Атыраудан ұшқан Алаштың ардақтысы

Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың өмірден озғанына жыл толуына арналады.

Осыдан бір жыл бұрын еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер, Қазақ мұнай өнеркәсібінің негізін қалаушылардың бірі Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев өмірден озған еді.Бұл бүкіл қазақ жұрты үшін ауыр қаза болды.Ол еліміз аяғынан жаңа тұра бастаған шақта Республика Премьер-Министрі және басқа да республикалық деңгейдегі жоғары басшылық қызметтер атқарып, өмір жолында жарқын із қалдырды.Сондықтан да, оның есімі елдің есінде сақталып, ешқашан ұмытылмайды.Біз бүгін Атырауда туып, Алаш жұртының ардақтысына айналған қайраткер туралы естеліктерді жариялап отырмыз.

%d3%a9%d0%bc%d1%96%d1%80-%d3%a9%d0%b7%d0%b5%d0%bd

СОҢЫНА  ӨШПЕСТЕЙ ІЗ  ҚАЛДЫРҒАН…

Мен айтқалы отырған әңгіме – еліміздің аяулы ұлдарының бірі, Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, Премьер-Министрі қызметін атқарған Балғымбаев Нұрлан Өтепұлы жөнінде. Оның өндірісті немесе Үкіметті басқарудағы жетістіктері ғана емес, адами қасиеттері, азаматтық мәртебесі, әріптестерімен сыйластығы, Отанға, анаға, туған жеріне ықыласы мен сезімдері жөнінде ой бөліскім келеді.

Мен онымен 1994 жылдың қараша айының ортасында таныстым. «Қазақгаз» Мемлекеттік холдинг компаниясының Президенті Е.Әзербаев мырза іссапармен шетелге кетіп, оның орнында уақытша міндеттерін атқаруға мен қалғанмын. Министрліктен телефон соғып, ертеңіне болатын жиналысқа қатынасуымды сұрады. Жиналысты жаңадан тағайындалған министрдің жүргізетіні айтылды.

Нұрлан Өтепұлы әртүрлі сұрақтар беріп, Қазақстанның газ өнеркәсібінің жағдайын сұрастырып, әсіресе, Қарашығанақ мұнай-газ кеніші туралы көбірек мағлұмат алуға тырысты. Ол кезде «Бритиш Газ» және «Аджип» компанияларымен келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп жатқан-ды. Кеніште проблемалық сұрақтар да баршылық. Солардың бәрін министрдің алдына жайып салып, тығыз шешімдерді іздеуге тура келді.

Маған Нұрекеңнің қатты ұнағаны – проблемалық сұрақтарды тез түсінуі және қанша қиын болса да сол мәселелердің жа-уабын ұзаққа созбай шешуге құлшынысы. Сонымен қатар, тек өз шешімін ғана алға тартпай, біздердің де көзқарасымызды тыңдап, шешім қабылдауға бізді де белсенді араласуға тартты. Осындай, не осыған жақын әдістерді бұрынғы КСРО-ның Газ өнеркәсібі министрлігіндегі кейбір басшылар пайдаланатын. Бұл әдіс өндіріс басшыларының бай тәжірибесін кеңінен пайдаланып, өндірістік проблемаларды тез шешуге, сайып келгенде өндірістің тиімділігін арттыруға, қаржылардың кіріс бөлігін арттыруға мүмкіндік беретін. Әрине, өндіріс басшыларының ішінде кездейсоқ адамдар жоққа жақын еді, көпшілігі арнаулы жоғары білімді, үлкен тәжірибе мектептерінен өткен кадрлар болатын.

Шынымды айтсам, министр маған қатты ұнады, бұл кісінің кәсіби мұнайшы екені, инженерлік және басшылық тәжірибесі мол екені, кәсіби басшылар мен инженерлерді тікелей қолдайтыны әрбір сөзінен, кейінірек әрбір ісінен көрініп тұратын.

Нұрлан Өтепұлының табиғи қасиеттерінің бірі – оның ойының ұшқырлығы, ойлау шапшаңдығы өте жоғары, осы қасиетінің арқасында кейбір қабылдаған шешімдері көп-шілікке алғашқыда тосын көрінетін. Бизнесмендер айт-қандай, ойлау шапшаңдығының құндылығы капиталдың айналым шапшаңдығының құндылығына тең, ол қасиет капиталды көптеген есе үстемелеуге мүмкіндік беретін құрал. Міне, осы заманауи құралды Нұрлан Өтепұлы өте жақсы меңгерген азамат еді. Қазіргі кезде көптеген сарапшылар дағдарыс жөнінде, төмен құлдырауы тоқтамаған мұнай бағасы жөнінде әртүрлі болжамдар айтуда. Нұрлан Өтепұлы бір әңгімесінде осы жағдайға ұқсас мезгілге тап келетінімізді өзіне тән сенімділікпен, күрделі аргументтерді келтіре отырып айтып еді.

Оның үлкен басшыға тән қасиеті – кадрларды іріктеп таңдай білуі, әрбір маманды мүмкіндіктеріне сай шебер пайдалануы, ал жастарға түрлі жауапты қызметтерді тапсырып, жоспарлы түрде өсіруі, осының бәрі салада білікті де жауапты басшылардың көбеюіне ықпал етті.

Нұрлан Өтепұлы Мұнай министрлігін басқарған сәтте Қазақстан бар болғаны 20 млн. тоннадан сәл астам мұнай өндіретін. Ол келген бойда жұмысты қызу ұйымдастырып, әуелі 25, біртіндеп 30, ал 2010 жылдары 80 млн. тоннаға жет-кізуге мүмкіндік алды. Мұнай өндіру елімізде 3,5 есе көбейіп, бағасы аспандап тұрған жылдары Ұлттық Қорға ондаған миллиард АҚШ доллары көлемінде қаражат құйылды.

Министр, Премьер-Министр сияқты лауазымды қызметтер бір саланың, не болмаса бір аймақтың мүддесі үшін жұмыстануды көтермейді. Бұл қызметтерде бүкіл елдің жағдайын ойлап, елдің экономикасын алға жүргізу үшін еңбектену қажет. Осындай үлкен де маңызды қызметте Нұрлан Өтепұлы абыройсыз болған жоқ. Үкімет қатарына талантты қазақ жастарын, оның үстіне жаңа да, мүмкіндіктері беймәлім топтың өкілдерін, бизнесмендерді әкелді. Атақты «младотурки» (жас түріктер) Н.Ө.Балғымбаев басқарған үкіметтің құрамында алғаш рет пайда болды. Әрине, түрлі топтарға бұл қадам онша ұнай қойған жоқ. Шындығын айту керек, жастар қателіксіз қызмет істеді деу де қиын. Дегенмен, үкіметтің жұмысындағы жаңа леп, жаңа ой байқалмай қалған жоқ. Бірінші жоспар-  ланған девальвация да осы үкіметтің тұсында болды.

Нұрлан Өтепұлы үнемі ізденіс, оқу үстінде жүретін, ағылшын тілін меңгеріп, көптеген экономикалық жаңалықтарды түпнұсқаларынан алатын, техникалық жетістіктерді қадағалап, оларды Қазақстанның жағдайында қолданылуына көмегін тигізіп отыратын. Озық технологияларды, әсіресе, мұнай өндіру мен мұнай-газ бизнесін қатты қадағалайтын.

Ертеректе, Теңіз кенішінде жүргендегі бір жайларды еске алып, сол кездегі анасының айт-қан даналық ақылын үлкен  тебіреніспен және жылылықпен айтатын. Анамнан ертерек айырылған мен үшін 50-ден асқан азаматтың анасын бұлайша аялауы үлкен әсер етіп еді.

Нұрлан Өтепұлы қазақ өнеріне де, әдебиетіне де үлкен сыйластықпен қарап, бұл саладағы талантты ақын-жазушы-ларға, әнші-композиторларға көмек көрсетіп жүретін. Мұнайшылардың еңбегін ғана емес, тұрмысын да жақсы білетін. Қаражаттың қат кезінде Жаңа Қаратон сияқты тұтас бір елді мекен салу, қазақ мұнайының қара шаңырағы аталған Доссор поселкесін көркейту, мұнай астанасы Атырауға қалалық ажар бергізу – бәрінде де Нұрекеңнің қолының ізі қал-ғандай. Ал, тікелей көмек сұрап барып, сол көмекті толығымен алған мұнайшылар қаншама? Қарапайым жұмысшылардың Нұрекеңе айтқан алғыстарын естігенде, адамның жаны жай тауып, Еріне разы болған Елді көргендейсің.

Иә, Нұрлан  Өтепұлының қазасы– бұл барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырған қаза еді. Мұнай-газ саласының белгілі қайраткері, Нұрлан Өтепұлының үзеңгілес жолдасы, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин айтқандай: «Қазақтың мұнайы жетім қал-ғандай» болды. Шынында да Нұрлан Өтепұлы белсенді қызметтен шеттесе де мұнай-газ саласын қадағалап, жіберілген қателіктерге дер кезінде көңіл аударып, оларды түзету жолдарын көрсетіп Үкіметке де, Елбасына да хаттар жолдап отырған. Әсіресе, соңғы хаттарының бірінде «Қазмұнайгаз» АҚ жүйесіндегі мекемелердің шектен тыс көбеюін, басқару сатысындағы керексіз, табыс әкелмейтін құрылымдардың көптігін, мұ-ның бәрі ұлттық компанияның табысты қызмет істеуіне кедергі келтіретінін жазған еді. Соңғы екі-үш жылдағы Ұлттық компанияның көрсеткіштері осы қауіптенудің дұрыс екенін айдан анық көрсетті. Қарызға батып, мол қаражат жұмсап салынған, сатып алынған активтер қарызын қайтара алмаса, компания, әрине, миллиардтаған шығынға ұшырайды.

…Соңғы тілектерінің бірі: «Мені анамның жанына жерлеңдер» деуі – анасына, туған жеріне деген кіршіксіз таза сезімінің куәсіндей.

Қабірінің басына орнатылған ескерткіш-құлпытасы да мұнай мұнарасына ұқсап, соңынан ілескен әріптестеріне аманат жолдағандай.

Мыңжылдық тарихы бар халықпыз ғой, дүниеге әлі талай Нұрландар келер, «серінің  сертке тартқан семсеріндей» бұл пәниде жарқылдап өмір сүріп, қазақ деген халықтың, Қазақстан деген елдің абыройын тасытар!..

Таңбай Наушиев,

«Қазақгаз» Мемлекеттік холдинг компаниясының бұрынғы президенті.

Теңізді  түлеткен  тұлға

Нұрлан Өтепұлының қазақ мұнайына сіңірген еңбегі ересен. Әйтсе де, мен солардың ішінде Теңіз кенішін игеру барысында ерекше тер төккенін айтқым келеді.

Турасын айту керек, бұл істі жүзеге асыру жеңіл емес-ті. Біріншіден, құрылыс айдалада басталды. Сондықтан, бастапқыда ешқандай тұрмыстық жағдай болмады. Екіншіден, аса жоғары қабат қысымымен және көп мөлшерде күкіртімен ерекшеленген ірі мұнай-газ кенішін игеру бұрын-соңды кездеспеген-ді. Қажетті қондырғы да, сәйкес технология да, өндірістік тәжірибе де жетіспеді. Соның бәрі, әрине, қосымша қиындықтар туғызды.

Міне, осы мәселелердің бәрін  шешуде Нұрлан Өтепұлының сіңірген еңбегі зор. Бұрынғы одақтық Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің өкілі ретінде ол кен орнына электр, ауыз су мен мұнай желілерінің, темір және автокөлік жолдарының, т.б. инфрақұрылым тартылуына септігін тигізді. Құрылысқа отандық ондаған құрылыс-монтаж және ғылыми-зерттеу институттары, ірі шетелдік компаниялар қатысты. Шын мәнінде, бұл тарихи құрылыс еді.

Осы кенішті игеру барысында Нұрлан Өтепұлы отандық мамандарды даярлауға баса назар аударды. Талапты жастарды шетелдерге оқуға жіберді. Олар елге оралған соң осындағы тәжірибе полигондарында білгендерін өзгелерге үйретті. Сайып келгенде, 1991  жылғы 6 сәуірдеТеңіз кенішін іске қосқанда қазақстандық кадрлар да дайын болды.

Мен Нұрлан Өтепұлы бастаған жұмысшы тобының құрамында бірнеше рет импорттық құралдарды қабылдауға қатыстым. Соның бәрінде табандылық танытып, отандық мүддені қаймықпай қор-ғайтын. Нәтижесінде Теңіз мұнай-газ кешені уақытында қатарға қосылды және қазір де технологиялық кідіріссіз жұмыс жасауда.

Жалпы, менің онымен таныстығым өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «Жайықмұнайгаз» басқармасында басталған-ды. Мен кәсіпшілікте аға инженер, ал, ол басқармада бас инженер болатын. Қатаң басшы болғанымен, әділ еді. Маған да бірнеше рет қызметімдегі кемшіліктер үшін ескерткен-ді. Өндірістік мәселелерді талқылағанда тың шешім табатын. Әрі онысы оңды болып шығатын. Міне, осындай жанның арамыздан ерте кеткені, әрине, өте өкінішті.

Қаднен Құдабаев,

ардагер-мұнайшы.

Аға  жайлы  сөз

Күн өткен сайын жарық дүниенің әр жанға қимастай сезім қалдырарын енді сезінгендей боласың. Мен үшін Нұрлан ағам жөнінде естелік жазу өте ауыр. Бала кезімнен оған қарап өстім, сондай өжет, сондай қайсар, сондай қайратты болсам деп ойлайтынмын. Нұрекең атам Балғымбайдың жиырма немересінің ең тұңғышы болатын. Менің әкем Қойшығара – Балғымбайдың бес ұлының үлкені болса да, інісі Өтептен екі жыл кейін шаңырақ құрған екен. Немеренің үлкені  болғасын, Нұрекең біздің үлкен әулетте сүйікті ұл, сүйкімді немере болып өсті.

Негізінен біздің әулеттің қоныс тепкен жері – Жайық өзенінің жағасында орналас-қан Томарлы ауылы. Ата-бабаларымыз мал бағып, балық аулап өмір кешкен. Менің әкем соғыстан екінші дәрежелі мүгедек болып оралды да, совхозда моторшы болып қызмет жасады. 1960-шы жылдары ауыл тұрмысы ауыр болатын, сонда есте қалғаны, Нұрлан ағамыз біздің ауылға келіп, әкеме көмектесіп, тас басады, қора салады, шамамен бір демалыстай біздің үйде жүретін. Сол жылдары Нұрекең көп болса 12-13 жас шамасындағы жасөспірім бала еді. Бұл көп балалы Қойшығара көкесінің отбасына шын жүрегінен жасаған көмегі деп білемін және Нұрланның бала кезінен қалыптасқан жақын жанға деген сезімтал қасиетін көрсетеді. Мен мектепті қазақша бітірдім де, 1969 жылы Қаз-ПТИ-ге оқуға түстім. Сол жылдары Нұрекең және Нұрберген осы институтта үшінші курста оқып жүретін. Сабақ түгелдей дерлік орыс тілінде өтетіндіктен мен көп қиналдым. Бірде ол менің бөлмеме келіп, «бос уақытыңда қандай кітап оқып жүрсің?» деп сұрады. Мен оған кітаптарымды көрсеттім, сонда ол «Е…е, інім, қазақша жақсы білетініңді білеміз, енді бұдан былай орысша да кітап оқы, мынадан баста» деп бір орысша кітап ұсынды. Нұрекеңнің айтуымен 1980 жылдың ортасына дейін негізінен орыс тілді басылымдар оқып келдім. Бұл маған болашақта, өндірісте және жеке басыма ғаламтану жүйесін игеруде орасан зор көмек болды.

Нұрекең студент кезінде айналасына достар жинай білетін, әр досы бөлек бір тұлға және әр ұлт өкілдері болатын. Мен бірінші курсты бітіргенде Нұрекең Нағима жеңгемізге үйленетін болып, маған «кіші құда болып менімен бірге «Ванновкаға» (ОҚО) барасың» деді. Сонымен, 1971 жылы жазда мен жеңгелі болып, үлкен қуанышпен елге қайттық. Мен екінші курсты бітіргенде Нұрекең институтын бітіріп елге келді, бірден жолдама бойынша Маңғыстауға жұ-мысқа аттанды.

Мен содан кейінгі уақыттарда да Нұрекеңмен қарым-қатынасымды үзген жоқпын. Бертін келе ол Атырау өңіріне жұмысын ауыстырғанда қарым-қатынасымыз тіптен жиілей бастады.

1980-ші жылдардың аяғында ол Мәскеуде болсын, Америкада болсын, елге келген сайын ағайын-тумалармен жолығып, хал-жағдайларын сұрап, қолынан келер көмегін беретін. Бір келгенде ол маған «Нұрман, қазіргі жағдайды көріп жүрсің ғой, жұмысты Алматыға ауыстыру жағын қарастырайық» деді. Мен жұмыс болса дайын екенімді білдірдім. Сол кезде сезгенім, Нұрекең біздің бәрімізді кімнің қандай жұ-мысқа қабілеті бар екен деп ойлап жүреді екен. Менің одан алған тәрбие, өнегем ұшан теңіз. Нұрекеңнің іс-қимылы, жүріс-тұрысы, киер киімі, бәрі-бәрі маған өнеге және ереже болды.

Мен бауырымыздың Қазақ еліне, қала берді Қазақ мұнайына сіңірген орасан зор еңбегіне тоқталмай-ақ қояйын. Қазақ еліне сіңірген еңбегі жөнінде оның серіктестері және шәкірттері көптеген ой-пікірлерін басылым беттеріне жазды. Біз қимас ағадан айырылсақ та, көңіл жұбатарлық жай – ол артына өшпес із қалдырды, Қазақ елінің біртуар ұлы атанды. Нұрлан ағамыздай ұл өсіріп тәрбиелеген Балғымбаев әулеті, ауыр қайғы басына қонса да, ел алдында үлкен жауапкершілікпен және болашаққа зор үмітпен қарайды.

Нұрман Қойшығараұлы Балғымбаев.

 

Кемел  жүректі  кемеңгер  еді…

Өлшеулі өмірінде бойдағы қарым-қабілетін жұртының жақсы өмір сүруіне арнаған, еліміздің мұнай-газ саласын «қайтсем белеске шығарамын» деп атқа қонған ағамыздың ізі біз үшін соқпаққа айналды. Өз басым Нұрлан ағаммен танысқан күннен бастап ол кісінің ілтипатына бөлендім. Өмірде оқығаны мен тәжірибесі мол жаннан сындарлы сағаттарда сынбай, қарсы тұрарлықтай қайрат жинауға қажетті сабақ алдым. Ол кісінің айтқан әрбір ақылы жадымнан өшкен емес. Нұрлан аға туралы айтқанда ең бірінші көңілге ол кісінің бауырмалдығы мен қарапайымдылығы оралады.

Қаншама қызметтің ұшпа биігіне көтерілсе де, қарапайымдылық қасиетінен айныған емес. Кездескен жерінде жеке қызметімізбен қатар, бала-шағамыздың хал-жайын да түгендеп жататын, жарықтық. Елдің ертеңі үшін еңбек етуге баулып, сол жолда талай текетірестер мен қиындықтар болатындығын, оларды қалай жеңу қажеттігін, ең бастысы, не жасасаң да елдің игілігі үшін атқарылуы қажет екендігін ойып тұрып санамызға құятын. Мен Нұрлан Өтепұлын өзімнің кемеңгер ұстазым деп танимын. Себебі, ол кісінің кемелдігі мен парасаттылығын өзіме үлгі тұтамын.

Ағамыздың ғұмырбаянын оқып отырсақ, мұнайшылар әулетінен шыққан ол қарапайым жұмысшы болып кәсібін бастап, мемлекетіміздің Премьер-Министрі, Елбасымыздың кеңесшісі қызметтеріне дейін көтерілгенін байқаймыз. Моторист пен бұрғылаушының көмекшісі, Қарағанды экспедициясының (1964-1968 жылдар) темір жонушысы болып еңбек жолын бастаған ол Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, мамандық меңгеріп, мұнай мен газ кешенінің қыр-сырын жіліктеуге араласты. Алға қойған мақсатына қол жеткізді. Жер асты ұңғымаларын жөндеу операторы, мұнай өндіру жөніндегі оператор, ауысым бастығы, шебер, «Маң-ғышлақмұнай» бірлестігінің аға инженері секілді қызмет жолынан өтті. Қара майды өндіруде маңдайдан қара терін сығып, қара жұмысқа жегіліп, әрбір қазақтың қара шаңырағына жылу сыйлау жолында денсаулығын аяған жоқ. Өзін жақсы қырынан танытып қана қоймай, кәсіби мұнайшы екендігін тайға таңба басқандай етіп дәлелдеуінің арқасында жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Оның бәрін санамалаудың қажеті шамалы шығар. Ол қандай қызмет атқарса да ең бастысы өзін білікті маман етіп танытты. Бұл адамгершілік қасиетімен  ұштасқан ата-анасынан алған тәрбиесінің негізінде мүмкін болды.

1997 жылғы экономикалық қыспақ кезінде мұнай баррелінің бағасы құлдырап, ел қазынасына күш түсті. Билік «қайтсек Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық экономикамызды қуаттандырамыз» деп бас қатырды. Солардың арасында Нұрлан ағамыз да болды. Түнгі ұйқы мен күндізгі күлкісін сарп етіп, егемен еліміздің іргесін бекітуге барынша қимыл-әрекет жасады. Алыс-жақындағы шетелдік компаниялармен тиімді келіссөздер жүргізіп, экономикалық тұйық-қа тірелмеудің амалын қарастырды. Ұлт Көшбасшысының сенімді серіктерінің біріне айналды. Бұл– Нұрлан Өтепұлының қайсарлығы мен табандылығының, іскерлігі мен қайраткерлігінің жемісі. Біз оны Қазақстанның мұнай-газ саласының негізін қалаушы және қалыптас-тырушы деп танимыз. Бұл– тарихи  шындық.

Ағамыз еліміздегі спорт саласының дамуына ерекше үлес қосқан меценат екенін де айтпай кетуге болмас. Қазіргі Атырау қаласындағы көптеген нысандардан  оның қолтаңбасын байқау қиын емес. Бүгінгі күні көздің жауын алатын ғаламат спорт кешендері сол кісінің қолымен тұрғызылған болатын. Ғимараттарды салып қана қоймай, оның барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне жете көңіл бөлді. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Сол спорт кешендерінде шыныққан талай жерлестеріміз республикамыздың атын асқақтатып, халықаралық ареналарда намысымызды қорғап жүрген айбоз ұландар атанды.

Нұрлан Өтепұлының, әсіресе, боксқа ерекше көңіл бөлгендігін барлығымыз жақсы білеміз. 1999-2000 жылдары Қазақстан бокс Федерациясының Президенті болған кезде қазақ спорт тарихында болмаған Сидней Олимпиадасындағы сүйінші жаңалық барлық қазақстандықтардың жүрегінде шығар. Бокстан саңлақ ұлдарымыз Ермахан Ыбырайымов пен Бекзат Саттарханов чемпион атанып, Мұхтархан Ділдәбеков бауырымыз күміс медаль иеленді. Күрзі жұдырықты былғары қолғап шеберлері Әнұранымызды шырқатты. Бұл 2000 жылғы ең айтулы оқиға еді.

Ол өнер мен әдебиетті де қатты бағалады. Алдына келген талай шығармашылықты серік еткендерге қол ұшын созды. Көбісі пәтерлі болды, жолдары ашылды. Кешегі күні қазақ поэзиясының падишасы атанған ақын Фариза Оңғарсынова апайымыз  алпыс жасқа толған уақытта мектепке есімін бергізді. Осылайша қазақтың атын әлемге танытқан ақынның атын асқақтатты. Болмысы бөлек азамат қаламды қару еткен бауырларынан ештеңені де аянып қалмады. Жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев сырқаттанып қалғанда өзінің бойын жайлаған кеселге қарамастан дәрігер алдырып, «ең бірінші Рахымжанға қараңдар, елдің сөзін сөйлейтін осы бауырым» деп өсиетін қалдырып, бауырмалдық танытты. Ел азаматы екендігіне бұдан артық қандай айғақ керек?!

Өмірінің соңғы күндері ауыр науқасқа шалдыққан ағамыз соңғы сәтке дейін берілген жоқ. Халін сұрап барғандарға өзінің жағдайын айтпай, өзгенің жағдайына көңіл аударды. Мұндай қасиет тек үлкен жүректі жандарға ғана жарасады.

Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев қандай мақтау-мадақ болсын, бәріне де лайықты тұлға болып есімізде қалады. Алашта асыл туған ағамыздың жаны жәннатта, орны жұмақта, топырағы жеңіл болсын!

Жеңісбек Лұқпанов,

«ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының директоры.

 

Нұрлан   Өтепұлы   Балғымбаевтың жылдық қадесі 16 қазан күні сағат 12.00-де (жергілікті уақыт) Атырау қаласы,

«Алтын шатыр» мейрамханасында өтетінін  барша жамағатқа хабарлаймыз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*