Атырауда қауіпсіздік шаралары қандай деңгейде?

Өткен айдың соңында Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығында болған жантүршігерлік өрт талай жанның өміріне балта шапқаны әлі естен кете қоймағаны рас. Базарлы үйдің берекесі бұзылып, тұтас отбасы баға жетпес байлығынан, бауыр еті – баласынан айырылды. Әрине, бүкіл елді алаңдатқан қайғылы оқиғаны қайталап баяндаудың жөні жоқ шығар. Алайда, бұл жағдай қауіпсіздік шараларын нығайтып, бейжай қарамау керектігін тағы мәрте ескерткендей. Иә, ешкім де сақтандырылмаған алапат апаттың алдын алу үшін не істеу керек? Тілсіз жау шарпыған сәтте қандай қадам жасаған жөн?

Тілсіз жаудың кеселі

«Апат айтып келмейді». Оқыс оқиғаның қай уақытта немесе қай күні болатынын да білмейміз. Табиғат тосын мінез танытып, алай-дүлей дауыл тұрып, не үздіксіз жауын жауса, қарлы боран тұрса бір сәрі, өзіміздің салғырттығымыздан қайғылы жағдайға душар болып жататынымыз өкінішті. Әбден тілсіз жау өршіп, ғимараттың күлі көкке ұшқанда, адам шығыны орын алғанда ғана бармақ тістеп қалатынымызды қалай ақтауға болады? Кемероводағы бейқам тірліктің де тыныштығы дәл осылай бұзылатынын кім білді дейсіз? Қып-қызыл өрт санаулы уақытта-ақ бүкіл нысанды ойратып тынды. Соның салдарынан 64 адам қаза тапса, ішінде балалар да бар. Бұл сұмдық оқиға өзгелерге сабақ болды. Осы жағдайдан кейін ғана көптеген сауда орталығы өрт қауіпсіздігі шараларына тексеріс жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жоя бастады.

Көрші елде орын алған өрттен кейін біз де Атырау қаласындағы ірі сауда орталығындағы ахуалмен танысып шықтық. Себебі, бүгінгі қоғамды ойын-сауық орындарының тыныс-тіршілігінен бөле-жара айту қиын. Керек-жарағымызды алысқа бармай-ақ үздіксіз, тәулік бойы тұтынушыларына есігін айқара ашып қоятын сауда нүктесінен іздейміз. Демалыс күндерін де балалармен бірге осындай орталықта өткіземіз. Демек, біздің өміріміз сауда нысандарымен тығыз байланысты. Бетін әрмен қылсын, бірақ, лифтпен немесе жылжымалы баспалдақпен ойын алаңына көтеріліп бара жатып, оқыс жағдай болған кезде «осы ғимараттан қалай шығамын?» деген сауалға бас қатырмайтынымыз шындық. Ал, байқағанымыздай, Атыраудағы сауда нүктелеріндегі ойын алаңдарының барлығы дерлік ғимараттың екінші не одан да үстіңгі қабатта орналасқан. Яғни, қауіп төнген жағдайда ғимараттан сыртқа шығатын жол күрделене түсетіні сөзсіз.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір аумағында тәуекелі жоғары аймаққа жататын 14 сауда нысаны болса, оның  8-і – ойын-сауық орталығы мен базарлар. Өткен жылы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға қатысты 11 бақылау жүргізілген. Техникалық-қауіпсіздік тексеріс қорытындысында 115 заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде, алты адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 233 593 теңге көлемінде айыппұл салынған. Биыл осы мақсатта 13 нысанды тексеру жоспарланған. Оның барысында өрт дабыл қаққышының техникалық ахуалына, ішкі және сыртқы су жүйесімен қамтуға, алғашқы өрт сөндіру құралдарына, оқшаулау жолына, электр шаруашылығына, байланыс желісіне ерекше назар аударылады.

Тілсіз жаудың кеселі2

Айта кету керек, жантүршігерлік оқиғадан кейін сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігіне ерекше ден қойыла бастағаны байқалады. Айталық, «Тамаша» сауда, ойын-сауық орталығындағы балалар ойын алаңына дейінгі аралықта өрт болған кездегі оқшаулау жолдары арнайы жолақтармен белгіленген. Бұған дейін қаладағы қай сауда-саттық нысаны болмасын, қауіпсіздік жайына аса көп мән бермейтін еді.

Төтенше жағдай саласының мамандарының айтуынша, өрт қаупін бірнеше мәрте ескертіп, профилактикалық жұмыстар жүргізгенмен, байқаусызда болған қайғылы оқиғалар азаяр емес. Дүние-мүлік шығыны өз алдына, бірақ, ғұмыры қыршынынан қиылған адамның орнын кім толтыра алады?  Мамандар қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстанса, бәрінің де алдын-алуға болатынын айтады. Атырау қаласы төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері өрт болған жағдайда ең алдымен дүрбелеңге жол бермеу керектігін ескертеді. Ал, өрт бол-ғанның өзінде қызметкерлер өздері ұйымдасып алмай, түтін аймағын ешқашан тастамауы керектігін атап өтті.

Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*