Атырауда каратэден өтіп жатқан спартакиада мәреге жетті (+ФОТО)

Жаңалықтар Спорт

Аtr.kz/15 мамыр, 2019 жыл. Мұнайлы астанамыздағы «Атырау» спорт кешенінде каратэден Қазақстан Республикасының V жазғы Спартакиадасы өтіп, оған еліміздің 12 аймағынан 150-ден астам  спортшы қатысып,  олар екі күн бойы татами төрінде өзара үздікті анықтасты. Жарыс қорытындысында атыраулық спортшылар 1 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте бесінші орыннан көрінді.

 Атап айтар болсақ, осы спорттың кумите  түрінен жекелей сында жерлесіміз  Әсел Серікова барлық кездесуінде де қарсыласынан бір бас жоғары болып, аталмыш жарыстың алтын медалін иемденсе, жекелей ката сайысында бағын сынаған облыстық жастар құрамасының  аға жаттықтырушысы Болат Ізбасқанов күміс медаль еншіледі. Ал, жақында ғана жастар арасында Азия чемпионы атанған Жаңбыр Бейбарыс  және Ақбота Сейітова қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, әйелдер құрамасы кумите түрінде және командалық жарыста,  ал, ерлер тобы командалықта жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінді.

Сондай-ақ, осы сайыс аясында спорт жанашырлары былтыр Аргентина елінде өткен жасөспірімдер  Олимпиадасында  қола жүлдеге ие болған Әбілмансұр Батырғали мен оның жаттықтырушысы Сансызбай Торғаевқа темір тұлпардың кілтін табыс етті.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *