Атырауда жер сілкінуі мүмкін бе?

Ескі жазбаларымды қарап отырып, бұдан біраз жылғы кейбір деректерге кезіктім. Сонау 2001 жылы ақпанда Теңіз кенішінде жер сілкініп, жұртты біраз әбігерге салған-ды. Сол кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұфтах Диаров мұндай оқиғаның қайталануы әбден мүмкін екендігін айтқан.

bead940850b887f001c32ecd0e22475e-400x265

Жалпы, техногендік сипаттағы жер сілкінуі республиканың батыс өңіріне, соның ішінде Атырауға да тән. Өйткені, оның негізгі себептерінің бірі – ұзақ уақыт тым тереңнен мұнай мен газ өндіру салдарынан жер қыртысында бос кеңістіктің қалыптасуы. Осы сала мамандары жақсы біледі, егер өнім алынған жерді қайта толтырмаса, онда әлгі орын құламалы болады. Сондықтан, кеніштерде міндетті түрде су ұңғымалары бірге қазылады. Олар, біріншіден, қабат қысымын қалпына келтіріп, мұнай мен газдың жоғары шығуына септігін тигізеді. Сөйтіп, өнім көлемі сақталады. Екіншіден, мұнай алынған соң босап қалған кеңістік толтырылады. Әрине, ол табиғи күйіне келе қоймас. Бірақ, жердің төмен шөгуіне азды-көпті қарсы әсер етеді.

Бұдан біраз жыл бұрын академик Мұфтах Диаров Теңіз кеніші екі тектоникалық жарылған жердің дәл үстінде орналасқанын айтқан-ды. Осының өзі-ақ бұл кен орнының қауіптілігін көрсетеді. Демек, өнім құрамында көп мөлшерде күкірт бары өз алдына, жер сілкінісін тудыратын қатер де төніп тұр. Ғұлама ғалымның қолындағы деректерге қарағанда, мұнда соңғы рет күшті жер жарылуы 2000 жылы орын алыпты. Ол Қаламқас пен Қаражанбас кеніштерінен басталып, Теңіз арқылы өткен. Соның салдарынан түбі табиғи жер сілкінісіне соғуы ықтимал шұқырлар пайда болған. Әрине, мұның бәрі қарапайым адамдарға жұмбақ жай. Алайда, ғылыми зерттеулер бұлтартпас дәлелдерді көлденең тартады.

Абзал ақсақалдың айтуынша, өндірілген бір тонна мұнай орнына кемінде бес тонна су айдалуы тиіс. Әйтпесе, әлгі жер бос қалады. Теңізде бұл кеңістік толтырылмайды екен. Сөйтіп, жер кернеуі қалпына келтірілмейді. Рас, соңғы жылдары ТШО жаңа жобаларды жүзеге асырып, жер қыртысына ілеспе газды кері айдап жатыр. Кейбір деректерге қарағанда, кеніште «қара алтын» өз күшімен шығатын бастапқы қысым біраз баяулаған. Тың шаралар соны да аз-кем көтеруге бағытталған. Сол арқылы, әрине, кен қабатының босаған қуыстары да толтырылады.

Әйтсе де, 1999 жылы Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Теңізде тоғыз ұңғыманы пайдалануға тыйым салғаны бар. Тағылған айып – өнімнің тағылықпен өндірілуі, қоршаған ортаға елеулі залал келтірілуі. Оның үстіне, үш ұңғымада о баста белгіленген тәулігіне 600 тонна шикізат алынуы орнына, бұл меже екі мың тоннадан асып кеткен. Яғни, үш еседен көп. Мамандар соның салдарынан жер сілкінісін туғызуы ықтимал топырақты қабат түзілгенін айтады. Егер араға бір жыл салып осындай оқиға орын алғанын айтсақ, мұндай болжамның да жөні бар.

Ғалымдар Теңіздің жер қыртысының жарылған тұсында орналасқанын дәлелдеді. Ол аномальды белсенді саналады. Мұнда орташа орын ауыстыру жылына бес сантиметрді құрайды. Бұл – жай адамдар үшін әрі түсініксіз, әрі тым аз көрсеткіш. Ал, осы істің мамандары дабыл қаға бастады. Өйткені, ерте ме, кеш пе – әйтеуір, кеніште жер сілкінуі әбден ықтимал.

Көне қағаздар шерткен тағы бір сыр – мұнда 2011 жылы ақпанда күші төрт баллдан асатын техногендік сипаттағы жер сілкінісінің болғаны. Неге екенін қайдам, оны құзырлы орындар жасыруға тырысты. Әлде қолдарында мәлімет болмады ма? Алайда, бұл құбылысты Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында орналасқан «Ақ бұлақ» сейсмикалық орталығы тіркеген. Сол арқылы ол жалпақ жұртқа жария болды. Шетелдерге тарады. Оның үстіне, ауызекі әңгімеде кеніште қазір де аз-кем дүмпу орын алатыны айтылады. Бұған сондағы жұмысшылар үйреніп те кеткен тәрізді. Күші шағын болғандықтан, арнайы құралдар да қабылдай бермейді.

Бүгінде бұрғышылар тым тереңге көз тігіп отыр. «Қара алтынның» мол қоры да сонда екендігі рас. Әрі шикізат жоғарыға үлкен қысыммен, яғни өз күшімен шығар еді. Он бес шақырымдық Еуразия жобасына үміттене қарайтынымыз да содан. Бірақ, кейін соншама қуысты немен толтырамыз? Қазірдің өзінде мамандар жер астында төрт-бес шақырымдық бос кеңістіктер пайда болып жатқандығын айтады. Оның қауіпті екендігін ескертеді.

P.S. Облыстың орналасқан жері – бұрынғы теңіздің орны. Ықылым заманда бұл өңір түгел су астында болған. Қазір де Каспий маңы ойпаты аталуы содан. Жалпы, мамандардың пікірінше, мұнда бүгінгі ахуал осылай сақталса, әзірге күші бес баллдан жоғары жер сілкінісі орын алмайды. Соның ішінде Атырау қаласына төніп тұрған тура қауіп жоқ.

Әйтсе де, аймақтағы кеніштердің бірінде болуы ықтимал техногендік сипаттағы оқиға облыс орталығына да әсер етеді. Демек, жағдайды жіті қадағалап, барлық мәліметті қолда ұстау үшін жақсы жабдықталған сейсмикалық кешенді қондырғы қажет. Бұдан біраз жыл бұрын көршілес Батыс Қазақстан облысында техногендік жарықшақ пайда болып, жер сілкінісі қаупі сезілген соң тұтас ауылды көшіруге тура келгенін есімізден шығармалық.

 

М.Елемесұлы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*