Атырауда 20 мың кәсіпкер салық төлемеген

Атырауға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының кепіл беру департаменті директоры Әлия Ағыбаева Алматыдан арнайы келді. Ол Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауидың төрағалығымен өткен жиында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының шарттарын түсіндірді.

1

Анықталғандай, Атырауда 20 мыңның үстінде нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат тіркелген. Олар мемлекетке бір тиын да салық төлемейді. Сәйкесінше, зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорлары да болмайды. Міне, қоғамның осы бір тобын заң жүзінде ресімдеп, біріздендіру керек.

– «Даму» қорының түпкі масқаты – бизнесмендердің банктен кедергісіз қаржы алуына жағдай жасау. Жаңа бағдарламаға жұмыссыздар мен жаңадан іс бастаушы кәсіпкерлер (сауда саласынан басқа) қатыса алады. Бағдарлама бойынша, кәсіп ашқанына үш жыл толғандары жеке кәсіпкерлік, одан асқандары жауапкершілігі шектеулі серіктестік, ал, бір жыл толмағандары стартап болып табылады. Олардың әрқайсысына арналған талаптар мен шарттар бар. Банк өз қызметі үшін комиссия ұстамайды, – дейді Ә.Ағыбаева.

Оның айтуынша, банктен бұрын, кәсіпкер жұмыспен қамту орталығына барып қажетті кеңестер алуы тиіс. Кейін оқу курстарына жазылып, тағылымдамадан өтеді. Сөйтіп, бизнес жоспар жасақтайды. Ақырында, қаржыландырылады. Кепілге қояр мүлкі болмаған жағдайда, «Даму» қоры 80,5 пайыз кепілдік береді. Бір ескеретіні, алынған несиені жеке үй, жер және басқа да жеке қажеттіліктерге жаратуға, әрі үшінші жақтың атына тіркеуге болмайды.

Атырау қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлнәр Құспанова қаржылай қолдау сұрап келген жұмыссыздарды «АТФ», «Нұрбанк», «Сбербанкке» жолдайтынын айтады. Алайда, ондағылар тізімдегі 37 құжаты сұрайды. Оның бәрін жинап болғанша, несие күтіп тұрса жақсы ғой, әрине. Жеме-жемге келгенде, бәрі де басқаша құбылып шыға келеді. Бүгінде әлгі банктерге жолданған 63 адамның тек төртеуі ғана мақсаттарына қол жеткізіп отыр. Тағы бір қызық жайт, банктер тек айлық табысы 200 мыңнан кем түспейтіндерге ғана несие береді екен. Одан кейін, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған үйлер кепілзатқа өтпейді. Ал, кепілсіз ешқандай шаруа бітетін емес.

Амандық АБДОЛ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*