Атырауда 6 алаңға жаңа жылдық шыршалар орнатылады

Жаңа жылдың басты шыршасы Сұлтан Бейбарыс алаңына орнатылады, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

WhatsApp-Image-2018-12-07-at-10.26.23

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген ақпаратына сүйенсек, Исатай-Махамбет атындағы қалалық орталық алаңды қалпына келтіруге байланысты жаңа жылдық мерекелік салтанат облыс әкімдігіне қарама қарсы Сұлтан Бейбарыс алаңында ашылады.

Қала бойынша барлығы 6 шырша, атап айтсақ, Сұлтан Бейбарыс алаңына, Қ.Смағұлов алаңына, Д.Нұрпейісова алаңына, «Балықшы» ықшамауданындағы «Аққу» дүкенінің алдына, Құрманғазы мәдениет сарайының алдына, Привокзальный ықшамауданындағы С.Мұқашев алаңына орнатылады. Орнату үшін жергілікті бюджеттен 11,6 млн. теңге бөлінген.

Облыс орталығын абаттандыру бағдарламасының аясында қалада облыс әкімдігі жаныңдағы жағалауға жарық аркасы орнатылып, Сәтбаев көшесі бойындағы ағаштар жарықпен безендіріледі.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қала ішінде жаңа 2019 жылдың символы бар көлемді сандар және селфиге арналған кіші архитектуралық нысандар болады. Осы мақсатты іске асыру үшін қалалық бюджеттен 50 млн. теңге бөлінді.

Бұдан бөлек, қала әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен қосымша шығыстарды болдырмау мақсатында 2018 жылы сатып алынған мерекелік шырша Сұлтан Бейбарыс алаңына жаңа жылдың символы ретінде орнатылады.

Айта кетейік, қаладағы басты шырша тәуелсіздік мерекесінен кейін орнатылады. 16 желтоқсанға дейін қала тек мемлекеттік нышандармен безендіріледі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*