Атырауда домбырашылар сайысы өтті

Дәулескер күйшілердің туындыларын нақышына келтіре орындап, Динаның рөлін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Бақыт Қарабалинаның өнері қайта жаңғырды. Мұнайлы өлкеде «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» форум-фестивалі аясында өткен республикалық домбырашы қыз-келіншектер сайысы біртуар тұлғаның шығармашылығын насихаттауға арналды. Он бес сайыскер үмітін үкілеп келген жарыс екі күнге созылды. Облыстық филармония залы көрерменге лық толды.

карабалина

Орындаушылық қырларымен өзіндік жеке күйшілік мектебін қалыптастырған қазақтың дарынды перзенті ел мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Ол төкпе күйдің Отаны саналатын Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылында өмірге келіп, талай тарлан түлеп ұшқан өнер ордасынан білім алды. Әзидолла Есқалиев, Нұрғиса Тілендиев, Ахмет Жұбановтың батасын алған Б.Қарабалина 1983 жылы «Қайран шешем» фильмінде Динаның рөлін сомдап, актерлік шеберлігін таныта білді. Ұдайы жаңашылдықты жаны қалап тұратын ол шетел композиторларының шығармаларын домбырада ойнап, халық арасында кеңінен насихаттады. Біртуар тұлға 1991 жылы дүниеден озды. Демек, қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Бақыт Қарабалинаның шығармашылығын жас ұрпақтың санасына ұялату – бүгінгі буын міндеті болып қала бермек. Атырауда тұңғыш рет өткізілген республикалық домбырашы қыз-келіншектер сайысы осы мақсатта ұйымдастырылып отыр.

Ел көлеміндегі шараға Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Ақтау, Астана, Атыраудан он бес сайыскер қатынасып, бақ сынады. Дүлдүл күйшілердің өнерін бағалайтын қазылар алқасына Мемлекеттік  академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі, Бас дирижері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», күйші, дирижер, композитор, профессор Айтқали Жайымов жетекшілік етті. Үміткерлерге баға бергендер қатарында Бақыт Қарабалинаның ұлы Дәурен Әлімбай да болды.

Ал, сайыс ережесі бойынша оған 16 мен 35 жас аралығындағы қыз-келіншек қатынасты. Екі кезеңнен құралған жарыстың бірінші бөлімінде ұсынылған шығармалар ішінен өз таңдағанын орындаса, Құрманғазының «Қайран шешем» күйінің орындалуы міндеттелді. Сондай-ақ, Дина мен Дәулеткерей, Махамбет, Қазанғап, Түркеш, Сейтек, Мәменнің күйлерінен өз қалауымен бір шығарма назарға ұсынылды.

Атыраулық Айымгүл Саматова – бүгінде Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы, Атырау музыка колледжінің шәкірті бүгінгі сайысқа қатысушылардың бірі. Бақыт Қарабалинаның шетел композиторлары шығармаларын орындаудағы ерекшеліктеріне көбірек тоқталған ол бұл сайыс дәстүрге айналса екен дейді. Өйткені, «өткенді білмей, келешек жоқ». Ал, бірегей тұлғалардың өнерін халыққа паш етуді орындаушылардың басты міндеті санайды.

Екінші кезеңде таңдау бойынша орыс халық әндері, В.Моцарт, В.Монти, Й.Гайдн, Ф.Лист, Чайковский және тағы басқа шетел композиторларының әлемге танылған туындылары орындалды. Мұнда да орындаушылар өздерінің шеберліктерін байқатып, сайыс көрігін қыздыра түсті. Сөйтіп, екікүндік шара өз мәресіне жетіп қорытындысында I орынды астаналық Айымгүл Бекбаева, бас жүлдені атыраулық Назерке Базарбаева жеңіп алды. Жүлдегерлер мен дипломанттарға Алғыс хат пен арнайы дипломдар табыс етілді.

Айбөпе Cабырова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*