Атырауда экология мәселесіне қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Атырау облысының тұрғындарын иіс мәселесінің алаңдатып отырғаны белгілі. Осы ретте облыс әкімдігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, өзекті мәселені шешу жолында атқарылып жатқан негізгі жұмыстар туралы айтып өтеміз.

ФОТО - АТЫРАУ

1.Атырау қаласында Жайықтың сол жағалауында кәріздік суларды тазарту имаратын салу жұмысы басталмақ. Қазіргі таңда Атырау қаласында кәріздік сулар тазаланбай бірден буландыру алаңына төгіліп келеді. Бұл қатты жел кезінде қала ішінде жағымсыз иістің сезілуіне әкеліп отыр.  Осы мәселені шешу үшін биылдан бастап Атырау қаласының сол жағалауындағы кәріздік тазарту имаратының құрылысын бастау жоспарланған. Нысан 2019 жылы тапсырылмақ. Егер кәріздік сулар тазартылатын болса, қала құрылғаннан бері қызмет атқарып келе жатқан “тухлая балка” буландыру алаңының мәселесі шешіледі. Кәріз тазарту алаңы іске қосылған бойда осы буландыру алаңын рекультивациялау жұмысы басталады. Осы шаралардың арқасында Атырау қаласының сол жағындағы иіс мәселесі шешімін таппақ.

Сонымен қатар, Жайықтың оң жағындағы кәріздік суларды тазарту имараты 2012 жылдан бері жұмыс істемей, лас сулардың халық арасында “квадарат” деп аталатын буландыру алаңына тікелей төгіліп отырғаны белгілі. Осы мәселені шешу үшін биыл буландыру алаңын реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама жасақтау басталды. Осы жұмыс аяғына дейін жеткен соң, қаладағы негізгі ластауыш көз – кәріз сулары мәселесі шешіледі..

2.Атырау қаласының маңынан жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады. Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 1977 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қаланың кеңеюіне байланысты ол бүгін қалаға жақын – 5 шақырым жерде тұр. Сондықтан қазір жаңа полигон салу жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Келер жылы оның құрылысын салуды бастау жұмысы қарастырылмақ. Айта кетелік, жаңа полигон әуежайдан 15 шақырым қашықтыққа белгіленген.

3.АМӨЗ-дегі мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені салынуда. Бұл кешен Атырау мұнай өңдеу зауытын модернизациялаудың соңғы кезеңінің аясында іске асырылып отыр. Мұнда қолданылатын жаңа технологиялардың іске қосылуымен ауаға тасталатын зиянды заттардың көлемі азаяды деп күтілуде. Осылайша жанар-жағармай тауарының сапасы артып, мұнай ресурсын тиімді пайдаланылуға қол жеткізіліп, аймақтағы экологиялық қауіпсіздік жақсара түспек. Жұмыс мемлекеттік бағдарламалардың аясында жүзеге асырылып отыр.

4.Биылдан Атырау мұнай-өңдеу зауыты жүк тасымалы жолын қаладан шығарды. Бұған биыл іске қосылған жаңа “Өндірістік” станциясы мен айналмалы темір жол желісінің ашылуы мүмкіндік беріп отыр. Осылайша проблема ретінде көтеріліп келген АМӨЗ-ге қатысты қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік, шу мәселесі шешімін тапқан.

Айта кетелік, бұған дейін зауыттағы жүк тасымалы және цистерналарды буландыру, құю, төгу қала аумағында жасалып, тұрғындарға қауіп төндіріп келді. Қазір бұл жұмыс қаладан 8 шақырым жерге ығыстырылып отыр.  Бұл өндірістің қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендетіп, ауа тазалығының артуына ықпал етеді.

5.Атыраудың жасыл белдеуі құрылады. Ластауыш заттарды азайтудың табиғи жолы – жасыл ормандар екені белгілі. Осы себепті Орман және жануарлар комитеті арқылы биыл Атырау қаласының жасыл аймағын құруға қатысты іздестіру жұмыстары жүргізілді. Келер жылы жасыл аймақ құру жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталады. Осылайша 2019 жылы қаланың жасыл аймағын құру басталмақ. Бұл – 4-5 мың гектар жерге орман ағаштарын өсіру, оны күтіп-баптау жұмыстары.

6.Саябақтардың ашылуы. Атырау қаласында биыл қаланың ортасынан “Теңізшевройл” компаниясының демеушілігімен салынған “Ретро-саябақ” іске қосылды. Сонымен қатар, Халел Досмұхамбетов атындағы университет жанындағы Жайық өзені жағасында Жастар саябағын құруға жобалық-сметалық құжаттама дайын.

Айқара Ғұмар

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*