Атырауда жаңа жобаның тиімділігі айқын байқалуда

Елбасы Жолдауынан туындайтын іс-шаралар мен міндеттерді талқылау  мақсатымен  Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев жетекшілік еткен ақпараттық топ Атырауға  келді. Елордада қабылданған шешімдерді жергілікті жұртқа жеткізген олар облыс активімен кездесті. Содан соң аймақтағы бірнеше нысанды аралап, цифрландыру жүйесінің жүзеге асырылу жайымен танысты.

????????????????????????????????????

Ел экономикасының драйвері саналатын мұнайлы өңір қарқынды өркендеп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бағдарламалардың арқасында  тың бастамалар мен өміршең жобалар облыс экономикасының дамуына жаңа серпін берді. Осынау мәселелерді атап айтқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев мұндай жүздесу жергілікті жердегі кейбір мәселелерді бірігіп шешуге мүмкіндік тудыратынын жеткізді. Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев Елбасы Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын арттыруына және шағын бизнестің дамуына баса көңіл бөлінгенін, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларға серпін бергенін атап айтты.

– Ең маңыздысы – халық табысының өсуі. Бұл бағытта келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есеге көбейеді. Ал, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін адамдар жалақысы орта есеппен 35 пайызға артады. Мемлекет басшысы білім беру мен денсаулық сақтау сапасына да ерекше көңіл бөлді. Осы салаларды дамытуға қомақты қаржы бөлу қарастырылуда. Әсіресе, мектеп және балабақшалар жұмысы ерекше назарда болады. Үкімет жаңа форматта білім беретін мұғалімдерді дайындау үшін жол картасын жасайды, – деген Асқар Жұмағалиев Елбасы Үкіметке жоғары оқу орындарында оқыту сапасын арттыруға тапсырма бергенін, соның ішінде  университеттердің басты критерийі – студенттердің жұмысқа орналасуы болатынына тоқталды.

Ал, жас ұрпақтың қауіпсіздігі үшін 2021 жылға дейін барлық оқу орындарында бейнебақылау орнатылады. Оған қоса, білім беру сапасын арттыру үшін бала саны көп аймақтарда жаңа мектептер салынады. Нәтижесінде, үш ауысымда оқитын мектептер болмайды. Оған үш жылдың ішінде 50 млрд. теңге бөлінеді.

Денсаулық сақтау саласы бойынша жаңа жылдан бастап дәрігерлердің де жалақысы көбейтіледі. Оған бюджеттен 5 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Тағы бір атап айтар жайт, цифрлық технологиялар медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді. Сондықтан 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық клиникалар қағазсыз денсаулық сақтау принципіне ауысады, – деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің 670 денсаулық сақтау мекемесінде инфожүйелер орнатылған. Соның нәтижесінде емханадағы кезек екі есе азайды. Ал, науқастар мен дәрігерлердің уақыты 50 пайызға үнемделеді. Аурулар тез анықталады. Мұның барлығы да адам өмірін сақтауға көмектеспек.

Үкімет басшысының орынбасары Атыраудағы денсаулық сақтау саласында жүзеге асып жатқан пилоттық жобаларға қолдау білдірді. Өйткені, соның нәтижесінде тұрғындар дәрігерге онлайн режимінде жазылып, дәрінің рецепттерін, медициналық карталарды смартфон арқылы бақылауға мүмкіндік туды.

Қазір Қазақстан дүниежүзілік аренада маңызды орынға ие болып отыр. Дегенмен, уақыт бір орында тұрақтамайды. Бүгінде даму процестері цифрландырумен тығыз байланысты. Жаңа технологиялар қаражатты, уақытты, адам ресурстарын үнемдейді, жемқорлықты жоюға ықпал етпек. Елбасы Жолдауда бұл мәселеге де ерекше назар аударып, келесі жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, ал, 2020 жылы 90 пайызын электронды режимге ауыстыруды міндеттеді.

– Қазір біз қызметтерді проактивті түрде көрсетуге тырысамыз. Анықтамаларды онлайн арқылы аламыз.Мысалы, бала өмірге келгенде анасы СМС арқылы тиісті құжаттарға тапсырыс бере алады. Сөйтіп, автоматты түрде жәрдемақы алуға тіркеледі. Бұл орайда елімізде арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Енді желтоқсан айында Атырау облысында да осындай орталық ашылады. Бір жерден  көліктерге байланысты барлық қызметті алуға болады. Өнеркәсіп саласында да белсенді түрде цифрландыруды енгізуде. Мәселен, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы цифрлық кен орны жобасын іске асырды, – деген Асқар Жұмағалиев қазақстандықтар мұндай жетістікке тек бірігу арқылы қол жеткізетінін, соның арқасында халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыратынына сенім білдірді.

Кездесу барысында атыраулықтар Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмалар туралы ойларын ортаға салды. Мәселен, жас кәсіпкер Олжас Сүлейменнің компаниясында бес мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Мемлекет басшысы бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелден білім алып келген қарағандылық жас бүгінде Атырауда табысты еңбек етуде.

– Елбасы бұл жолы да жастардың білім алуына, кәсіпкерлікке бет бұруына назар аударды. Жас буын өкілдеріне ең алдымен ата-ана тәрбиесімен қатар, білімді бойға сіңіруге кеңес беремін. Ал, қарым-қабілеті мықты, кәсіби жас мамандардың бизнеске келгенін қалаймын. Егер олар озық технологиялармен жаңа өндіріс ошақтарын ашса, еліміздің өркендеуіне оң септігін тигізер еді, – деген ол өңірлерде дарынды жастар көп екенін, алайда, республикалық сайыстарға қатысу үшін жол шығындарын өтеуге мүмкіндіктері жетпей жататынына тоқталды.

Ал, тағы бір жас кәсіпкер Әділет Тайдыжұмаевтың айтуынша, өндірісті автоматтандыру,  цифрлық жүйені енгізу – кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Сондай-ақ, ол Астана технопаркі негізінде Атырау өңірінде де тың жобаны іске асыруға ұсыныс жасады. Себебі, инновациялық идеялар жүзеге асу үшін ІТ орталық қажет-ақ. «FabLab Atyrau» цифрлық зертханасының жетекшісі Нұржан Аманғосов сандық шеберхана мен жасанды интеллекттің тиімділігі жөнінде әңгімеледі. Бүгінде 10-22 жас аралығындағы жастарға тегін курстардың пайдалы тұстары туралы баяндаған ол болашақта «Заңғар» жобасы аясында ашылған шағын зертхананы кеңейту жоспары бар екендігін айтты.

Жиын барысында Асқар Жұмағалиев бүгінгі дәуір жастарынан инновациялық идеялар күтетінін, тың жобалар қашан да ескерусіз қалмайтынын атап айтты. Ал, еліміздің бірқатар қаласында іске асқан технопаркті Атыраудан ашу бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Облыс активімен кездесуден кейін ақпараттық топ аймақта енгізіліп жатқан цифрландыру жүйелерімен танысты. Мәселен, «Батыс-Транзит» ЖШС-і «Ақылды жарықтандыру» жобасын жүзеге асыруда. Мұнда бір орталықта отырып-ақ есептегіш құралының көмегімен қала көшелеріндегі шамдардың энергия жұмсауын бақылауға мүмкіндік бар. Жарық шығынын қадағалау жылына 25 млн. теңге қаражатты үнемдеуге септігін тигізеді. Мамандардың айтуынша, бүгінде облыс орталығы көшелерінде 2816 шам орнатылған.  Бұрын адами фактордың көмегімен жүзеге асқан жұмыстар бүгінде сандық жүйенің арқасында бір-ақ маманмен бақыланып отыр. Аймақтағы «Білім-инновация» мектебінде оқушыларға білім беру әдісі толықтай сандық жүйеге көшкен. Электронды кітапханамен қатар, сабақтарда цифрлық оқыту ресурстарын қолдану әдіс-тәсілдері көрген жанның таңданысын тудырады.

Ал, қалалық №3 емханада дәрігердің қабылдауына жазылу  электронды түрде жүргізіледі. Электронды кезек жүйесін айтпағанның өзінде, мұнда рентгенге түсіру де цифрландырылған. Яғни, флюрографияға түскеннен кейінгі нәтиже бұрынғыдай пленкаға шығарылмайды. Компьютер арқылы науқастың арнайы нөмірі бойынша бірден дәрігерге жолданады.  Соның нәтижесінде, бірнеше миллион теңге қазына қаражатын үнемдеуге жол ашылып отыр. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы осыдан екі жыл бұрын Уаз кен алаңында «Интеллектуалды кен алаңы» пилоттық жобасын енгізді. Сол арқылы электр энергиясын пайдалану 33 пайызға, сондай-ақ, ұңғымаларды жөндеу шығыны да айтарлықтай азайған. Енді 2024 жылға дейін компанияның 12 кен алаңына осы жоба таратылмақ.

Түйін: Иә, қалай болғанда да, цифрлық жүйе біздің қоғамға дендеп еніп келеді. Әрине, бастапқыда техника «тілін» түсінбеушілік болғаны жасырын емес. Дегенмен, заманауи технология тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Электронды кезек, мобильдік қосымшалар арқылы дәрігерге жазылу, оқыту процесінде цифрлық жүйенің мүмкіндіктерін қолданудың тиімділігі байқалуда. Сайып келгенде, мұның барлығы «алтын» уақытты қадірлеп, ел қазынасынан бөлінетін қаржыны үнемдеу үшін жасалып отыр.

Айбөпе САБЫРОВА,

Суреттерді  түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

  Сіз не дейсіз?

Асхат  ИМАНҒАЛИЕВ, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  профессоры:

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – адами капиталдың баса назарға алынуы. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру, бастауыш сыныптарға жаңа жүйенің енгізілуі жаңа мақсаттарға жол ашып отыр. Жасөспірімдер мен балалардың сана-сезімінің қалыптасуына оқу орны да үлкен әсер ететіндігі айтылды. Елбасы Жолдауда университет түлектерінің жұмысқа орналасуы жөнінде жақсы бастама көтерді. Демек, жоғары оқу орындары мамандарды сұраныс бойынша даярлауы  керек. Бүгінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті түлектері арасынан жұмысқа орналасушылар саны 87 пайызды құрап отыр. Біз алдағы уақытта да мамандарды халықаралық стандартқа сай дайындап, нарықта сұранысқа ие кадрлар әзірлеуді жалғастыра бермекпіз. Ол үшін оқу орнында барлық жағдай жасалған.

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*