АТЫРАУЛЫҚ ЕРЖАН ЕЛ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛДЫ

Жаңалықтар Спорт Қоғам

Atr.kz/15 наурыз, 2019 жыл. «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ержан Сәлімгереев Атырау қалалық мектеп лицейінің оқушыларымен кездесті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері кездесу барысында жетістігінің сырымен бөлісті.

Биылғы «100 жаңа есім» жобасының Атырау облысы бойынша жеңімпазы Ержан Сәлімгереев – суға жүзуден Әлем кубогінің төрт  дүркін иегері, паразиада ойындарының екі мәрте жеңімпазы болып табылады. Ержан бала кезінде тағдыр тәлкегіне ұшырап, тоқ соғып, бір қол, бір аяғынан айырылды. Бірақ, бойындағы сенімінен айырылған жоқ. 29 жастағы спортшы жігіттің ендігі мақсаты – Токио олимпиадасында чемпионы атану.

Өзінің мықтылығымен бүкіл әлемді мойындатқан қазақ жігіті іс-әрекеті кімге болмасын үлгі-өнеге. Оқушылармен кездесу барысында да өзінің қайсарлығын көрсетіп, жас өрендердің жігерін жани түскендей.

– Бәрі де адамның ерік-жігеріне байланысты. Әр адам арман-мақсатына жету үшін әрекет ете білуі керек. Әрине, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атану мен үшін үлкен мәртебе. Бірақ, бұл жетістікке оңайлықпен қол жеткізген жоқпын. Еңбекқорлық пен табандылығымның нәтижесі деп білемін. Елбасымен кездесуден үлкен әсер алып қайттым.

Мен жылдан-жылға тұрғындар саны көбейіп келе жатқан Еркінқала ауылдық округінен жастарға арналған спорттық кешен салсам деймін. Бұл жоспарымды Мемлекет басшысының алдына барғанда да айтқан болатынмын. Дені сау ұрпақ, елдің ертеңі саналатындықтан, жасөспірімдер спортпен шұғылдануы керек. Себебі, спорт – денсаулық кепілі,- дейді Ержан.

Естеріңізге сала кетсек, ақпан айында аталмыш жоба аясында  29 отандасымыздың есімі елге әйгіленген болатын.  

  • Жеміс ЖАНҒАЛИЕВА,

№7 қалалық кітапхана меңгерушісі:

– Өскелең ұрпақ, алдындағы озық-ойлы ағаларынан үлгі алуы керек. Шараның мақсаты да осы. Жастар жылында кітапханамыз қолға алған шара мұнымен шектелмейді. Жақын күндері, ақын жанды жастарымызға арналған басқосу өткізетін боламыз.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *