АТЫРАУ ЖАПОНДЫҚТАРДЫ ДА ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Аймақ басшысының міндетін атқарып отырған Шыңғыс Жұмабекұлы кездесу барысында тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстанның дамыған елдермен, соның ішінде, Жапония мемлекетімен іскерлік экономикалық байланыс орнығып келетінін айтты.

– Соңғы жиырма жыл ішінде елімізде жапондық инвестиция көлемі бес миллиард долларды құрап, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы екі миллиард долларға жетті. Ал, биылғы жылы Атырау облысы мен Жапония мемлекеті арасындағы тауар айналымы 300 миллион доллар шамасын құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төрт есе артық. Қазіргі таңда аймақта жапондықтардың бірігуімен төрт компания жұмыс жасайды, – деді Шыңғыс Мұқан.

Жапон делегациясы атынан сөз алған Ресей және Жаңа тәуелсіз мемлекеттер экономикасының ғылыми-зерттеу институтының (РОТОБО) ғылыми қызметкері Мидзуки Тюман Жапонияның Экономика министрлігі Қазақстан үшін халықаралық бәсекелестікке қабілетті танымдық технология дайындағанын айтып, сапардың мақсаты – қазіргі заманғы озық жабдықтардың үлгілерін таныстыру, ұсыну екендігін жеткізді.

– Ағымдағы жылы су технологияларына басымдық беріліп отыр. Бұл салада Жапония алдыңғы қатарда келеді. Қазақстанның бірқатар аймақтарында жапондық су технологияларына қажеттілік байқалады. Осы орайда, тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыс орнатуға болады. Қазақстанға сапар барысында біз Ақтау және Павлодар қалаларында болдық. Сонымен қатар, Астана мен Ақтөбе қалаларына бару жоспарда бар, – дейді жапондық өкіл.

Айта кетсек, ағымдағы жылы ақпан айында да жапондық делегация мұнайлы астанада болып, бірқатар нысандарды аралаған болатын.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттердіі түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*