Атырауда оркестрлер мен ансамбльдер шеруі өтті

Кеше Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің мәдени өмірінде елеулі оқиға болды. Білім және ғылым министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен алғаш рет еліміздің барлық аймағында бір уақытта балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері және ансамбльдерінің шеруі ұйымдастырылды.

ЕАС 214

Парух МАРДАНОВ,

еңбек ардагері:

Біз көрген бейнетті ұрпағымызға бермесін!

– Болашақ – жастардың қолында. Сондықтан, олардың дені сау болып, жақсы білім мен тәрбие алып өскенін қалаймыз. Қолымыздан келгенше соларға жәрдемдесуге тырысамыз. Аға ұрпақтың бастан кешкен бейнетін, сұрапыл соғысты бүгінгі буын көрмесін. Әрқашан аспанымыз ашық болып, бейбітшілік мәңгілікке орнаса екен деп тілейміз.

Жыл сайын осы қалпымыздан таймай, амандықта жүздесе берейік. Аймақтың төл басылымы «Атырау» газеті арқылы облыста алғаш рет өткізіліп жатқан шеру туралы хабарландыруды оқып, көңіліміз марқайды. «Жақсыны – көрмекке» деген бар ғой, осы игі бастаманы ұрпағымыз да көрсін деген ниетпен шөбереміз Дәулетті де ертіп мерекеге келдік. Мейрам бізге зор қуаныш сыйлады.

ЕАС 334

Долорес ТАСҚАРИНА,

Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының директоры:

Ұмытылмастай әсер қалдырды

– ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен биыл музыканттар мен оркестр ұжымдарының Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шеруі тұңғыш  рет ұйымдастырылып отыр. Оған көп дайындық болды. Жаңа жылдан бері арнайы костюмдер тіктіріп, құрал-жабдықтар алып, қызу әзірлендік.

Жалпы, мұндай шерулер Еуропада бұрыннан бар. Енді Қазақстанда да қолға алынды. Яғни, өзіміздің ұлттық музыкалық аспаптарымыз танылып, халқымызға тән болмысымыз паш етілді.

Бұл шараға Кіші өнер академиясынан 150 бала қатысты. Мереке жалғасын тапса, біз бұдан да көп оқушыларды тартуға мүдделі екендігімізді жеткіземін. Ал, облыс  бүлдіршіндеріне  жарқын  болашақ тілеймін.

ЕАС 583

Әнуар ҚАЛИЕВ,

«Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» колледжінің студенті

Болашақ – біздің қолымызда

– Ел тарихында алтын әріптермен жазылатын маңызды оқиғаға қатысу – үлкен мәртебе. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жастардың қолында десек, олардың бойына рухани, адамгершілік, патриоттық сананы сіңіріп, бағыт-бағдар беру – бүгінгі басты міндет. Осы орайда  насихаттық шаралардың да рөлі зор екені даусыз. Елбасы Жолдауындағы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру – бүгінгі ұрпақтың, яғни  жастардың басты мақсаты.

Шыны керек, жыл сайын балалар мерекесін атаусыз қалдырмаймыз. Бұл шараға сәуір айынан бастап дайындалдық. Біз барабаншылар ұжымы болып өнер көрсеттік.

ЕАС 683

Әлия САЙЛАУ,

Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы:

Шеруге қатысқанымды мақтан тұтамын

– Биыл  Халықаралық балаларды қорғау күнін ерекше жағдайда тойладық. Алғаш рет облысымызда жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі ұйымдастырылып отыр. Мұндай шара еліміздің барлық қаласында өткізілуде. Жалпы, бұған дейін де түрлі шерулер туралы естіп, көріп жүрміз ғой. Бірақ, бұл жолы оған өзім де қатысқандықтан алған әсерім тіптен бөлек.

Білім нәрімен сусындап жатқан Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясының өткен оқу жылында жеткен жетістіктері аз емес. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаздарымыз бар білгенін шәкірттерінің бойына сіңіруге еш жалықпайды. Оқушылардың түрлі деңгейдегі сайыстардан жүлделі оралуы да – мұғалімдеріміздің елеулі еңбегінің нәтижесі. Бір сөзбен айтқанда, Атырау қаласындағы бірегей білім ордасында оқып жатқанымды мақтан тұтамын. Алдағы уақытта да мектеп ұжымының бізге артқан үмітін ақтап, сенімнен шығуға тырысамыз.

Елбасының Жолдауындағы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруда балалар мен жастардың музыкалық мәдениетін арттыру, облыс бойынша білім мекемелерінің беделін көтеру, маңыздылығын кейінгі ұрпаққа насихаттау, өнердің қасиетін бағалау мақсатында қолға алынған бастама енді дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілмек.

– Қазіргі таңда еліміз – әлемдік қауымдастықта өркениеттің басында келе жатқан мемлекет. Мұның барлығы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатта жүргізіп отырған сарабдал саясатының нәтижесі. Сондай-ақ, бүкіл қазақстандықтардың Мемлекет басшысы белгілеген бағыттарды қолдауының жемісі. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуді» қазақстандықтар әлемге үлгі етуде. Біздегі тұрақтылық, қоғамдық келісім, дамуға жасалған барлық жағдайларды көптеген елдер өздеріне үлгі тұтып, тәжірибе алмасу бағытында қолданып келеді. Елбасы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуы үшін халықтың бәсекеге қабілетті болуы керектігін үнемі айтып келеді. Соның ішінде өскелең ұрпаққа сапалы білім, тәрбие берудің маңыздылығын атап айтты. Президенттің тапсырмасына сәйкес барлық білім беру, тәрбие ұйымдарында қажетті жағдайлар жасалған. Материалдық-техникалық база, оқу-әдістемелік құралдар, арнайы спорт залдары, кітапханалар, қосымша үйірмелер  белсенді жұмыс жасауда. Соның нәтижесінде қазіргі қазақстандық жастар – өз қатарластарының алды. Бірақ, жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, болашақта алға қарай ұмтылуы қажет, – деп облыс әкімі Нұрлан Ноғаев балаларды мерекемен құттықтады.

Мәліметтерге сүйенсек, шеруге еліміз бойынша қырық мыңнан астам оқушы мен студент қатысты. Ал, Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңынан бастау алған шеруде облыс орталығындағы өнер ұжымдары, атап айтсақ, барабаншылар, үрмелі және ұлт аспаптар оркестрлері, би және хор ұжымдары жиырма колоннамен жүріп өтті.

Шеруді Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы құрамындағы №5546 әскери бөлімінің оркестрі бастады. Оркестрдің әскери дирижеры – капитан Нұржан Дәуленов.

«Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің барабаншылары, ұлт-аспаптар оркестрі мен хор ұжымы әр колоннаға бөлініп, шеруді жалғастырды.

Білім және өнер ордасы – Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының шәкірттері – «Нұрғиса» ұлт аспаптар оркестрі, мажореткалары, «Чирданс» үлгісіндегі композициялары, «Үркер» хор ұжымы да шерудің сәнін келтірді. «Нұрғиса» оркестрінің көркемдік жетекшісі – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Талғат Камалиденов.

Оркестр бірнеше республикалық және халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иемденген. Атап айтсақ, республикалық «Ботақан», «Жас музыкант», халықаралық «Тұлға» байқауларының бас жүлдегері атанған. Ал, «Үркер» хор ұжымы – республикалық «Жас музыкант байқауының» бас жүлдегері.

Сонымен қатар, Атырау қалалық музыка мектептерінің оқушыларынан құралған домбырашылар ансамблі, Назарбаев Зияткерлік мектебінің барабаншылары мен бишілер тобы, «Фламинго» би тобы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің музыка кафедрасының ұжымы студенттік оркестрі, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық және Атырау сервис колледждерінің студенттері бұл шараға белсене қатысты.

Облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы №11, Д.Байбосынов атындағы №13, Абай атындағы №15 және №2 орта мектептер, №30 мектеп-гимназиясы, №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының оқушылары «Чирданс» үлгісіндегі композицияны тарту етіп, әсем киімдерімен, өнерлерімен жиналған жұртшылықты тәнті қылды.

Черлидинг – бұл гимнастика, акробатикалық тұрғыдағы спорттық би қимылдарының бір үлгісі. Әртүрлі спорттық ойындарда қолдаушылар ретінде танылған топ бұл жолы да көпшілікті әсем қимылдарымен баурап алды.

Р.S. Мың жарым бала орталық алаңнан шығып, Қ.Сәтбаев көшесі арқылы орталық көпірге дейін шеру тартты. Керемет музыкалық репертуар, аспаптардың әртүрлілігі,  түрлі өнерді біріктірген бағдарламалар, ұжымның бірыңғай киімдері мен театрландырылған шеру айрықша әсер қалдырып, балалық шақтың жарқын мерекесін одан әрі айшықтандыра түскені сөзсіз.

Айгүл Ертілеу/Айбөпе Сабырова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*