Атырауда “Street Workout” қалалық турнирінің финалдық кезеңі өтті

1 мамыр мен 1 маусым аралығында Атырау қаласында “Street Workout”-тан қала біріншілігі өтті. Сайысқа жалпы саны 100-ден астам қала тұрғыны қатысты, – деп хабарлайды Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

DSC_0405

“Street Workout” спорты Атырау қаласы үшін таңсық спорт түрі болатын. Былтырғы жылы ұлттық олимпиада комитетінің бастамасымен бірнеше алаңқайлар қолданысқа берілді. Соның нәтижесінде, қалалық спорт бөлімі мен бұқаралық спортты дамыту орталығы “Street Workout” спортын дамыту мақсатында жастардың басын біріктіріп, үлкен чемпионат ұйымдастырды.

Бір айға созылған бәсекенің ақтық сайысында іріктелген 20 спортшы өзара үздікті анықтады. Үш жаттығу бойынша 70 ұпай жинап қарсыластарынан мықты екенін дәлелдеген Өтепов Амангелді қала чемпионы деген атаққа ие болды. 60 ұпаймен Типаев Саид екінші орынды иеленсе, 52 ұпай жинаған Шыңғалиев Олжас екінші орын алды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы мен кубок табыс етілді. Аталған үш спортшымыз Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады.

Сондай-ақ, мерекемен тұспа-тұс келген сайысқа кішкентай бүлдіршіндер де қатысты. Оларға  түрлі спорттық жабдықтар сыйға берілді.

Айта кетейік, “Street Workout” спортының Қазақстандағы бас жаттықтырушысы Айтым Жакупов сайысты тамашалауға арнайы келді. Алдағы уақытта Атырау облысында осы бір спорт түрін кәсіби түрде дамытуды қолға алатынын айтып өтті.

Хорлан Смадияр

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*