Атырауда ведомоствоаралық жұмысшы тобы құрылды

Атырау облысы прокуратурасының бастамасымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ведомоствоаралық жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дәрігерлер, психологтар, теологтар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, әлеуметтік қорғау, тағы басқа салалардың өкілдері енген болатын.

_normal

Биылғы жылдың 17 сәуір күні облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев жетекшілік ететін 45 адамнан тұратын топ жұмысын Жылыой ауданынан бастады. Аталған топ Мақат, Индер және Махамбет аудандарында да болып, 14 мыңнан астам халықты қамтыған 182 шара өткізді.

Топ денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және әлеуметтік қорғау салалары бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл орайда экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бағытында дінге айрықша маңыз берілді. Осындай шаралардың нәтижесінде 631 адамға медициналық көмек көрсетілді. Оның ішінде 250 науқасқа диагноз қойылып, ем тағайындалды (46 адам ЭКГ-ден, 120-ы флюорографиядан, 3-уі жүрек УЗИ-інен өтті, облыстық және аудандық әртүрлі ауруханаларда емделуге 18 адамға жолдама беріліп, 79-ына ем белгіленді).

«Бос жұмыс орны жәрмеңкесі» шарасы өткізіліп, оның нәтижесінде 53 адам (оның 2-уі мүгедек) жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 200-ден астам аудан тұрғыны резюмесін тапсырып, келісімнен өтті.

Табысты бизнес – аймақтың, жалпы еліміздің экономикалық тұрғыда дамуының негізгі өзегі. Аталған топ бизнестің түрлері, оларды қаржылай және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды түсіндіру мақсатында жүйелі жұмыс жасауда. Бизнес бастамалар туралы ақпараттар ауыл әкімдеріне жеткізілуде, оларды оқытып жатыр. Осындай кешенді шаралардың игі нәтижесі байқалады. 22 кәсіпкерге мемлекеттік органдардың тарапынан қолдау көрсетілді. Мәселен, Жылыой ауданының тұрғынына бизнесін дамыту үшін қайтарымсыз негізде тігін жабдығы берілді. Кәсіпкерлікке кедергі келтіретін қиындықтар (несие беру, біліктілікті арттыру, бизнес негізі, т.б.), өзге де мәселелер бойынша қордаланған проблемаларды арнайы штаб зерделейді.

Ведомоствоаралық жұмысшы тобы аймақтағы жағдайға сараптама жасайды. Ғаламтор кеңістігіне мониторинг жүргізеді. Діни бағыттағы бейнероликтерді қаладағы LED экрандарда, ауруханаларда, тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтары мен халық көптеп жиналатын басқа да жерлерде кеңінен көрсетеді.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында (vkontakte.ru-мен қоса алғанда) діни сарапшылардың қорытындысымен мазмұны елдің Ата заңына, Қазақстанның өзге заңдары мен құқықтық-нормативтік актілерге қайшы келетін 70-тен астам аудиожазба анықталды. Жоғарыда көрсетілген аудиожазбаны бұғаттау бойынша тиісті министрлікке ұсыныс жолданды.

«Прокурордың 100 кеңесі» жобасына сәйкес, тұрғындарға теракт қаупі төнгенде және ол орын алған жағдайда кімге хабарлау қажеттігі, сын сағатта өзін және жақын адамдарын құтқаруға әрекет ету шаралары түсіндірілді. Ал, теологтар радикалды идеологияның қаупі, теріс ағымдардың негізгі өзгешеліктері, келтіретін зардаптары туралы түсінік жұмыстарын жүргізді. Лаңкестік тұрғыдан осал нысандардың (мектеп, вокзал, аурухана, стадион, т.б.) қызметкерлеріне жаттығу дабылы кезіндегі әрекеттері оқытылып-үйретілді.

Мақсатты жұмыстар одан әрі жалғаса береді.

А.ТАЙТУЛЛИН,

облыстық прокуратураның басқарма бастығы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*