Атырауда белгілі журналистің есімі ұлығыланып, оның атындағы байқау қорытындыланды (+ФОТО)

Жаңалықтар Тұлға ФОТОГАЛЕРЕЯ

Atr.kz/ 12 сәуір, 2019 жыл. Бүгін ардагер журналист, ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Теңдік Жауыровтың туғанына 85 жыл толуына және оның атындағы шығармашылық конкурстың қорытындысына арналған салтанатты жиын өтті.

“Атырау – Ақпарат” медиа-холдингінің баспасөз-клубында өткен жиында облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов Теңдік Жауырұлының өмірі мен шығармашылық жолы туралы баяндама жасады.

Осыдан кейін Теңдік Жауыровтың отбасы, облыстық ішкі саясат басқармасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен «Атырау-Ақпарат» серіктестігі бірлесе отырып ұйымдастырған журналистер арасындағы байқау қорытындыланды. Қазылар алқасының төрағасы Төлеген Берішбаев жеңімпаздарды марапаттап, жүлде табыстады.

Нәтижесінде, ардагер журналист Меңдібай Сүмесінов бірінші, облыстық “Атырау” газетінің шолушысы Мәлике Қуанышева екінші және облыстық “Атырау” газетінің бөлім меңгерушісі Айбөпе Сабырова мен “Қазақстан – Атырау” телеарнасының журналисі Жұлдыз Қайратқызы үшінші орындарды иеленді. Ал, Теңдік Жауырұлының інісі, Атырау облысының Құрметті азаматы Орақ Жауыров журналист, облыстық “Атырау” газетінің әдеби редакторы Баян Жанұзақоваға арнайы сыйлық табыс етті.

Кеште Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыкалық академиясының шәкірттері мен Атырау қалалық мәдениет бөлімінің өнерпаздары ән әуелетіп, күй күмбірлетті. Содан соң аталған университеттің журналистика кафедрасының меңгерушісі Мәншүк Мұқашева, ҚР Журналистер Одағының Атырау облысы бойынша филиалының төрайымы Алма Қалаусариева сөз алды.

Соңында Теңдік Жауырұлының жары, байқауға бастамашы болған Рахима Әбішқызы ортаға шығып, алғысын білдірді. Ал, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Ринат Құлмағамбетов ардагер ұстазға естелік сый тарту етті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *