Атырауда жыл басынан бері 258 үй өртеніп, 39 адам газдан уланған

Өткен жылыту маусымы кезінде облыста 39 адам газдан уланды. Соның салдарынан біреуі қаза болды.

20160927134307

Жеке тұрғын үйлерде көбіне жылыту қондырғылары мен пештері, мұржалары талапқа сай орнатылмайды. Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуынан газдан улану оқиғасы орын алады. Біз осындай көлденең жағдайлардың алдын алу үшін жұртшылық арасында түсінік жұмыстарын жүргізудеміз, – деді өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Жасболат Бержанов.

Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жылыту маусымы кезеңіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі баса айтылды. Оған төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшыларымен бірге, «КазТрансГазАймақ», басқа да құрылымдардың өкілдері қатысты.

Биылғы жылдың тоғыз айында 258 өрт оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан екі адам қаза тауып, төртеуі жарақат алған. Мамандар тосын жағдайдың дені жеке тұрғын үйлерде орын алатынын жеткізді. Оған көбінде электрқондырғыларды монтаждау, пайдалануда өрт қауіпсіздігінің сақталмайтындығы, пештердің дұрыс орнатылмайтындығы себеп болады екен.

Жеке үйлердегі өрт қауіпсіздігіне жеке адамдардың өздері жауапты әрі міндетті. Олардың бірқатарының осы жауапкершілікті сезіне бермейтіні қайран қалдырады. Күн салқындамас бұрын жылыту қазандықтарының жағдайын қарап, мұржаларын тексеріп, қажетті шараларын жүзеге асырса, оқыс оқиғалар болмас еді. Әрине, біз өзіміздің тарапымыздан өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты жұмыстарды басты назарда ұстаймыз, – деді «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» МКМ бастығы Абдулпакар Жұманов.

Брифинг қонақтары «барлық жауапкершілік – тұрғын үй иелерінің өзінде. Олар апаттың алдын алу шараларын жүзеге асыруы тиіс» дегенді қайталап айтып отырды. Алайда, адам уланайын деп уланбайды ғой. Жылыту қазандығының дұрыс орналастырылмағандығынан, мұржаның талапқа сәйкес қондырылмағандығынан орын алады. Осы тұрғыдан келгенде лицензиясы бар шағын серіктестіктердің тұрғындармен арада келісімшартқа отырып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажеттігі маңызды. Дегенмен, олардың қызметі әзірге бақылаусыз болып тұр.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*