АТЫРАУДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫС ӨТТІ

Жаңалықтар Мәдениет Руханият


Atr.kz/15 наурыз, 2019 жыл. «Жастар» шығармашылық орталығында көрісу арнап халықаралық айтыс өтті.

Атырау об­лысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының ұйымдастыруымен өткен айтысқа Қазақстан аймақтары мен Қытай, Моңғолиядан келген ақындар қатысты.

«Ұлы даланың ұлағаты»»

Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұланғайыр сахараның азу­ын айға білеген тарландары екі күн бойы Жайықтың жағасын, Каспийдің сағасын жырға бөледі. Бірінші айналымда жиыр­ма ақынның он екісі сараланып, екінші айналымға шықты.

Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов қазылар алқасына төрағалық етті. Арнасына сыймаған теңіздей асау толқындарын жыр етіп төккен ақындарға қазылар алқасының мүшелері – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Пре­зидент сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Досмұқасан» ансамблінің негізін салушы Мұрат Құсайынов, Ресей Федерациясы Омбы қазақтарының бірлестігінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жүнісова, Батыс Қазақстан облысындағы Қадыр Мырзалиев атындағы шығармашылық орталықтың директоры, ақын Бауыржан Халиолла әділ бағаларын берді.

Екінші айналымның бірінші жұбы – Серікбол Панабердиев пен Моңғолиядан келген ақын Ерлан Дәулетұлы.

«Каспийдің бұйра-бұйра толқынындай,

Ақындар елім жайлы айтты дастан.

Ассалаумағалейкүм, Атырауым!

Тарихын жасап жатқан тастан қашап,

Аналар жасап жаққан тастан ошақ.

Көрісу тойын бүгін жасаудасың,

Өлмеу үшін өнермен мәңгі жасап»,- деген Ерлан Дәулетұлы шетте жүрген ағайынның, қаракөз қандастарымыздың қарлығаш сәлемін жеткізгендей болды.

«…Кеше де зор қызыққа кенелдіңдер,

Бүгін де бөленіңдер бір думанға.

…Абайсызда тап қылмай қаһарыңа,

Тілінен пайда тапқан құлыңнан қыл.

…Нардай боп мына отырған Ерлан ақын,

Айтыстың ақ түйесі деп қарайын.

Көрісуге арналған бұл айтыста,

Ақ түйенің қарынын ақтарайын», – деп өлеңдегі өз биігінен тіл қатқан Серікболға елдің ықыласы да ерекше болды.

Екінші жұп – Мейірбек Сұлтанхан мен Жәнібек Садыров. Сахнаға шыққаннан домбырасына жармасқан Мейірбек Сұлтанханның «…Бойында Бейбарыстың қаны тулап,

Беріштің жігіттері шыдатпайды-ау…

Бүгін балық қырылса, қам жасайық,

Ертең халық қырылса кеш болады»,- де­ген тіркестері елдің көңілінен шыққаны рас.

«Аспанда бұйра бұлттан биік ұшқан,

Хиуаздай батыр қыздың туған жері» ,- дей отырып, Мейірхан Атырау әуежайына Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін беру керектігі жайлы айтылып жүрген мәселені тағы да бір қозғады.

Атырау жұртына әйгілі айтыс ақыны Шалқарбай Ізбасаров пен батысқазақстандық Талғат Мықи шыққанда ел-жұрттың қолпаштауынан құлақ тұнғандай болды. Қос құрдастың шаппа- шап айтысы көрермендердің көңілінде әсем бір нақышын қалдырғандай болды.

Қытайдан келген қаракөз Гүлжан Ықылас пен Қалижан Білдәштің айтысы да аға мен қарындастың әдебін еске саларлықтай, өнегелі болғаны шын.

«Қытайдағы қазақтар еске түссе,

Көз жасымды шынымен, көл қыла алам.

Қытайдан қызым келсе, қорықпаймын,

Күйеу бала келмесе болды маған» деп жырлады Қалижан.

«…Жайық пенен Каспийді жағаласам.

Қайтар ем төрт құбылам түгелденіп,

Батыстың төрт өңірін араласам» осылай тілек айтқан қытайдан келген қарындасы Гүлжанға:

«…Әуелі Сарайшыққа апарайын,

Жеті хан сәуле берсін санасына.

Одан кейін апарам Отпан тауға,

От берген бүкіл алаш баласына.

…Оралдың апарайын даласына.

Содан соң Ақтөбені аралатам,

Әлия туған Қобданың жағасына» деп қарындастың тілегін қабыл алатынын жыр жолымен білдірді.

Рүстем Қайыртай мен Дидар Қамиевтің, Жансая Мусина мен Өнербек Дәулекеновтердің айтысы да жұртшылықтың делебесін қоздырды.

Екі күнге созылған аламан айтыстың бас жүлдесін Дидар Қамиев еншіледі. Бірінші орын батысқазақстандық Талғат Мықидың қанжығасына байланды. Екінші орынды батысқазақстандық Жан­сая Мусина мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров бөлісті. Үшінші орынға Мейірбек Сұлтанхан, Қалижан Білдәш, Моңғолиядан келген Ерлан Дәулетұлы ие болды.

Арнайы сыйлық Рүстем Қайыртайға, Өнербек Дәулекеновке, Жәнібек Садыровқа және Серікбол Панабердиевке берілді. Асанәлі Әшімов атындағы арнайы жүлде Қытайдан келген Гүлжан Ықыласқа табысталды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *