Атырауда облыс әкімінің қатысуымен «Жас Отанның» конференциясы өтті

«Жас Отан» Жастар қанаты жыл басынан бері 321 жас маманның жұмысқа орналасуына ықпал етті. Бұл кеңес беру орталығының тікелей стаститикасы. «Яғни,  Атырау қаласындағы халық көптеп шоғырланған «Дина» сауда үйінде  орналасқан орталыққа және  аудандардағы «Жас Отан» бөлімшелеріне 1154 жас хабарласып,  қажетті кеңестер алды» деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалы төрағасы Ринат Ғилажев аталған ұйымның кезекті конференциясында.

ЕАС 063

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысқан жиында «Сәтті қадам» жобасының нәтижелері туралы да айтылды. 2016 жылы облыс бойынша, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 105 түлек оқуын аяқтап, оның 85-і жұмысқа орналастырылған. «Биыл мұндай категориядағы 87 түлек оқуын бітірді. Мемлекеттік, мұнай және бизнес субъектілерімен арадағы Меморандум негізінде, 22-сі жұмыспен қамтамасыз етілді» деді спикер Ринат Ғилажев. Айта кетерлігі, биыл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 609 бала шекті балл жинай алмаған. Тестілеуге қатыспаған 1263 түлек бар. Қазіргі таңда түлектерді жұмысқа орналастыру және қайта даярлау қолға алынуда.

ЕАС 114

Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» картасына Жылыойдағы Ақмешіт, Ұшқан ата, Индер ауданындағы Махамбет бабамыздың кесенесі, Сарайшық қалашығы енгізілді. «Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Жуырда «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалы «Қарой – Шейітсай – Қарой» автожорығын ұйымдастырды. Батыр бабаларымыз  Исатай мен Махамбет туралы қосымша тың деректер жинақталған  экспедиция жұмысына жастар да қатысты» деп атап өтті «Жас Отан» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалы төрағасы Ринат Ғилажев.

ЕАС 134

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың пікірінше, елімізде ұрпақтар сабақтастығы толықтай қалыптасты. «Бүгінгі жетістігіміз аға буынның еселі еңбегінің нәтижесі. Осынау ізгі істі білімге, ғылымға, жаңалыққа құштар жастарымыз жалғап келеді. Бәсекеге қабілетті азамат болу – ең алдымен әр жастың өзіндік мүддесіне айналуы тиіс. Аса бір көп күшті қажет етпейтін тазалық мәселесін алайық. Бұл жерде әңгіме көшедегі қоқыс туралы емес. Жан тазалығы туралы. Айналамен дұрыс қарым-қатынас жасай білу, жақсылыққа ұмтылу, сана тазалығы, міне, осындай мәселелер әр шаңырақтағы, оқу орындарындағы күнделікті қозғалатын бас тақырыпқа айналуы тиіс» деген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жастарға сәттілік тіледі.

ЕАС 041

ЕАС 096

ЕАС 047

ЕАС 135

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Назерке КУСЕСОВА,

«Әйкөркем және Райымбек» қожалығының директоры, жас кәсіпкер:

– Сән әлемінде еңбек етіп жүрген жерімнен ауыл шаруашылығы саласына бет бұруым өмірлік бағдарымды айқындап берді. Бүгінде отбасылық бизнесіміз – «Айкөркем» шаруа қожалығы табиғи, таза ет өндіру ісін қолға алды. Қазір еліміздің батыс өңірін қамтып отырмыз. Алға қарай өнімді экспортқа шығарып, шаруашылықты көп салалы ету ойымызда бар.

Олжас СҰЛТАНОВ, НКОК компаниясының маманы:

– Мен «Келешек Атырау» ұйымының жетекшісімін. Ұйым он адамнан тұрады. Сәуір айында жұмысшы жастардың І конгресін өткіздік. Оған Орал, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Астана және Ресей елінен жастар қатысты. Конгрессте жастар баспанамен қамту, жалған діни ұйымдар мәселесін көтерді. 26 қыркүйек күні қазақ тілін еркін меңгергісі келетін жастар үшін акция өтеді. Қазірдің өзінде фейсбук желісі арқылы 150 адам қатысуға ниет білдіріп отыр.

Әйгерім ҚҰРМАНБЕРЛИЕВА,

«Жас Отан» Жастар қанатының Махамбет аудандық бөлімшесінің жетекшісі:

– Рухани жаңғыру менің ойымша,  қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өмірлік азық болатын 45 қара сөзі мен ғибратты жырларын терең меңгеріп, түйгенімізді саналы іскер асырудан басталады.  Абайды оқу арқылы,  білім, өнер, мәдениет көкжиегіне шыға аламыз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*