Атыраудағы Құрбан айт намазында жамағат мешіт ауласына да сыймай қалды (ФОТО)

Бүгін – қасиетті Құрбан айт мейрамы. Осыған орай, еліміздің барлық өңірлерінде айт мейрамы тойланып, көптеген мерекелік іс-шаралар өтуде.

Курбан Айт 2017 (сентябрь) 1

Мұнайлы өлке Атырау қаласындағы орталық «Иманғали» мешітінде тұрғындар таңғы сағат 05.00-ден бастап келе бастаған. Орталық мешітке кіретін ауланың есіктерінен ағылған тұрғындардың санында бір шек болмады. Минут сайын бір толастамаса, азайған жоқ.

Курбан Айт 2017 (сентябрь) 2

Сағат таңғы 06:30-да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, PhD докторы Батыржан Мансұров Құрбан айт намазына жиналған қауымды құттықтап, бір сағат бойы аталмыш айт мерекесінің мәні мен маңыздылығы, тағылымы туралы уағыз айтты.

Курбан Айт 2017 (сентябрь) 3

– Құрбан айт – барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын «құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Сауабы мен несібесі мол қасиетті мейрам биыл бірінші қыркүйек күнінен басталып, 3 күнге созылады, – деді Батыржан Мансұров.

Курбан Айт 2017 (сентябрь) 4

Сондай-ақ, бас имам Құрбан айт мейрамының ерекшеліктеріне де тоқталды:

– Қарап отырсақ, құрбан шалу жай бір жасай салар күнделікті іс емес. Құлшылықтың бұл түріне жіті көңіл бөле отырып, шынайы ниет қойып, малдың ең таңдаулысын құрбан ету – дүниеміз бен ақыретімізге орасан рухани пайда, сансыз сауап, сонымен бірге, бұл көңілі қаяу жандарға жұбаныш сыйлайды.

Курбан Айт 2017 (сентябрь) 5

Құрбан шалудың қоғамға әкелер бірқатар пайдалары да бар. Атап айтсақ, құрбандық шалу – адам бойында бауырластық, өзгеге көмек беру, жан-қиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына ықпал етеді. Сонымен бірге, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына, әртүрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға, һәм етене араласуына едәуір ықпал етеді.

Курбан Айт 2017 (сентябрь) 6

Дегенмен, амал ең алдымен, Алланың разылығы үшін ғана жасалуы қажет. Сондықтан, құрбандық шалу – жеке бас және қоғамдық пайдаларды бір шетке қойғанда, бірінші кезекте, Алланың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде Алла Тағала бұл жайында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп бұйырады. Яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниеттің маңыздылығын әуелі ақыл таразысына салған жөн болады, – деді Батыржан Мансұров өз уағызында.

Курбан Айт 2017 (сентябрь) 8

Осыдан соң, сағат 07:30-да Құрбан айт намазы басталды. Мешітке жиналған қауым бір-бірлерімен иық тірестіре тұрып, Алла Тағаланың разылығы үшін айт намазына жығылды. Бір айта кетерлігі, айт намазын оқуға жиналған тұрғындар мешіттің ішіне ғана емес, мешіттің ауласына да сыймай қалды. Орын жетіспеушілігі көп адамдарға кедергі болмай, олар мешіт қоршауларының сыртында да айт намазын оқып жатты.

Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*