Атырауда облыстық термешілер байқауы өтті

Қазақ халқына ғана тән өнердің көне түрі мұнайлы өлке сахнасында қайта жаңғырып, жандана түсті. Ұлттық болмысымызды танытатын облыстық термешілер байқауында жеңімпаз атанған индерлік Гүлдана Тайырова Атыраудың абыройы мен намысын республикалық сайыста қорғайтын болады. Асылын аялайтын, күмбірлеген күй мен әсем әнін, жыр-термесін қастерлейтін көрерменге онға тарта сайыскердің термесі ұсынылды.

Текті сөздің төресі

Елімізде «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын аймақта іске асыру жоспары аясында ұйымдастырылған сайысқа облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйытқы болды.

– «Өткенді білмей, болашақ жоқ» дегендей, қазақ халқы талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткерсе де, қалыптасқан мәдениеті мен дәстүрін, салтын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Бұл үрдіс еліміз егемендік алғаннан кейін де жалғасты. Мемлекет басшысының өнерді қолдауына жұртшылық куә. Облыстық термешілер байқауы соның айқын көрінісіндей. Жалпы, терме нақыл сөз үлгісінде құрылып, әдетте өнегелі, нұсқалы сөздердің тізбегіндей жалғаса түседі, – деді Әлібек Ибатоллаұлы.

«Кіл жүйрік емес, шын жүйрік» демекші, байқауда термешілер тіліміз бен дәстүрімізді, тарихымыз бен ұлттық құндылықтарды насихаттап, сазды әуенге салды. Байқау талабы бойынша әр сайыскерге 10 минут берілді.

Тект¦ с__зд¦__

Сонымен, сахна төріне Атырау қаласынан Аяжан Еркінғалиева «Қанекей, тілім, сөйлеші!» термесімен шықты. Содан соң Самал Өмірзақова «Қазағым», құрманғазылық Толыбай Қажыгереев «Алашорда арыстары», исатайлық Берікбол Қонаров «Тәуелсіздік толғауы», индерлік Гүлдана Тайырова мен қызылқоғалық Берік Амантаев «Қазақстан – мәңгілік ел», жылыойлық Әсет Дүйсембайұлы «Жайық деген жанды су»  деп тебіренсе, «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің шәкірттері Нұрдәулет Ахмедияр «Алашорданың 100 жылдығы», Аманжол Дауылбаев «Желдірме», Бексана Оңдағанова «Халқыма кеңес жазайын» термесін орындады.

Айта кету керек, термеде сөздің мағынасы, әсерлілігі, ырғағы ширақ келуі қандай маңызды болса, домбыраның, сүйемелдің де үлкен мәні бар. Ой айқын, анық жеткізуге лайық қысқа қайырылатын, жеңіл желдірмелі әуенмен айтылады. Мысалы, индерлік Гүлдана Тайырованың:

– Қалағандарыңыз сөз болса,

Айтамын елдің мен жырын.

Тәуелсіз ел бүгінгі

Исатай мен Махамбет

Бабадан қалған белгіміз… – деп басталып, әрі қарай бір-бірімен үндескен шумақтарды әуен әсерлендіре түскендей.

Текті сөздің төресі – терме

Үміткерлер өнерін «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішов, Н.Жантөрин атындағы филармония әншілері – мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпова мен республикалық конкурстардың лауреаты  Манарбек  Дәулетов сарапқа салды. Сөйтіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» оза шапқандар анықталды. Байқауды қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы Әбілхан Сейтімұлы сайыскерлерге әлі де дайындықты күшейту керектігін атап айтты.

– Басқа өнерге қарағанда, халқымыздың тәлім-тәрбиесі термемен де қалыптасқан. Демек, оның алар орны ерекше. Шын мәнінде, термені жүрекпен айту керек, тақырыптан ауытқымау қажет. Осы орайда, үміткерлер әзірлігінің кемшіліктері  байқалып тұрды. Облыс намысын республикалық сайыста қорғайтын бас жүлдегер осыған мән бергені жөн, – деді ол.

Сөйтіп, қазылар алқасының шешімімен ІІІ орын Нұрдәулет Ахмедиярға, ІІ орын Толыбай Қажыгереевке бұйырды. І орынды Самал Өмірзақова еншіледі. Ал, бас жүлдені (100 мың теңге) индерлік Гүлдана Тайыроваға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Баязи Әбдешев табыс етті.

 

Гүлдана Тайырова, Индер ауданы:

– Балалық шағым Индер ауданының Бөдене ауылында өтті. Биыл мектеп бітіремін. Сондай-ақ, ауылдағы өнер мектебінің жетінші сыныбында оқимын. Бұған дейін көптеген республикалық, халықаралық, облыстық жарыстарға қатысып, бағымды сынап көрдім.

Бұл байқауға жерлес ақын Мұрат Таласовтың авторлық шығармасымен келдім. Оны «Жайық деген жанды су» мақамына салып орындадым. Онда ел тәуелсіздігі, 1930-40 жылдардағы халқымыздың саяси ахуалы, мемлекеттік рәміздеріміз туралы айтылады.

 

Берікбол Қонаров, Исатай ауданы:

– Бұған дейін ауданда өткен осындай шараларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Бұл байқау менің терме өнеріндегі алғашқы баспалдағым десе де болады. Аққыстау халық театрының қоюшы-суретшісі болып еңбек етудемін.

Бүгін орындаған  шығармамның  әуенін де, сөзін де өзім дайындадым. Айтыскер ақын Амангелді Панабердиев бағыт-бағдар беріп, білгенін үйретуден тайынған емес. Оның кеңесімен кейбір иірімдерді термемде қолдандым.  Мәселен, әріптерге үн қосу, кейбірін созу, әрбір жолдың соңында артық ноталар пайдалану арқылы әуенді әсерлеу секілді кеңестерін ескердім.

Айбөпе Сабырова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*