Атырауда Президент шыршасы өтті

АПТА: түйін Басты жаңалық Жаңалықтар Шаһар шырайы

Кеше еліміздің барлық өңірлерінде кішкентай қазақстандықтар үшін дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Думанды мереке мұнайлы өлкеде де ерекше салтанатпен ұйымдастырылып, оған 850 бала қатысты. Жаңа жыл алдындағы таңғажайып көрініс, зұлымдықты жеңген адал достық пен мейірім салтанат құрды. «Жайық» спорт кешенінде өткен шарада бүлдіршіндер тағы бір мәрте ертегі әлеміне саяхаттап, сүйікті кейіпкерлерімен жүздесіп үлгерді. Театрландырылған сахналық қойылымдар кіршіксіз сәби көңіліне қуаныш сыйлады.

????????????????????????????????????

Облыстағы 850 бала үшін бұл күн жағымды жаңалығымен есте қалатын болды. Себебі, олар өздері армандағандай Президент шыршасына қатысты. Шырша шарасында үлгі тұтар ағалардың тілегін тыңдап, таңғажайып көріністің куәгері болды. Жаңажылдық шыршаны айнала би билеп, ән шырқады. Өздері секілді дарынды өрендердің өнерін тамашалады. Бір сәт тарихқа шегініс жасап, тау тұлғалы батырлар бейнесін еске алды. Зұлымдықты жеңген жақсылық, түрлі көңіл-күйге бөлейтін шынайы сезім, міне, осының барлығы әдемі ертегі әлемінен көрініс тапты. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандық балаларды «сиқырлы айна» арқылы құттықтады.

  Баланың қуанышты сәтінен артық ештеңе жоқ. Балалардың алаңсыз, әрі бақытты болып өсуі үшін біз барлық жағдайды жасап береміз. Сондықтан, бәріңе де саналы тәрбие мен сапалы білім алуға ұмтылу қажет. Бүгінде дүние жүзі тәуелсіз Қазақстанды жарқын жетістіктері арқылы таниды. Осындай елде алаңсыз өмір сүріп жатқан бақытты балаларсыңдар! Жаңа жылда табыс, молшылық тілеймін, – деді Президент.

Бұдан соң Аяз ата шыршаның шамын жағып, сахна әдемі отшашумен көмкерілді. Жағылған шамның сиқырымен шырша түбіндегі қуыршақтарға жан бітіп, музыка әуенімен би биледі. Сондай-ақ, санаулы күндерден кейін төрімізге енетін жаңа жылмен атыраулық бүлдіршіндерді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, шынайы лебізін білдірді.

−  Әрқашан оқуда озат, спортта алда болуға, ата-аналарыңыз-дың, ұстаздарыңыздың айтқандарын орындап, өмірде өз орындарыңызды табуға шын жүректен тілектеспін. Елбасының тапсырмасын орындау бағытында жас буынның өсіп-өнуіне, жақсы тәрбие алуына жағдай жасап жүрген жергілікті атқарушы билік, ұстаздар алдағы уақытта да осы үрдісті жалғастыра береді.

????????????????????????????????????

Аймақта 115 мыңнан астам оқушы болса, Президент шыршасына қатысқандар –  қалалық, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиададан жүлделі оралғандар. Бұл сіздердің еңбектеріңіз. Өздеріңіз таңдаған арнаулы, жоғары оқу орындарында білімдеріңізді жалғастырып, елдің үлгілі азаматы атануға тілектеспіз. Бүгінгі жастарға ел мен Елбасы үміт артады. Ендеше, барлық жағдайды толыққанды пайдаланып, тәрбиені бойларыңызға сіңіріп, үлкен өмірге нық қадам басады деген сенімдемін, – деді ол.

Осыдан кейін «Атырауға келді Жаңа жыл» әні орындалып, балалар жаңажылдық шыршаны айнала би биледі. Содан соң «Батырлар» композициясы қатысушылар назарына ұсынылды. Бәрінен бұрын кішкентай меймандар сиқыршы, халықаралық байқаулардың бас жүлде иегері Ғалымжан Әуесбайдың «экстрим шоуына» таң-тамаша болысты.

Ал, «Аяз ата айласы» ертегісі балаларды таңғажайып әлемнен бір-ақ шығарды. Ертегі желісі бойынша бағзы заманда Жаңа жылдың қарсаңында жыл кейіпкерлерінің барлығы Аяз атаның үйіне түгел жиналады екен. Ол көңілді дастархан басында кезекті жыл басын тағайындайтын көрінеді. Алайда, «мыстан кемпір» жаңа жыл иесі – торайды өз үйшігіне әкетіп, ұйықтатып тастайды. Жақсылық жасаудан, қуана білуден бейхабар зұлымдық жаршысы «достарын» құтқаруға келгендерді де алдап, қолына түсіреді. Бірақ, достық пен мейірімділік жамандықты жеңіп, мыстан балалармен бірге жаңажылдық шыршаға қатысты.

Президент шыршасына қатысушылар сыйлықтан да құралақан қалмады. Оларға  күртеше, қысқы аяқ киім, бас киім, спорттық киім, оқу құралдары мен тәтті сыйлықтар берілді.

Айбөпе САБЫРОВА,

 Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *