Атырауды жағымсыз иіс неге жайлады?

Естеріңізде болса, Атырау қаласының тұрғындары редакциямызға қоңырау шалып, қала орталығын жанармайға ұқсас жағымсыз иіс жайлағанын айтып, дабыл қаққанын жазған болатынбыз.

bk_info_95642_big_1488943789

Бұл сауалға жауап алу мақсатында біз жергілікті экология департаменті басшысының орынбасары Қанат Қалмаханға хабарласқанымызда, ол осы жағдайға байланысты тағайындалған сараптамалық-талдау жұмыстарының қорытындысы шықпай ешқандай мәлімет бере алмайтындығын айтқан болатын. Бүгін қайта хабарласқанымызда жауапты маман қолда бар ақпараттарымен бөлісті. Өз кезегінде ол тұрғындардан түскен арыз-шағымдар бойынша 19-22 тамыз күндері аралығында мемлекеттік экологиялық инспекторлар мен зертхана мамандары қала аумағында кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізгенін жеткізді.

– Ең алдымен, «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Петро Экспорт» және «ОргСинтез» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері маңындағы ауа сапасын бақылайтын автоматтандырылған станса көрсеткіштері жан-жақты тексерілді. Нәтижесінде, Балықшы, Тұрғын үй қалашығы, Химпоселок және қала сыртындағы Водников, Мирный ауылдарындағы ауа құрамынан көмірсутектердің қоспасы (CH – авт.) анықталды. Тұтастай алғанда, олар атмосфералық ауаға қойылатын санитарлық-эпидемологиялық талаптарға сай шекті концентрациядан аспайды (ПДК СН-5 мг/м3 – авт.). Әйтсе де, нақты бірдеңе деуге әлі ерте, – деді ол.

Сонымен бірге, иістің тез әрі кең таралуына осы уақыт аралығында 2-10 м/с жылдамдықпен оңтүстік және оңтсүтік-шығыс бағытта ұйтқыған желдің де әсер етуі мүмкін. Қалай болғанда да, бұл іске қатысты сараптамалық-талдау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Естеріңізге салсақ, осы айдың басында Жұмыскер ауылын өткір түтін иісі жайлап алған болатын. Кейін ол қала маңындағы басқа аумақтарға да тарады. Мұны Авангард, Нұрсая және Балауса ықшамаудандарының тұрғындары да растады. Ол кезде де солтүстік бағыттан қатты жел соққан. Ал, қаланың оңтүстік жағалауында «ҚазТрансОйл», «КТК-К», «Вест Дала», «Арнаулы автобаза» мекемелері орналасқан.

Осыған орай, эколог мамандар өндіріс аймақтарын толықтай зерттеуге көшті. «Қазгидромет» филиалынан да қажетті мәліметтер алынды. Ол мәселенің де анық-қанығы көп кешікпей белгілі болмақ. Тексеріс нәтижелері қосымша хабарланатынын қаперлеріңізге береміз. Әзірге үй мен кеңседегі терезелеріңіз жабық болсын дейміз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

1 комментарий

  1. Иа әділ қорытынды шығарса жақсы ғой. Онсыз да қаламыздың экологиясы оңып тұрғаны жоқ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*