Атырауда енді гаджетті сымсыз қуаттауға болады

«Болашақтың энергиясы». Ел жүрегі – Астана төрінде осындай тақырыппен өткен «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі баламалы қуат тақырыбындағы ғылыми ізденістерге жол ашты. Нәтижесінде көптеген жаңашыл жобалар өмірге келді. Соның бірі – смартфонды күн энергиясымен қуаттауға мүмкіндік беретін күрке. Қазақстандағы баламасы жоқ инновациялық жоба  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде іске қосылды.

Гибридті жасыл энергия

Гаджеттерді сымсыз қуаттау стансасы қазір университет базасындағы ең көп сұранысқа ие алаңға айналды. Күрке айналмалы шатыр арқылы жұмыс істейді. Университеттің медиа-қызмет орталығының хабарлауынша, ол күні бойы энергияны өз бойына жинақтайды. Осындай қарапайым ғана процестің нәтижесінде гаджеттерді тәуліктің түнгі мезгілдерінде де сымсыз қуаттай аласыз.

Университет пен «TEKSAN Kazakhstan Invest» компаниясының бірлескен ғылыми жобасы осылайша, электр энергияларын берудің қолданыстағы жүйесіне жүктемені төмендетуге, сонымен қатар, жүктемеге байланысты ток беру желілеріндегі шығындарды азайтуға жол ашып отыр.

«TEKSAN» компаниясының жоғары сапалы өнімдері отандық нарықпен бірге, шет елдерді де бағындырып отыр. «Made in kz» өнімдері ТМД кеңістігімен бірге, Біріккен Араб Әмірлігі, Панама секілді елдерде де сұранысқа ие.  Бүгінде «TEKSAN» сауда маркасындағы өнімдер өндірістік және кеңселік жарықтандыру жабдықтарының барлық түрлерін қамтиды.

Өткен жылы ғана әлемге әйгілі «Nike» компаниясы «Болашаққа шегініс» фильмі арқылы өздігінен бауы байланатын кроссовкаларын жарнамалаған болатын. Технологиялық өрлеу жаңалықтарының өзіміздің өлкемізде еш кедергісіз іске қосылып жатқандығы қуантады.

Айта кетелік,  гаджеттерді сымсыз қуаттау стансасы, яғни, айналмалы шатыр жобасы – ЕХРО көрмесіне Атыраудан ұсынылған технологиялық жаңалықтардың бірі.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*