Атырауда қоғамдық әжетхана неге жоқ?

Газетіміздің байырғы оқырманы әрі тұрақты авторы Жарылған Сәрсен ағамыз жасы ұлғайса да, қолынан қаламын тастамай келеді. Әркез келелі ойларымен бөлісіп, хат-хабарларын аяқтай әкеп тұрады. Сондай бір келгенінде: «Мына жерден шықпайсыңдар-ау, шамасы. Ана Сағызға барып көріңдер, ең кішісі, қысылған адам қайда барарын білмейді: туалет жоқ!» – дегені. Расында да, тоғыз жолдың торабы атанған Сағыздың теміржол вокзалынан бір де бір әжетхана таппайды екенбіз. Былай қарағанда, айтуға ыңғайсыз, әңгіме етуге тұрмайтын нәрсе көрінгенімен, шындап қысылғанда, «ішің босатар» арнаулы орынға зар болатының шындық.

2255340

…Бірде алыс ауылдан абысыным келді. Шаруасы – ұлының тойына несие алу. Облыс орталығындағы талай банк бөлімшелерін аралап, әбден шаршаған оның кенет кіші дәретке барғысы келеді. Банк қызметкеріне осы жәйді айтқанда, ол: «У нас только служебный туалет, посетителям туда нельзя!» – деп қайтарып тастайды. «Енді не істеймін, Құдай-ау, қайда барам?!» деген ойдағы бейшара әйел далаға шығып, сол маңдағы бес қабатты үйге кіріп, көзіне іліккен бір пәтердің қоңырауын басады. Есік ашқан өрімдей жас келіншекке өзінің қысылып тұрғанын, мүмкін болса, әжетханасына кіріп шыққысы келетінін айтады. Анау тілге келместен есігін тарс жауып алады. Қызықтың көкесі енді басталады.

«Осыларға неменеге жалынып жүрмін, одан да үйлердің тасасына отыра салмаймын ба?!» деп ойлаған абысыным асықпай «шаруасын» бітіріп алады. «Уһ!» деп терең тыныстап, көше бойына шығады. Сол мезетте қайдан келіп қалғаны белгісіз, оны полицей жігіттер тоқтатады да: «Кешірерсіз, апа, сіз тәртіп бұздыңыз. Бізбен бірге ішке жүріңіз!» – деп, дедектетіп полиция бөлімшесіне алып келеді. Онымен қоймай, хаттама толтырып, айыппұл төлеу қажеттігін айтады. Абысыным да осал адам емес-ті, «бастыққа апарыңдар мені!» деп, бар жағдайын сол кісіге жеткізеді. Ауылға кетерінде маған қарата: «Жазып жатырсыңдар, жазып жатырсыңдар, одан да осындай қиындықты – қысылғанда баратын бір әжетхананың жоқтығын жазбайсыңдар ма?! Қала көшелерінің көзден тасалау жерлеріне бірлі-жарым әжетхана салса, артық бола ма? Масқара ғой мынау!» – дегені. «Ауылдан келген абысыным айтты» демесем, өте орынды реніш.

Осы оқиғаға да бес жылдың жүзі болды. Кездескенде: «Апа-ау, кіші ұлыңыз да ержетіп келеді. Үйленетін болса, тағы да қалаға келесіз ғой…» – десем, абысыным: «Бұрын білмедім. Енді үлкен дайындықпен – «памперспен» барамын!» – дейді күліп. Расында да, әсем қаламыздың қадірлі қонақтары мен байырғы тұрғындары үшін үй тасаларынан болса да, тірі пенденің қажетін өтейтін орын ашып қойса, артық па? Бұл туралы, бәлкім, кәсіпкерлер де ойланып көрер. Оның үстіне қазір тегін ештеңе жоқ қой.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*