Атырауда мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты жиын өтті

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты жиын өтті. Кәсіби мереке иелерін облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сүйіншәлиев құттықтады.

Мерекелік салтанат

– Елімізде 2013 жылдан бері маусым айының 23-і  Мемлекеттік қызметші күні ретінде атап өтіліп келеді. Мемлекеттік қызмет – аса маңызды және жауапкершілігі жоғары сала. Қазіргі таңда Атырау облысында 3500 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың жұмыс барысындағы азаматтармен қарым-қатынасы, қызмет көрсету деңгейі мен мәдениеті, сапасы үнемі бақылауда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттің басқару тетігін жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында жаңа реформаларды жүзеге асыру міндеті қойылып, нақты тапсырмалар берілген-ді. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде саланың оң имиджін, оның ішінде уақытылы ақпарат беру мен азаматтардың өтініштерін қарау, қол жеткі-зілген нәтижелер негізінде мемлекеттік органдардың қызметі туралы оң пікір қалыптастыру басты ұстанымға айналуы тиіс, – деді құттықтау сөзінде               Жасұлан Асқарұлы.

Мұнан кейін ол мемлекеттік қызметте мінсіз қызметімен көрінген кәсіби мереке иелерінің бір тобына «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тапсырды. Мұндай жоғары марапатқа ие болғандардың қатарында Қамқа Нығметова (Махамбет аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары), Мұхтар Ізғалиев (облыстық дін істері басқармасы діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы), Тұраргүл Ізбасова (облыс әкімі аппараты мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауды үйлестіру бөлімінің басшысы), Күлмайраш Санаева (облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасы мемлекеттік қала құрылысы кадастры және мониторинг бөлімінің басшысы), Жансих Маштахов (Исатай аудандық мәслихаты аппаратының басшысы) бар. Мемлекеттік қызметшілердің тағы бір тобы Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Руслан Тұңғышбаев бір топ әріптесін ведомоство басшысының Алғыс хатымен марааттады. Сондай-ақ, салтанатты жиында департаменттің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік мемлекеттік қызметші» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды. Жұмысқа жаңадан қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер  Ант берді.

Дәулетқали АРУЕВ

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*