АТЫРАУЛЫҚТАР ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМДІ САҒЫНЫПТЫ

 

АТЫРАУДЫҢ
АЛМАСЫНЫҢ
ДӘМІ БӨЛЕК

Бұдан жеті жылдай бұрын алғашқы ағаштары отырғызыл- ған «Атырауагроөнімдері» шаруашылығының алма бағы бүгінде едәуір өсіп қалыпты. Мекеме жетекшісі Владимир Розметовтің айтуынша, әзірге 150 гектардың жүзінен өнім беріп тұр екен. Соның өзінде өткен жылы 400 тонна алма жиналған. Ал, биылғы меже – 500-600 тонна.
Кейін журналистермен қысқа сұхбатында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Атыраудағы алма бағының тамшылата суару тәсілімен ен далада пайда болған республикадағы ең үлкен алқап екендігін айтып қалды. Бұған да қуандық.
Енді сәл шегініс жасап, осы алма бағын қолға алу тарихына тоқталайықшы. Кезінде атыраулық дихандар 350 га жерге алма егіпті. Бүгінде сол деңгей әзірге алына қоймағанымен, 250-280 гектарға отырғызылып жатыр. Соның 150 гектары «Атырауагроөнімдері» шаруашылығына қарасты.
Жер қадірін жете білетін оңтүстіктің өрені Владимир Розметов 2006 жылы бастапқы тәжірибе ретінде алты гектар жерге алма ағаштарын егіп, академик Асановпен бірлесіп істі бастаған. (Академик Қасым Әбуұлы Асанов қазіргі Құрманғазы ауданының Өтер аулында 1931 жылғы қаңтарда туған. Мамандығы агроном, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. Социалистік Еңбек Ері. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы, «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Оңтүстік Қазақстан өңірінде егіншілікті дамытуға үлес қосқан. Азықтық дақылдарды республиканың далалық аймағында өсіру тәсілдерін тауып, оны өндіріске кеңінен енгізген)
Сол алғашқы нәтиже шаруашылықты одан әрі өрістетуге жағдай туғызып, бүгінде тым-тәуір көркеткіштерге қол жеткізіліп отыр.
– Жергілікті өнімдерге сұраныс өте көп, – дейді Владимир Розметов, – қаладағы мейрамханалар мен дүкендер, өзге де сауда орындары жинап қойған жерімізден түк қалдырмай тиеп кетеді. Жәрмеңкелерге қатысқанда байқаймыз, жанымызда тұрған сырттан келген өнімдерден гөрі, халық жергілікті біздің алмамызға ұмтылады. Байқап көрсеңіздер, дәмі де өзгеше. Байырғы тұрғындар «жастық шағымыздың алмасы» деп тамсанады.
Бұл айтылғандарға қосарымыз – көршілес Ресейдің Волгоград облысынан жеткізілген 40 мың көшеттің 90 пайызы осы жерді жерсініп кететін ағаштар. Олар бұрын да осында егілген. Демек, келешекте мол өнім алуға сенім бар. Оның үстіне, шаруашылық жетекшісінің айтуынша, алдағы он жылдың шамасында әр жүз гектардан үш мың тоннаға дейін алма жинауға болады.
Тағы бір қызығы – өткенде осында сонау Голландиядан келген мамандар болыпты. Топырағын тексеріп, сараптамадан өткізген. Зерттеу қорытындысы шыққан соң таңданыстарын жасыра алмаған. Сөйтсек, олардың пайымдауынша, мұндай суы аз, қуаңшылығы басым өңірде ешқандай өсімдік өспеуі тиіс екен. Ал, бізде алма ағаштары бүр жарып, өнім де беріп тұр. Тамаша емес пе?

БІР КЕҢШАРДАН –
ТОҒЫЗ ЕҢБЕК ЕРІ

Қиырдағы Құрманғазы ауданының «Сүйіндік» асыл тұқымды қой шаруашылығы да бүгінде Владимир Розметов жетекшілік ететін «Теңізқұрылыссервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында. Кеңестік кезде осы шаруашылықтың тоғыз мүшесі Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Бұдан басқа 2005 жылы Қызылқоға ауданындағы «Жасқайрат» шаруашылығы да осы серіктестікке алынды. Қазір осы қос құрылымда 20 мың қой, 200 түйе мен сол шамада жылқы бар екен.
«Жасқайратта» мақсары майын өндіру жолға қойылмақ. Рас, ілгергі жылдары ол 1000 гектарға егілгенімен, күткендегідей нәтиже болмаған. Мақсары суды көп керек ететін өсімдік болғандықтан, қуаңшылық жылдары өнім алынбаған. Енді оны Құрманғазы ауданына ауыстыру жоспарлануда. Осындағы Сүйіндік елді мекені тұсында кәсіпорынның бұрын қара бидай еккен он мың гектар жері бар екен. Соны кәдеге асырмақшы.
Дихандар өздеріне мемлекет тарапынан көп қолдау жасалып отырғандығын айтады. Тиісті субсидия дер кезінде берілуде. Жалпы, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиевтің айтуынша, биыл республикалық бюджеттен өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бір миллиард теңге бөлініпті. Демек, өткен жылмен салыстырғанда отыз пайызға артық. Осы қаражат әзірге мол жетеді. Оның үстіне, «Даму» қоры тарапынан да көмек бар. Мәселен, мақсары майына қатысты қажетті құралдарды осы қаржылық құрылыммен бірлесіп алған.

ЕШКІ СҮТІ
АНА СҮТІН
АЛМАСТЫРАДЫ

«Атырауагроөнімдері» шаруашылығында биыл тағы бір тың іс қолға алынды. Ол – ешкі өсіруді өрістету. Атырауда бұл мал әркімнің жеке иелігінде бар. Бірақ, соны сауып, сүтінен өнім алып отырғандар бірлі-жарым ғана шығар. Енді бұл іс орталықтандырылып жүзеге асырылмақ.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов келешек ешкі сүтін өңдейтін кешенді құрылыстың алғашқы іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Бұл да – республикада тұңғыш рет қолға алынып отырылған іс. Жоба бастамашылары – «Розметов» шаруа қожалығы мен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Соңғысы оған 49 пайыздық үлеспен қатысып отыр. Яғни, кейін кәсіпкер осы үлесті сатып алуына құқылы. Құны 430 млн. теңгелік жобаның 130 млн. теңгесін бизнес иесі өзі төлесе, қалғаны корпорация арқылы өтелмек. Осы жерде кездескен оның директоры Абат Тасимовтың айтуынша, бұл – елімізде жүріп жатқан мемлекеттік-жекеменшіктік құрылымдар құруға бағытталған бизнес саясатының жемісі.
Әзірге Венгрия мен Сербиядан 300 шамалы ешкі жеткізілмек. Жалпы көлемі 24 гектарлық кешенді цех құрылысы биылғы 30 желтоқсанда аяқталмақ. Оны да кәсіпкердің өз құрылысшылары тұрғызады.
Біз осы жерде ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтен шағын сұхбат алғанбыз.
– Облыстағы ауыл шаруашылығы саласын дамытумен танысып, – деді ол, – үлкен әсер алдым. Өңірде ол соңғы жылдары үлкен қарқын алған. Тамшылата суару тәсілі кең қолданысқа еніпті. Осындай технологияны қолданатын бау-бақша дақылдары, жеміс-жидек пен көкөніс егістіктерін көрдік. Қазақстан бойынша алма ағаштары егілген ең үлкен алқаптың да осында екендігі қуантады. Өйткені, Атырауда ауа райының ауыр, ылғал аз екендігі мәлім. Соған қарамастан, дихандарымыз қажымай қызмет атқарып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Жалпы, ауыл шаруашылығын дамытудың тек экономикалық емес, әлеуметтік те маңызы зор. Себебі, бұл бағыттағы жарқын жобалар қосымша жұмыс орындарының ашылуына, сөйтіп, оған жергілікті тұрғындардың тартылуына мүмкіндік береді. Әрі, экономиканы диверсификациялаумен қатар, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі де қамтамасыз етіледі. Сондықтан, мұнда негізгі бағыт ретінде мұнай-газ өндіруді ғана дамытып қоймай, ауыл шаруашылығын өрістетуді де қолға алып отырмыз. Оған ел Үкіметі мен министрлік тарапынан тиісті шаралар алынады.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те өңірде ауыл шаруашылығын жандандыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға жақсы баға берді.
– Ауыл шаруашылығын дамыту, – деді аймақ басшысы, – бүгінде күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі. Өйткені, елдің экономикасының дамуымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін де қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл – Елбасының бізге беріп отырған нақты тапсырмасы. Сондықтан, жеріміздің аса құнарлы еместігін, климаттық жағдайымыздың қиындығын ескеріп, өзімізде өнім алатын бар мүмкіндікті пайдаланып жатырмыз. Мәселен, өткен жылы картоп 57 гектарға егілсе, биыл оны 940-қа жеткіздік. Көкөніс былтыр 300 гектарды қамтыса, үстіміздегі жылы 1600 га болды.
Жасалып жатқан тағы бір бетбұрысты шара – тамшылата суаруды кеңінен қолға алғанымыз. Ол былтырғымен бағамдағанда бірнеше есе өсті. Соның нәтижесінде, өнім өнімділігі де, жердің құнарлылығы да, суды үнемді тұтыну да жақсарды.
Жалпы, егін шаруашылығын айтар болсақ, соңғы бірер жылда Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ел Үкіметі дихандарға үлкен жеңілдіктер жасауда. Мәселен, суға 80 пайыз субсидия беріледі. Он гектар егіс алқабына бес миллион теңге төленеді. Оның үстіне, алған өнімнің көбін тұрақтандыру қорына жөнелтіп отырмыз. Сондықтан, осы қордан бөлінетін қаржыны алдын ала тұқым сатып алу үшін дихандарға бергенбіз. Олар ешкімге кіріптар болмай, мемлекеттің осындай қолдауын пайдаланды.
Енді, міне, «Атырауагроөнімдері» мекемесі күллі Қазақстанда бірінші болып ешкі өсіріп, оның өнімдерін өңдеуді қолға алмақшы. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған жағымды жаңалық. Келешекте ешкі сүтінен бірнеше өнім дайындалады.
Оның үстіне, ешкі сүті – ана сүтін алмастыра алатын бірден-бір өнім. Ақырында, ешкі сүті бірнеше дертке дауа ретінде қолданылады. Қысқасы, биыл құрылысы аяқталған соң келесі жылы жаңа өндірістің өнімін көре бастаймыз.
«1 мамыр» шаруашылығында сиыр сүтінен мол өнім алуды жүзеге асырудамыз. Әзірге 500 сиыр болады, ал күрделі кешен мың мүйізді ірі қараға есептелген. Мұнда әлемде ең озық саналатын голландиялық тәсіл қолданылмақшы. Сөйтіп, тәулігіне 10-12 тонна сүт алып, одан өнім өндіру жоспарланған. Мұның бәрі – Елбасының әр өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туралы тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар.
…Міне, ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің «Атырауагроөнімдері» шаруашылығына сапары осындай маңызды бастамалармен түйінделді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*