Атыраудағы зауыт жұмысы неге тоқтады?

Сонымен, биылғы 18 тамыздан бастап Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын толық тоқтатты. Кәсіпорынның жұртшылықпен байланыс бөлімі таратқан мәліметке қарағанда, жоспарлы күрделі жөндеу шаралары 29 қыркүйекке дейін созылады.

Зауыт Ж__МЫСЫН

Әрине, аталмыш өндіріс ошағында бұған дейін де ара-тұра жөндеу жұмыстары жүргізілетін. Бұл – республикадағы осындай үш зауытқа да тән жай. Рас, жұртшылық солардың күзгі терім алдында қолға алынатындығына таң қалатын. Жанармайдың жеткілікті қоры жасақталды дегенмен, соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер біраз қиындық көретін.

Әйтсе де, жетпіс жыл тарихы бар атыраулық зауыт бірінші рет жұмысын толық тоқтатып отыр. Бұрын кейбір цехтары ғана жөндеуге тұрып, өзгелері жұмысын жалғастыра беретін. Ал, бұл жолы ескірген жабдықтардың ауыстырылатындығы, аппараттардың техникалық тексеруден өткізілетіндігі, энергетикалық жабдықтардың жөнделетіндігі, басқа да шаралардың жүзеге асырылатындығы айтылыпты. Әрине, кәсіпорында жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл – өндірісте орын алатын қалыпты құбылыс.

Дегенмен, қарапайым көпшілікті ойландыратындығы – осында жаңғырту шаралары онсыз да жүріп жатқандығы. Мұнда хош иісті көмірсутектер шығару жобасы мәреге жетіп, бензол мен параксилолдың алғашқы партиясы алынды. Олардың бастапқысы тұтынушыға жөнелтілді. Сөз ретінде айтар болсақ, бұлар – мұнай-химия кәсіпшілігін дамыту үшін таптырмайтын шикізаттар. Еліміз бойынша осындай алғашқы кешенді кәсіпорын Атырауда салынбақшы. Бұл да – мұнайлы мекеннің мерейі. Демек, осы жобаларды жүзеге асыру барысында жоғарыда айтылған технологиялық қондырғылар қоса жаңартылмаған ба? Рас, жаңа жобалар зауыт жұмысы тоқтатылмай жүзеге асырылды. Яғни, кәсіпорын өнім өндіруді жалғастырып тұрды. Әйтсе де, республикада тұңғыш рет тың тауарлар дайындалып жатқанда оның кенет кідіріске ұшырауы көпшіліктің көкейіне көп сауал ұялатып отыр.

Зауыттың баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде жоспарлы жөндеу жұмыстары отын нарығына әсер етпейтіндігі айтылған. Яғни, резервуарлар дайын өніммен толықтырылған тәрізді. Бұған да күмән келтірмейік. Алайда, бүгінде жанармайдың барлық түрі еркін бағаға жіберілген. Соңғысы АИ-80 бензині еді, енді оған да шектеу қойылмайды. Демек, жанармайдың жеткілікті қоры бар ма, әлде жоқ па – ол бағаға әсер ете алмайды. Сұраныс ұсынысты тудырады. Бұл – нарық заңы. Ал, зауыт жұмысының толық тоқтатылуы жанармай саудасындағы ойыншылардың тың қадамға аяқ басуына себеп болуы ықтимал. Оны отандық кәсіпорындар жасамағанымен, өзгелері істейді. Сөйтіп, бірі екіншісін ілестіре кетеді. Әрине, бұл болжамның жоққа шыққанын қалар едік. бірақ, ілгергі жылдардың тәжірибесі осыны көрсетеді. Сайып келгенде, қазір-ақ жүргізушілер арасында азды-көпті мазасыздық бар. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, бұған дейін қымбатшылық құрсауына кенет іліккендер сол ащы сабақты ұмытпаған.

Тағы бір шындық – зауыттың қомақты қарызы. Хош иісті көмірсутек өндіру мен мұнайды тереңдете өңдеу кешендері қыруар қаражатты қажет етті. Сөз жоқ, бәрі де керекті жобалар. Солар мәреге сәтті жеткенде көне кәсіпорынның екінші тынысы ашылмақ. Бірақ, жеткілікті қаржы өзімізден табылмады, несиеге қол созуға тура келді. Оның жалпы сомасы – 1 млрд. 680 млн. доллар. Қаржыландыру қытайлық «Эксим банк», Қазақстанның даму және жапондық  JBIC ынтымақтастық банктері арқылы жүргізілді. Басым қарыз беруші – Аспанасты елі. Қазақстан мен Жапония қаржы құрылымдарының үлесі одан азаңдау. Қазір негізгі несиені қайтару басталды. Осы орайда зауыттың барлық мүлкі он жыл мерзімге кепілге берілгенін айтқан жөн. Әрине, бұл да таң қаларлық нәрсе емес. Банктен борыш алдың ба, орнына мүлкіңді ұсынуың шарт.

Жалпы, Үкімет тарапынан жарияланған кең ауқымды жекешелендіру шарасы аясында 2016-2020 жылдардың сату жоспарына біздің облыстан Атырау халықаралық әуежайы мен мұнай өңдеу зауыты кіріп тұр. Демек, осы аралықта олардың мемлекет меншігінен алынатындығы анық.

Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытының 99 пайыз қатысушысы – «ҚазМұнайГаз» – Өңдеу және маркетинг» акционерлік қоғамы. Соңғысы өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының меншігінде. Демек, жергілікті кәсіпорын әзірге қазақстандық саналады. Ал, оның келесі қожасы кім болмақ? Жүздеген миллион долларға жаңғырту жұмыстарын жасап, отандық өндіріс ошағын көлденең көк аттының жетегіне ұстатып жібереміз бе? Әлде сыртқы қарыздың өтемі ретінде өзгелер ие бола ма? Мүмкін, инвестормен иық тіресер өзімізден қалталы кәсіпкер шығар?

Қайткенде де, кәсіпорынның қазіргі толық тоқтауын осы жекешелендіру процесімен байланыстыратындар да бар. Зауытта бірнеше рет  Үкімет мүшелерінің қатысуымен кеңес өткендігі мәлім. Сонда басқа мәселелермен қатар, өндіріс ошағын сату жайы да қаралғаны рас. Әрине, қыруар қарызға батқанымен, оның ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпегенін қалар едік. Ал, экономист мамандардың пікірінше, стратегиялық маңызы зор ірі компанияның Қазақстан меншігінде болғаны жөн.

Міне, Атырау мұнай өңдеу зауытының өз тарихында бірінші рет жұмысын толық тоқтатуына байланысты осындай ой өрбіттік. Аймақ қана емес, күллі ел экономикасына өзіндік әсері бар көне кәсіпорынның тағдыры таразыға тартылғанда ешкім де бейқамдық танытпас. Елбасы Жолдауында аталмыш өндіріс ошағында жаңғырту шаралары аяқталғанда бензин өндіру жылына 1,7, ал, дизель отынын шығару 1,4 млн. тоннаға дейін өсетіні айтылғанды. Сонда өзімізді сапалы жанармаймен қамтамасыз етеді екенбіз. Әрине, молшылық болғаны жақсы. Әйтсе де, алдымен оның қолжетімділігі қамтамасыз етілгені жөн.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*