Атыраудың бірегей азаматы

Ұстаз. Ғалым. Қайраткер. Журналист

тарих  ғылымының  докторы, профессор Хисмет Табылдиев – 80 жаста

%d2%b1%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%b7-%d2%93%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%bc-%d2%9b%d0%b0%d0%b9%d1%80%d0%b0%d1%82%d0%ba%d0%b5%d1%80-%d0%b6%d1%83%d1%80%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d1%81%d1%82

Майра телефон шалып «Күндер бірін-бірі қуалай, жылдар жылжып өтіп, Хисекең де 80-нің асуына жетті, – деді. Одан арғы сөзді құлағым естісе де санамды басқа ойлар баурап алды.

Көз алдымнан жастық шағымыз, өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы  оқиғалар киноның лентасындай өтіп, солардың ортасына еніп кеттім.

«Майра институтты тәмамдап, дипломын алып келіпті. Қасында апа-жеңгелерімен таныстыруға сөз байласқан жігіті бар екен. Ол иба сақтап, «әліптің артын бағып» дегендей ағайындарының үйіне тоқтап, үлкендердің райына қарап жатыр» деген сөздер бір сәтте бүкіл ауылға тарап кетті. Елдегі марқасқа жігіттердің сөз айтуға бірінің де батылы жетпеген қызға… қолы жеткен азаматқа біздер қызғана да, қызыға да қарадық. Ол Хисмет Бозанұлы Табылдиев  еді.

Бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне шығып, үлкендікті мойындаса да кәрілікке берілмеген ғалым – Хисмет Бозанұлы Табылдиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик. Сол кездегі санаулы ғана  жоғарғы білімді жас жігіт.

«Адамды киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» – дейді ғой халқымыз. Біз де қыз іздеп келген жігітке сынай қарадық. Орта бойлы, сұңғақтау келген, талғампаздықпен киінетін, жазық маңдай, қыр мұрынды, ат жақты қара торының көркемшесі,  керісу емес, келісім іздеп тұрған жігіттен мін таба алмадық. Теңіздің толғанған жігіттерінің үлкендері күйеу, кішілері  жезде деп қабыл алды.

Ол замандастарымен  тіл табысып, жылы сөйлесіп, араларында достық қатынас орнады.  Алғашқы кездесуден көңілге ұялаған жақсы пиғыл алдаған жоқ. Хисметтің  ашықтығы, кішіпейілділік пен сыйластығы, адамдарға жақсылық жасауға әзір тұратын қайырымдылығы кездескен сәттен  баршамызды тәнті етті. Заман өтіп, ғасыр ауысса да біздің жүрегімізде ұялаған ұстанымымыз еш өзгерген жоқ.

Әсіресе, университеттің ректорлығын атқарған кезеңінде әр ауыл мен аудандардан ат басын тіреп келушілерден арылмады. Үміт артып  келген жандардың  меселін қайтарған сәтін кездестірген жоқпын. Өзі тығырыққа тіреліп қиналса да, алдына келіп ақтарыла сырын айтқан жандарды түсінетін. «Бұл адамдарға қол ұшын беріп, қолдамасам қайда барады, дегеніне жете алмай тағдырға өкпелеп ауылына барғанда үй ішімен, тіпті әулетімен налып ренжімей ме?» – деп қиналатын. Бір адамның мәселесін шешіп, көп адамды қуанышқа бөлесем, менің ар алдындағы парызды орындағаным емес пе?» – деп көңілі асып-тасып жан рахатына бөленетін.

Бірде жасы асқан қарияның үш жасар шамасындағы немересін ілестіріп келіп, көзінен жас алып үлкен ризашылығын білдіргенінің куәсі болдым. «Бұл кісі кім болды?» деп сұрадым: – Ембі ауданының тұрғыны, жоғарғы курста оқып жүрген ұлы жатақханада  төбелес ұйымдастырып, институттан шығаруға бұйрық берілген. Анасы, атасы ауылдан әдейі келіп, бар қиналысын білдіріп сұрады. Ананың көз жасы жүрегімді ауыртты. Тілегін орындадым. Студентім мені ұятқа қалдырмады. Жақсы оқыды, тәртібіне, сабақ үлгеріміне реніш сөз болған жоқ. Баланың жастығына кешіріммен қарағаныма өзім де риза болдым, – деді. Осы сарындағы алғыс пен шын ықыласты рахмет айтушылар мыңдап саналады.

1962 жылы жоғарғы білімді қатардағы мектеп мұғалімнің ерен орындаушылық қабілетін бағалап, 1963 жылдың қазан айында Гурьев педагогика институтына оқытушылыққа шақырылады.

Күрделі тапсырмалардың  шешімін таба білгеніне ризашылық білдіріп, жауапкершілігі мол лауазымдарға ұсыныс жасалды. Аға оқытушы, доцент, факультет деканы қызметіне жоғарылады. Қолына алған әр істі  маңызды не қатардағы деп бөлмей ыждағаттылықпен атқарды. Сол тұс елдегі орта білімді оқытушылардың жаппай жоғарғы білім алуға ұмтылған кезі болатын. Институттың сырттай білім беретін саласы қайнаған жұмыстың ортасы еді. Тыңдаушылары ұзақ жылдық еңбек өтілімдері бар, орта жастан асқан, кейбіреулері үлкендер, институт ұстаздарының әке мен аналарымен тұстас адамдар. Оларды ортақ шешімге келтіріп біріктіруге көп жастар бара бермейтін. Таңдау елгезек, адамдарды түсіне білетін Хисметке түсті. 1976 жылы өзі жұмыс жасайтын институттың  сырттай оқу бөліміне ұйымдастыру қабілеті зор, қиындыққа жасымайтын, қолға алған ісін тындырымды аяқтайтын іскер қызметкерді проректорлыққа тағайындады. Жеке басшылық тізгіні қолға берілгенде қиындықтан жалтармай жауапкершілікті толық алып,  қызметін 16 бойы жыл мінсіз де  батыл атқарды.

Көп кешікпей министрдің бұйрығымен Атырау педагогикалық институтының ректорлығына тағайындалды. Ұжымды бір мақсатқа біріктіріп, дара басшылығын жүзеге асырумен қатар, жұмыстастардың  жағдайын жасап, көңіл-күйін ескеріп, бәрінің қолдауына ие болды. Іскерлік биігі, лауазым биігіне жеткізді. Әр деңгейдегі адамдармен тіл табысты. Ұжымына тәртібін орындатса, жоғарыдағы басшыларға ұсынысын өткізді. Көпке бұйырмайтын қасиетке ие болудың нәтижесінде Қазақстанның батыс өңірінде алғашқы болып басқаратын институтты университет санатына қосты. Қазір бұл әңгіме ешкімді таңғалдырмайды, бірақ сол жылдары ол мәртебеге ие болу үшін төрт  облыстағы институт таласты. Үлкен додада Хисмет озып дара шықты.

Атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған кісілік болмысынан бірде ауытқыған жоқ. Ұйымдастыру шеберлігінің шыңдалып шыққан тұсында өзі басқарған университетін еш қиындыққа ұшыратпады. Оқу орнының материалдық базасын молайтты. Дамудың талабына сай жаңа ғимарат тұрғызып ортасынан ілгері тұрды. Облыс тұрғындары рухы бай, санасы озық, халқына жақын аймақтағы ірі басшыға үлкен сенім артып, облыстық мәслихаттың  бірнеше шақырылымының депутаттығына сайлады.

2000 жылы ол облыстық мәслихат хатшысы болып сайланды. Еліміз тәуелсіздік алған тұста ұлттық санасы биік азаматқа ономастикалық комиссияны басқару тапсырылып, облыстың елді мекендеріне байырғы атаулар берілуіне көп еңбегі сіңді. 2001-2004 жылдары «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағалығына сайланды.

2008 жылдың 1 қыркүйегінен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшілігін атқаруда. Өмір ағымындағы жетістік пен қиындықтар тізбектеліп саулыққа сыр берсе де көптің алғысы жанына шипа, өнікті еңбектен қалмай келеді. Уәдесіне берік, айтқан сөзін орындайтын өмірлік ұстанымынан қай лауазымда жүрсе де, қандай жағдайға кездессе де жаңылған емес.

Ірі басшылық жұмысы, адамдар тағдырын арқалаған лауазымды атқару, зерделі жанға ғылыммен айналысып жаңалық ашар еңбектер жазуға кеселін келтірмеді. Еңбегі жанды, 1973 жылы «Социалистік Гурьевтің тарихы» тақырыбында кандидаттық, 1998 жылы 7 қарашада «Қазақстандағы сауатсыздықты жою: тарихи тәжірибе» тақырыбында тарих ғылымдарының докторы диссертациясын қорғады.

«Ақтаңдақтар ақиқаты», «Құрманғазы», «Кіші жүз руларының тарихы мен шежіресі», «Сауатсыздықтан білім шыңына», «Сарайшық», «Қазақстанда сауатсыздықты жоюдың қиыншылықтары» атты монографиялық  еңбектері, 200-дің үстінде  жеке еңбектері  мен ғылыми мақалалары жарияланды. 1997 жылы Қазақстан Республикасы қоғамдық ғылымдар Академиясының  академигіне сайланды.

Биік ғылыми атақтарға қол жеткізген, іскерлік бейнесімен танылып халыққа білім беру мекемесінің биік басшылығына жеткен бекзаттылығымен танылған Хисмет Бозанұлы Атырау педагогикалық университетінің «Құрметті ректоры».

«Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады» дегендей талантының жарқырап шығуына өмір сүрген ортасы, жан жолдас достарының ізгілікті әсері болды. Әрбір сәтті қадамын қолдап, биікке ұмтылуға жігерлендірді. Олардың сапында Әбіш Кекілбаев, Ақылбек Қалмұратов, Шаймерден Байдәулетов, Рахмет Қазмағанбетов, Қайрат Ищанов, Нариман Сиражов, Мұса Өтепқалиев, Никита Сейітұлы, Әбілсейіт Мұхтар, Үркімбай Қыдыралин, Равиль Тәжіғараұлы, Әмин Тұяқов, Қылышбай Сүндетов, Халыбай Сүйінішев, Мұтал Сиденғалиев және басқалары болды.

«Өзгені сыйлағаның, өзіңді дәріптегенің» деген түсініктен жаңылып көрген жоқ. Әсіресе, қайынағасы Социалистік Еңбек Ері Мағзом Ғилаұлымен арадағы сыйластық ала-бөтен болған еді. Ешкімге құлап беріле бермейтін Мағзом Ғилаұлы Хисмет десе көңілі де, жаны да өзгеше болатын. Мүмкін, Алланың әмірімен екі алыптың достығының көрінісі болған шығар деп есептейміз.

Мәнді еңбегі еленіп Үкімет «Парасат» ордені  мен «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстанның 10 жылдығы», «Қазақстан Парламенті 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «10 лет Ассоциации вузов Прикаспия» медальдарымен, министрліктің және облыс, қала деңгейлеріндегі мадақтау грамоталарымен марапатталса, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтарын иемденді. Атырау қаласының,  Құрманғазы ауданының  Құрметті азаматы  атанды.

«Алғаның жақсы болса – тұрағың, жанып тұрған шырағың» деген халық даналығы дәл айтылған. Хисекеңнің өмір жолындағы жетістігінің басты қолдаушы, дем берушісі – Майра ханым. Жақсының жары өзіне лайық. Басы ауырса бәйектеп, ем-домын жасайды. Қабағын кірбің шалса жан ұшыра жүгіріп, әбден райланғанша тыным таппайды. Сынға түсер сындарлы сапарда үнемі қасынан табылады. Ұрпақтары да отауларын көтеріп, ұяларын жасақтады. Үлкен ұлы Бейбіт – Сәуле келінмен ата-енесіне Қадырбек, Дархан, Нұрхан атты немере сыйласа, кіші ұлы Ерлан жұбайы Бәтима екеуі Ашот, Тальқа атты ұл, Құралай есімді қыздарын «Алланың бергені», «атасы мен әжесінікі»  деп марқайтып келеді. Ауыздары  тұшып, немере сүйді. Әулеттің үшінші буындары жетіліп Ата жолын қуып, алды магистратура мен университетте, кейінгілері мектепте үздік оқиды.

Хисекең: «Әйелің 60 жасқа дейін жарың, онан өткесін анаңдай болады» дегенді жиі айтады. Шаруаң түсіп телефон шалып, әңгіме шертіп, кейбір жайлар жөнінде сұрасаң: – Майраны шақырып,  телефон трубкасын бере салады. Егер Майрасы қасында болмаса «Майрадан сұрашы» дей салады. Сән мен салтанаттарың жарасып, көрікті тірліктеріңмен қызықтырып жасай беріңдер, дос, жақсы жолдас!

Міне, еселі еңбекті, көрікті келбетті, ақ пейілі мен еліне қадірлі  Атыраудың бірегей азаматы осындай!

 

Өмірзақ  ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,

Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер,

Құрманғазы ауданының

Құрметті азаматы,  жазушы,

Құрманғазы  ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*