Атырауда құбыр арматурасын шығаратын зауыт іске қосылды

Мұнайлы өлке тағы бір өндіріс ошағымен толықты. Жаңа кәсіпорын мұнай-газ секторын құбыр біріктіргіш бөлшектермен қамтитын болады. Енді шетелдік компаниялар қажетті құралдарды алыстан тасымалдамай-ақ, жергілікті жерде шығарылған өнімді пайдаланбақ. Өткен сейсенбі күні құбыр арматурасын  шығаратын  зауыт   іске қосылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов, Ұлыбритания министрлігі халықаралық сауда департаментінің энергетика және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Кэмпбелл Кеир қатысты.

Құбыр арматурасы зауыты

Бұл өнімді  әлемдік нарықта барлық мұнай-газ  өндіру компаниялары қолданады. Демек, толықтай жөндеу, істен шыққан техникаларды қайта қосу кезінде осындай бөлшектер аса қажет. Өткен жылдың қазан айында жоспарланған бастама бүгінде ақиқатқа айналды. Биылғы қаңтарда қызметіне кіріскен серіктестік ұлыбританиялық «IPSS» компаниялар тобының еншілес қазақстандық өкілдігі болып табылады. Сондықтан, жаңа кәсіпорынға толықтай шетелдік инвестиция жұмсалып отыр.

Келешегінен зор үміт күттіретін компанияның даму бағдарламасы бес кезеңді қамтиды. Қазірде кәсіпорында бес маман ғана еңбек етсе, жыл соңына дейін қызметкерлер қатарын онға дейін көбейту жоспарланып отыр. Ол үшін тиісінше өндірілетін өнім көлемі көбеюі тиіс. Металдан жасалған түрлі бұйымдар (метиз), құбыр арматураларының бірнеше түрін шығару – болашақтың еншісінде. Ал, кәсіпорын ашылғаннан бері жарты жыл уақыт ішінде оған 500 мыңға жуық АҚШ доллары көлемінде қаржы құйылған.

Әрине, жаңа технология қолданысқа енгізілген сәтте кадрларды оқыту жайы да – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Осы орайда компания құрылтайшыларынан тәжірибелі мамандарды шақыртқан. Олар екі апта бойы осында болып, жергілікті жастарды оқытып, білімдерін жетілдірмек.

Осылайша, мұнайлы өңір мен Ұлыбритания арасындағы байланыс одан әрі нығая түспек. Кедендік статистика мәліметтеріне жүгінсек, аймақ пен  Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы қаңтар-мамыр аралығында 122,9 млн. АҚШ долларын құраған. Өткен жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда  биыл бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Соның ішінде экспорт – 81,2, ал, импорт – 41,7 млн. АҚШ доллары. Негізінен экономикасы қарқынды дамыған елге шикі мұнай экспортталатыны белгілі. Ал, Атырау облысында бүгінде британдық капитал үлесімен 126 кәсіпорын жұмыс істеуде. Алдағы уақытта олардың қатары бұдан да өсеріне сенім білдірген Сағындық Лұқпанов аймақта инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік мол екендігін атап айтты.

– Атырауда тек мұнай-газ саласында ғана емес, өзге де өндіруші, өңдеуші секторларда келешегінен үміт күттіретін тың бастамалар аз емес. Облыс елуден астам елмен тығыз қарым-қатынаста. Өңірде мыңдаған бірлескен кәсіпорын қызмет етуде. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жыл сайын жаңа өндіріс ошақтары ашылуда.  Құбыр арматураларын шығаратын зауыт – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Бұл – біздің бірлескен жұмысымыздың алғашқы қадамы, – деді ол.

Ұлыбритания министрлігі халықаралық сауда департаменті энергетика және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Кэмпбелл Кеир мемлекеттік бағдарлама аясында британдық компанияның Қазақстан нарығына кіргенін мақтан тұтатынын жасырмады. Өйткені, мұнда шетелдік инвесторларға кәсібін кеңейту үшін барлық  жағдай жасалған. «Жаңа зауыт қос ел экономикасының өркендеуіне оң әсер етері сөзсіз. Осынау тарихи сәтке куә болу – мен үшін үлкен мақтаныш. «IPSS» Англиядағы көшбасшы өндіруші компаниялардың бірі. Ол көптеген мұнай кәсіпорындарын құбыр арматурасымен қамтиды. Халықаралық сауда палатасының белсенді қатысушыларының бірі. Оған 60-қа жуық компания инвестор ретінде келді», – дейді Кэмпбелл Кеир.

«IPSS» басқарушы директоры Кевин Роули Қазақстанды алғашқы халықаралық инвестиция ретінде таңдағанын атап көрсетті. «Себебі,  экономикасы дамыған аймақтың нарығына ұзақ мерзімді, тұрақты сервис ұсына алатынымызға сенімдіміз»  деді ол.

Ал, аталмыш кәсіпорынның Атыраудағы еншілес компаниясын Әділбек Дәулетияров басқарады.  Зауытта шет елден әкелінген шикізат балқытылып, қайта өңделіп дайын күйінде тапсырыс берушіге жеткізіледі.

Айбөпе САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*