Атырау журналистикасының абызы 90 жастың төріндегі Шөпенғали ДӘУЕНОВ осы құрметке лайық

 Жалпы, биылғы жыл облыстық қоғамдық-саяси «Аты- рау» газеті үшін ерен ерекшелігімен, жарқын жеңістерімен, толайым табыстарымен есте қалатындай. Алдымен, басылымның 20 000-шы саны жарық көрді. Осы айтулы оқиға аясында жарты ғасырдан астам газетімізде еңбек еткен, өзіндік өрнегін салған, «бір өзі – бір мектеп» атанған Шөпенғали Дәуенұлы 90 жасқа толды. Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ол «Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі» атағына ие болды.

  Біз қарымды қаламгерді марапатымен құттықтап, абыз ақсақалмен жиырма жылға жуық бірге жұмыс жасаған Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген ЖАҢАБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Төке, сіз Шөпекеңмен біраз жыл бірге қызмет атқардыңыз. Осы уақытта нендей қасиетін, қандай қабілетін байқадыңыз?

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашұлы «Жол үстінде – журналист» деген кітабында «Қалам ұстағанның бәрі ел жадында қала берердей жақсы журналист бола бермейтіні – аталмыш мамандықтың қиындығынан» деген-ді. Одан әрі жақсы журналистке жан-жақты терең білім, ерен еңбекқорлық, өмірлік бай тәжірибе, ең бастысы, дарындылық қажеттігін айтады. Осының бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана журналист қаламынан жұрт сүйсініп оқитын материал туады. Алдыңдағы ақ қағаз бен қолыңдағы қаламға адалдық керек. Арға дақ түспеуі тиіс. Міне, осындай сан қырлы жақсы қасиеттерге ие болған, қаламының қарымдылығымен көпке танылған журналист, белгілі публицист Шөпенғали Дәуенұлы – осындай жан. Ол өзінің газет жұмысымен айналыса бастағаннан бергі жарты ғасырдан астам уақыттың ішінде барлық жанрда бірдей жазды. Солардың ішінде очерк, эссе, суреттеме, репортаж, т.б. жанрлар да бар. Енді осы Шөпенғали Дәуенұлы кім еді? Ол өңір журналистикасында қандай орын алды? Сөз жоқ, аймаққа белгілі адамдардың аты жерлестері жадында мәңгі қалуына айтарлықтай еңбек сіңірді. Мәселен, қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі Қажығали Мәмекұлы, балық өндірісінің айтулы маманы Ғали Қожақаев, кеңес қызметінің үлкен ұйымдастырушысы Батырбай Бозтаев, оқу-ағарту саласында ерекше ізі қалған Шоқан Қаржауов, ел басқарудың ерен үлгісін көрсеткен Уәли Жайықов, ақын Құмар Жүсіпов, дәулескер күйші Имұқан Қылтанұлы, белгілі баспасөз қызметкерлері Сапағали Шәкімов, Тәжібай Текеев, Құмарғали Ғабдешев, адмирал Лев Владимирский және тағы басқалар туралы жазғандары – тарих төрінен орын алар тамаша туындылар. Журналистің дер кезінде қалам тербеуі нәтижесінде солардың бәрінің есімдері кезінде лайықты еленді. Шөпекеңнің облыстық газеттегі алғашқы мақаласы «Оқу жұмысы тиянақты болсын» деп аталды. Ол 1942 жылдың қазан айында жарияланды. Шағын ғана дүние болғанымен, дабыл қағарлық сын материалда өзі көрген жай баяндалады. Бұл нені білдіреді? Журналист қарым-қабілетін біреудің сойылын соғу үшін емес, халыққа қызмет ету үшін пайдалануы керек. Орын алған олқылықты, кездескен кемшілікті неге жазбасқа? Сын шын болса, оған ешкім де ренжімеуі тиіс. Міне, осы қасиеттерді өз бойына сіңірген Шөпенғали Дәуенұлы оны өзгелердің де бойына дарытты.

– Сіз мені келесі сауалға жетеледіңіз. Бүгінгі орта буын «Шөпекеңнің шәкіртімін» деп таласатын көрінеді.

– Оның өте жөні бар. Әділін айту керек, Шөпенғали Дәуенұлы – Атырау журналистикасының бағы үшін жаратылған тұлға. Ол – тілшілердің талай буынын тәрбиелеп шығарған ақылгөй аға, абыз ата. Қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік із қалдырған Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Төлеубай Ысқақов, Нұриден Мұфтах, Әміреш Жұмағалиев, Тілек Дәулетов, Құмарғали Ғабдешев, Құмар Кенжеғалиев, Қазихан Қабдел, Айтқали Нұрғалиев, Өтепберген Әлімгереев, Самат Ибраим, Исатай Балмағамбетов сынды ондаған кейінгі буын өкілдері – Шөпекеңнің шәкірттері. Мақтанып айтайын, өзім де осы аяулы ақсақалды өзіме ұстаз тұтамын. Жалғыз «Атырау» газетінің редакциясында ғана емес, бүкіл облыстың бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен оқырмандары арасында Шөпекең туралы «Бір өзі – бір мектеп» деген тамаша ұғым қалыптасқалы қашан! Баспасөзде солай жазылып та жүр. Неге олай дейміз? Себебі, ол – тура мағына- сында, шынайы тәлімгер. Әуелі қалай жазудың үлгісін өзі көрсетеді. Қаламы қолынан түскен жоқ. Ол кезде қазіргідей компьютер болмады, журналистер материалын түн ұйқысын бөліп, үйінен жазып әкелетін. Ал, Шөпекең материалынан басы артық, орнын таппай тұрған сөз табу мүмкін болмайтын. Бәрі өзара жымдасып жатады. Мазмұны мен ой-өрімі, композициясы мен сюжеті бір-бірінен ажырамай, балталамаса бұзылмас берік. Өзіне осындай жоғары талап қойды. Жастарға материалды қалай жазуды сөзімен ғана емес, жеке ісімен де көрсетті. Жалпы, мінезі қаншалықты жұмсақ болғанымен, жұмыстағы талапшылдығы қатты. Бас редактордың бірінші орынбасары лауазымын атқарған кезінде талайымыздың жазғанымыз оның сүзгісінен өткен. Олпы-солпы тұстарды бірден аңғаратын да, бәрін орнына қойып түзететін. Кейбір мақалаларды кері қайтарып беріп, қалай жөндеу керетігін тәптіштеп түсіндіретін. Өз ісіне шын берілген, еш жалықпайтын, шыбын жанын аяуға жоқ, қылаусыз адал кісі. Газет беделін, ұжым абыройын бәрінен биік қойды. Жастардың бойына да осы қасиеттерді сіңіруге тырысты. Шөпекеңнің алдын көргендердің соңының өзі қазір аға буын деуге тұрарлық. Міне, солар ұстазынан ұққандарын бүгінгі жастарға бере білсе, абыз ақсақалдың ісі жалғасып келеді деуге болады.

– Ол Манаш жағында туған ғой…

– «Адам туған өңіріне тартады, онымен тағдырлас, мінездес болады» деген ұғым рас. Шөпенғали Дәуенұлының кіндік қаны тамған жері, бозбалалық шағы өткен мекен – Манаш ауылы. Қазіргі Исатай ауданына қарасты ежелгі қоныс. Атырау-Астрахан тас жолының орта кіндігі. Бұрын Каспий теңізі иектеп жатқан, суы мол, нуы жетерлік, ойлы-қырлы, табиғаты тамылжыған атажұрт. Жаны нәзік, ойы сергек, сыршыл да бауырмал Шөпекең туған өңіріне деген мөлдір махаббатын жүрегінің төрінде таза күйінде ұстап келеді. Оның «Туған жердің түтіні де ыстық. Бүгінде бұрынғы Манаш ауылының орны құлазыған дала болса да, оның бір кездегі бет-бейнесі, көрік-келбеті, абзал адамдарының есімдері сонда туып, өскен біздердің жүрегімізде, ой-санамызда. Ол ешуақытта өшпейді» деп тебіренгені есімде. Бір ғажабы, Шөпекең әркез орайын тауып жазғандарында Манашқа оралып отыруды ұмытпайды. Манаш топырағында өнерлі Өтепберген Хамзин, домбырашылар, әкелі-балалы Нариман, Айгүл Үлкенбаевтар, Ғатау Ибішев, әншілер Нұржан Имашев пен Ұлмекен Қарағұлова секілді дарын иелері туған. Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, республикамызға әйгілі фельетоншы Нұриден Мұфтах, профессорлар Қияседен Рахметов, Ғафуролла Дайыров, Абдолла Шұқанов, Рахметолла Нәсіров, Салахиден Сәбікеновтер де – Манаштың өрендері. Міне, Шөпекеңнің өзі де – манаштықтардың мақтанышы!

– Сол абыз ағамыз биыл 90 жастың төріне шықты…

– Құжатқа аса мән бермейтін сонау кездің қателігі болғанымен, абыз ақсақалдың осы белесті бағындырғаны анық. «Халықтың құшағы кең» деген емес пе, Шөпекең журналистикадағы қалтқысыз қызметі мен шығармашылық еңбегінің арқасында көптің құрметіне бөленуден кенде емес. Кезінде бірнеше дүркін аудандық және қалалық кеңестердің депутаты болды. Кейінгі жылдары облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінде қызмет істеді. Қазақстанның Құрметті журналисі атанды. Туған жері «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.

  Әйтсе де, аймақ журналистикасы атасының әлі күнге «Атырау облысының Құрметті азаматы» аталмай жүргендігі жанға батады. Шерхан Мұртаза айтқанындай, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистер еңбегінің де еленгенін қалаймыз. Ал, белі бекімей жатып соғыс кезінде тылда еңбек еткен, саналы ғұмырын халқына қызмет істеуге арнаған, бүгінде толғаулы 90 жасты жетегіне ілестірген Шөпенғали Дәуенұлы – мұндай марапатқа лайық адам.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*