Атыраулық студенттер ақын Қалқаман Саринмен кездесті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, ақын Қалқаман Сарин келді. Бұл жолғы әсерлі кездесу «Сағынудың өзі бір бақыт» деп аталды.

DSC_0672

Кеш шымылдығын университет ректоры Абзал Талтенов ашты. Әрмен қарай аталмыш шара ақынмен сүбелі де сырлы сұхбат түрінде жалғасты. Әдебиетін әспеттеп, мәдениетін қастерлеген көпшіліктен залда ине шаншар орын болмады. Өйткені, бәрі де сыры мен жыры бөлек ақынның ауыз толтырып айтарлық туындыларын тыңдауға асыққан еді. Сахна төріне жайғасқан  Қалқаман ағамыз сөз легін  жүрек тебірентерлік сөздерімен, бастады: «Қарт Каспийдің жағасы, киелі топырақ, ақ  Жайықтың төріне  келіп отырғаныма өте қуаныштымын. Атырау десе, ең алдымен, көз алдымызға шоқтығы биік, кешегі таудай алып нар тұлғалар Жұмекен мен Фариза елестейтіні хақ. Осындай ұлы адамдардың дүркіреп, дүбірлеп өткен топырағына келу –  мен үшін бір үлкен  бақыт».

DSC_0877

Жырға жаны құмар, өнер сүйер студенттеріміздің бірі ақынның өлеңдерін жатқа оқыса, енді бірі өздерінің шын  жүректен шыққан жыр шумақтарын шашу ретінде сыйға тартты. Сырласу кезінде ақын ағамыз кез келген қатпарлы сұрақтарға еш қиналмастан, сыр бүкпестен жауап берді. Арасында шым-шым әзілдерімен халықты күлдіртіп те қойды.

DSC_0897

«Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады – қайшылықта» деп, Мұқағали бабамыз айтқандай, кез келген уақытта әрбір болмысты жыр тіліне ілдіру қиынның қиыны болатыны анық. Осы орайда ақын ағамыз:«өлең шығару да оңай емес, өлең деген – қыз сияқты, бірде  тілін табасың, бірде тілін таппайсың» деп әдемі әзілмен әрледі. Қалың жұрт әрбір сөзін етене ұйып тыңдап, көңілдері сергіп, рухани жағынан ерекше бір күй кешті. Кеш соңы Қалқаман ағамыздың сөзіне жазылған сазды әуенмен аяқталды.

Сағыныш ҚАЙЫР,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университеті журналистика мамандығының студенті.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*