«Атыраудың» фототілшілері өз ісінің нағыз шеберлері еді…

«Атырау» газетінде жұмыс істеген фототілшілер туралы бұған дейін де жазған едік. Алғашқы санының шыға бастағанына 95 жыл толған байырғы басылымның мерейтойы қарсаңында сол әріптестерді тағы бір рет еске алуды жөн көрдік.

K-437

Атырау фотожурналистикасы Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер Борис Матвеевтің есімімен тығыз байланысты. Ол «Атырау» газетінде фототілші болып ұзақ жыл жұмыс істеді. 1970 жылы оның фототілшілік қызметін Алпамыс Теміров жалғастырды.

Бірге қызметтес болғандықтан оның фототілшілік жолы маған жақсы таныс. Зерделеп отырсам, Алпамыс осы мазасы көп мамандықта жүріп, иығына фотоаппаратын асынып, Атырау мен Маңғыстаудың небір өңірлерін шарлап, еңбек адамдарымен жүздесіп, фото обьектісіне түсіруден бір танбады. Оның түсірген әрбір суреті газет ажарын аша түсетін. Алпамыстың түсірген суреттеріне көршілес «Прикаспийская коммуна» газеті мен республикалық газет-журнал редакцияларынан да сұраныс аз болмайтын.

Бірде Қызылқоға ауданының Ленин атындағы кеңшары Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы болып, шаруашылыққа Бүкілодақтық Қызыл Ту тапсырылатын болды. Келесі күнгі газет нөміріне осы Қызыл Ту тапсыру салтанатынан суреттер түсіріліп, басылуы керек-ті.

Содан Алпамыс тиісті орындармен хабарласады. Облыстан баратын басшылар ол жаққа бір күн бұрын кетіп қалған. Не істеу керек? Сол күні Алпамыс түнгі пойыздардың біріне отырып, таң ата Сағыз стансасына жетеді. Совхоз орталығында болатын жиналысқа үлгеріп, қажетті суреттерін түсіріп, сол күні редакцияға оралады. Оның сол салтанаттан түсірілген суреті келесі күнгі газет бетінде жарық көрді. Осы сияқты облыстан шалғайда жатқан Азғыр өңірінде өткен Құрманғазы ауданы малшыларының жайлау тойына жедел барып, фоторепортаж дайындауы да бір аңыз еді.

Алпамыс газет тапсырмасымен үнемі іссапарларда жүретін, қойны-қонышын фотопленкаларға толтырып, фотоаппаратын асынып, қайнаған еңбек ордаларына баратын. Кезінде Одаққа белгілі Теңіз кеніші, Еділ мен Жайық аралығындағы мұнай-газ өндірісі, Маңғыстау өңірінің мұнайшылары туралы қаншама сериялы суреттер түсіргенін санамалап шығу қиын.

Ол фотожурналистік мамандығын жан тәнімен сүйді. Содан да дүниеге суреттердің көзімен қараушы еді. Әрбір суреті бір-біріне ұқсамайтын ерекшелігімен көптің көңілін аударатын. Оның түсірген әрбір фотосуреттерінің, мазмұны, сюжеті, композициясына бүгінгі шебер фототілшілердің өздері әлі жете алмай келеді.

Бисен Мырзағалиев осы Алпамыстан кейін біраз жыл «Атырау» газетінде фототілші болып жасады. Оның да аталмыш басылым беттерінде облысымыздың әлеуметтік-экономикасы мен мәдениетін, рухани дамуын бейнелейтін суреттері аз болған жоқ.

Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы», Мақат аудандық «Мұнайшы» газеттерінде фототілшілік қызметте мол тәжірибе жинақтаған Қайролла Қабдешев 1994 жылы «Атырау» газеті редакциясына қызметке келді. «Суретті түсірген Қ.Қабдешев» деген қолтаңбамен оның талай суреттері республикалық басылым беттерінен де жиі көрініс тауып, жерлестеріміздің жақсы істерін паш етті.

Қайрекеңнің бойындағы екінің біріне біте бермейтін қасиеттердің бірі жаңалық атаулыға құлақ түріп, оның мүмкіндігінше тез арада жарық көруіне жұмыстануы болатын. Редакциядан гөрі өндіріс орындарынан көбірек табылуға тырысатын. Бірде оған Атырау қаласының жаңарған аумақты көрінісін түсіру тапсырылды. Қайрекең еш қысылмастан зәулім қабатты үйлерді тұрғызып жатқан құрылыс алаңына барып, сондағы қаз мойынды кранның бірінің төбесіне шығып, Атыраудың жасампаз көріністерін суретке түсіріп, газет тапсырмасын жедел орындағаны да әлі есте. Осынысымен де ол көптеген фототілшілерден дараланып тұратын.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН

ардагер журналист

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*