Атыраудың кішкентай тұрғыны жұртты таң қалдырды!

Жаңалықтар Мәдениет

Аtr.kz/14 мамыр, 2019 жыл. Махамбет ауданы Ақтоғай ауылының кішкентай тұрғыны, «Жас дәурен» бөбекжай бақшасының тәрбиеленушісі бес жасар Едіге Әділханұлы бүгінде ерекше дарындылығымен танылып келеді.

Көркем сөз оқу шеберлігімен көпшілікті сүйсіндірген жас талант  бұған дейін «Айгөлек» мектеп жасына дейінгі балалар шығармашылығы фестивалінің алғашқы кезеңінде «Мәнерлеп оқу» жанры номинациясында топ жарып, жеңіске жетті. Ақын Өтеген Нұрмағамбетовтың «Тірегім сен – туған жер!» өлеңін нақышына келтіре, мәнерлеп оқығанда қазылар алқасы оны жеңіс тұғырына лайық деп таныды.

Аталмыш  фестивалдің аудандық кезеңіне жолдама алған Едігенің шеберлігі бұл бәйгеде де сыналды. Балабақша әдіскері Жанаргүл Жұмиева мен тәрбиеші ұстазы Гүлвира Сыйлыханова, ауылдық Мәдениет үйінің музыка өнерінің жетекшісі Роза Сүгірованың тынымсыз еңбегінің жемісі өнерпаз бүлдіршінді  бұл жолы да жетістікке жетеледі.                                                       

Көркем сөз оқу бәйгесінің бұл кезеңінде де намысты қолдан бермеген ол орындаушылық шеберлігімен ерекшеленіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Мәдениет үйінде өткен сайыста қатарластарынан оза шауып шыққан жас дарын облыстық жарысқа жолдама алды. «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс орталығында ұйымдастырылатын жарыста да Едіге өз өнерін жоғары дәрежеде көрсете аларына сенім мол. Өйткені, жас дарын бұған дейін өзінің ерекше қабілетімен көпшілікті сүйсіндіріп келеді.

Ол қазірден-ақ сөз өнерін терең түсініп, әрбір өлеңді жүрекпен оқиды. Ақылды, байсалды, отансүйгіш рухы мол Едігенің бұл қырын одан әрі дамыта түссе, болашақта оның үлкен өнер иесі болары анық» дейді бөбекжай бақшасының меңгерушісі Қарлығаш Мырзағалиева.

Алтыншаш КҰРМАШЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *