Атырауда «ақылды автобустар» пайда болмақ

Бұл туралы Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс ХV сессиясында айтылды. Онда оннан астам мәселе көтеріліп, алдағы жұмыс жоспары пысықталды.

16661

Алдымен, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Рулана Досқалиева 2017-2019 жылдарға арналған қала бюджетінің нақтыланған жобасымен таныстырды. Оның басым бөлігі инвестициялық жобалаға арналған. Нақтырақ айтқанда, бұл бағытта 6 млрд. 334 млн. теңге жоспарланып отыр. Бұл қаражат 2016 жылы басталған елдімекендерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесін тарту және автокөлік жолдарының құрылыс жұмыстарын жалғастыруға жұмсалмақ.

Аталған кезең бойынша білім беру саласына 257 миллион теңге бөлу ұсынылды. Оның ішінде, биыл салынған үш мектеп шығыны, жетім балалардың қамқоршыларына ай сайынғы төлемдер және басқалары қамтылған. Ал, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласына 115 млн. 597 мың теңге, ал, коммуналдық салаға 1 млрд 41 млн. теңге қаржы көзделуде.

Сонымен қатар, бюджет есебінен Береке мөлтек ауданында 13, Нұрсая мөлтекауданында сегіз несиелік тұрғын үй құрылысы үшін 1 млрд. 300 млн. теңге қарастырылған. Бұған қоса, облыстық бюджеттен Елордада өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне мектеп оқушыларының іссапар шығындарына бөлінген қаражаттың үнемделген 30 млн. 406 мың теңгесін қысқарту жоспарлануда. Мұны депутаттар біраузыздан мақұлдады. Бір қуантарлығы, биыл қала бюджеті толықтай игерілген.

Осыдан кейін, қаласы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Мейірім Қалауи 14 қазандағы шаһар күні бұрынғыдай Исатай мен Махамбет атындағы орталық алаңда емес, облыстық әкімдік ғимараты алдында, яғни, Сұлтан Бейбарыс алаңында өтетінін жеткізді. Бұл күні ретросаябақ ресми түрде ашылмақ. Сондай-ақ, ендігі уақытта асфальттау жоспарланған көшелердің барлығы емес, олардың ішінен тек нақты қолға алынғаны ғана жарияланатын болады.

Биыл қалада ірі инветсициялық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Қоғамдық көлікті дамыту – 2020» бағдарламасы. Бүгінде қоғамдық тасымалдың нақты тетігі бекітілген.

– Жаңа тұжырымдама сала мамандары мен ғалымдардың қатысуымен жасақталды. Оған сүйенсек, автобустар «ақылды» маршруттар бойынша қозғалатын болады. Осы ретте, қала тұрғындарының, әсіресе, жаңа мөлтекаудан тұрғындарының арыз-шағымдары есепке алынды. Тасымал қызметімен айналысатын мекемелер тарапынан да ұсыныстар бар. Олардың да өз кезегінде көлік тұрағын жаңартып отыруға, қосалқы бөлшектерді сатып алуға және басқа да мақсатта жұмсайтын шығындары бар екенін ескеру керек. Ал, әлеуметітк аз қамтылған топтарға, атап айтқанда, зейнеткерлер, студенттер мен мектеп оқушылары үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылады.

Қала көлемінде бірнеше жаңа маршруттар да іске қосылмақ. Электронды билет енгізу мәселесі де қаралуда. Кәсіпкерлердің осы салаға инвестиция құйып, пайда табуына мемлекет тарапынан түрлі деңгейде қолдау көсретілетін болады. Қалалық әкімдіктің әлеуметтік желідегі мекен-жайына келіп түсетін тұрғындар сауалына күн сайын 500 жауап беріледі. Алдағы уақытта тұрғындарға электронды қызмет көрсетудің жаңа «Смарт-Атырау ақылды қала» жобасы іске қосылады деп күтілуде, – дейді М.Қалауи.

Сондай-ақ, қалалық әкімшіліктегі кадрлық өзгерістерге байланысты комиссия құрамын қайта сайлау жайы да ортаға салынды. Тағы бір туындап отырған өткір мәселе, бұл – далада иесіз қалған мүліктерді сот шешімімен коммуналдық меншікке ауыстыру тәртібі. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Эдуард Оспанов тұрмыстық қалдықтарды коммуналдық меншікке беру үшін қала әкімдігімен арнайы комиссия құрылатынын айтты. «Конкурсқа мекемелер қатыспаған жағдайда, қалдықтарды кәдеге жарату мен жою Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес, қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылмақ» деді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*