Атырауда мыңнан аса адам туберкулезге қарсы күрес диспансерінде тіркеуде тұр

Атырау облысында туберкулез аурушаңдығы мәселесі жергілікті атқарушы органдарды және жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Мамандардың мәліметінше, бүгінде аймақта 1003 адам туберкулезге қарсы күрес диспансерінде тіркеуде тұр. Ауруды жою жолдары Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен жиналыста талқыланды.

WhatsApp Image 2018-04-20 at 14.56.38 (1)

Жиналысқа ҚР ДМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов шақырылды. Орталықтың бір топ қызметкерлері бірнеше апта бойы облыс тұрғындары арасында туберкулез аурушаңдығына мониторинг жүргізіп, себептері мен салдарын анықтаған.

М.Әденовтің айтуынша, қазір Қазақстандағы туберкулезге қарсы күрес қызметі жаңа технологиялар арқылы өзгеру сатысында. Соның нәтижесінде республикадағы стационарлар саны 89-дан 40-қа азайды. 2035 жылға дейін бұл аурудың көзін жою міндеті тұр.

– Атырау облысында туберкулезбен аурушаңдық деңгейі 36,3%-ға азайып, үш жылда 19,7%-ға қысқарды. Ауруды анықтау бойынша стационарлар мен емханалар арасында тығыз байланыс орнату керек. Науқас пен оның айналасындағы адамдарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Соңғы жылдары туберкулезді анықтау мен емдеудің жаңа түрі енгізіле бастады. Осы бағытта аймақта атқарылатын жұмыс көп. Кадрларға байланысты проблема да бар, – деп атап өтті М.Әденов.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева ауруды ерте сатысында анықтау үшін диагностикалық құралдарды, жылжымалы рентген құрылғыларын сатып алуға 201 млн теңге бөлінгенін атап өтті. Туберкулезге қарсы күрес диспансерінде есепте тұрғандарды әлеуметтік жағынан қолдауға 2018 жылдың бірінші тоқсанында 16,8 млн теңге қаралған.

WhatsApp Image 2018-04-20 at 14.56.39 (1)

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайысовтың айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге жаңа шипажай салынуы керек. Екпеден бас тарту мәселесі де өзекті болып отыр.

– Өткен жылы 468 ата-ана балаларына екпе салдыруға қарсылық білдірді. Басым бөлігі діни ұстанымдарына қатысты. Кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізіп, екпе салу мен рентгенге түсуді міндеттеу керек. Атырауда Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының бөлімшесін ашу туралы да ұсыныс бар, – дейді Е.Уайысов.

Облыс әкімінің пікірінше, туберкулезге қарсы күрес шаралары кешенді түрде жүруі керек. Бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желіні іске қосып, осы жұмыстарға тәжірибелі ҮЕҰ-ды тарту керек.

– Облыс әкімі орынбасары төрағалық ететін үйлестіру кеңесі бар. Ай сайын осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар бойынша аудандардың есебін тыңдаймыз. Кадр жетіспеушілігі мәселесі көтеріліп отыр. Биыл денсаулық сақтау саласына 100-ден астам маман тартылды. Өткен жылы 35 студентке грант бөлдік, биыл тағы қосымша грант қаралады. Осы мамандарды, аудандардағы дәрігерлері тұрғын үймен қамтуды тапсырамын. Алдыңғы кезекте, фтизиаторларды, – деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы басқа өңірлердегі туберкулезбен күресте қолданылатын тәжірибені зерделеуді, жаңа технологияларды пайдалануды тапсырды.

– Оқу орындарында, еңбек ұжымдарында флюорография жүргізу бойынша жұмыстарды күшейту керек . Аймаққа келген мигранттарға көңіл бөлуге тиіспіз. Осы санатты азаматтарды қосымша әлеуметтік қолдау мәселесі қаралсын. Бұл денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің кәсібилігіне сын. Жоспарға сай жұмыс істесек, бұл шешілетін мәселе, – деді Нұрлан Ноғаев.

Жиналыс қорытындысы бойынша аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Хорлан СМАДИЯР

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*