбек ететін «ESS Kazakhstan»  компаниясының басшылығына зор алғысымды білдіремін. Тек мен ғана емес, аспаздардың барлығы да дәмді тағамдар әзірледі. Мен зор қызығушылықпен келесі жылғы сайысты асыға күтемін» дейді.

Әлемге әйгілі бас аспаз Рубен Риффель асхана  шеберлерінің тағам дайындау тәсілдерінен ерекше әсер алғанын айтады. Ол «Compass Group» аспаздарының баршасына шеберліктері  үшін алғысын білдірді.

Бұл конкурс үздік 10 аспаздың бір-бірімен жақынырақ танысып, өзара тәжірибе алмасуына, сондай-ақ өзге ұлттардың ас үй ерекшеліктерін меңгеруге мүмкіндік берді. Әр елдің стиль, техника және дәмдер жиынтығы шынымен де «Compass Group» компаниясының ғаламдық брендін қамтиды. «Compass Group» компаниясының атқарушы директоры Энди Фурлонгтың  айтуынша, әр елдегі өз командаларының кәсіби шеберліктері мен бай тәжірибесін көрсету осы конкурстың басты мақсаты болып табылады.

– Бас аспаз Гүлбақыт Сұлтанованы және барлық қатысушыларды құттықтаймыз! Олардың әрқайсысы өз ісіне адал берілген кәсіби маман ретінде еңбекқорлығымен өздерін көрсете білді, –  дейді ол. Бас аспаз Дэвид Блэкмор да осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған «САМЕАТ» аймақтық конкурсының қатысушыларына өз ризашылығын жеткізді.

Ұйымдастырушылар 2016 жылғы конкурста көптеген инновациялардың болатындығына, дарындардың шығатындығына және дәмді тағамдардың дайындалатындығына уәде береді.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*