«Атырау Су Арнасы»: инвестициялық бағдарламаның игілігі қандай?

«Атырау Су Арнасы» КМК былтыр қандай жұмыстар атқарды? Кәсіпорында қабылданған инвестициялық бағдарламаның орындалу барысы қалай? Бұл жөнінде директордың міндетін уақытша атқарушы В.И.Сущенко баяндады.

1463552646918

Есепті мерзімде кәсіпорындағы табыс көлемі 3 млрд. 391 млн. 054 мың теңгені, оның ішінде негізгі қызметтен 3 млрд. 245 млн. 400 мың теңгені құрады. Ал, шығындар 3 млрд. 372 млн. 680 мың теңгені құрап, келтірілген пайда көлемі 18 млн. 378 мың теңгеге тұрақтады. Өткен жылы тұтынушыларға барлығы 14 млн. 474,22 мың текше метр су өткізілген немесе сатылған. Суды сату қызметінен түскен табыс сомасы 2 млрд. 412 млн. 834 мың теңгені құраса, сумен жабдықтау қызметімен байланысты шығындар көлемі 2 млрд. 234 млн. 860 мың теңгеге теңгерілген.

Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қолдау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшылығының пәрменімен биылғы шілде айынан бастап «Атырау Су Арнасы» КМК тарапынан көрсетілетін қызмет түрлеріне жаңартылған тарифтер (қызмет құны) енгізілді. Атап айтқанда, магистралды құбырлар арқылы және тарату жүйелерінің көмегімен су беру (1текше метріне) тұрғындар немесе жеке тұлғалар үшін 97,50 теңге, өзге тұтынушыларға (негізінен заңды тұлғалар) 307,63 теңге болып белгіленді. Ал, сарқынды суларды әкету мен тазарту қызметтеріне 32,0-140,64 теңгеден алынатын болды. Оның үстіне, бұлардың бәрінде де қосымша құн салығы есептелмеген.

Кәсіпорында «2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама» шеңберінде іс-шаралар жүзеге асырылған. Осылайша, өткен жылы негізінен қолданыстағы жабдықтарды жаңарту мен энергия үнемдейтін технологияларды өндіріске енгізуге баса назар аударылды. Нақтылай айтқанда, Атырау қаласындағы №4 сүзгілеу стансасына 2 компрессор орнатылса, «Атырау-Индер» тас жолының бойына қосымша кәріздік сорғылау стансасының құрылысы салынды. Сонымен бірге, кәсіпорынның өндірістік базасында, су тазарту қондырғыларында, кәріздік сорғылау және кәріздік тазарту имараттарында 230 дана энергия үнемдейтін жарықдиодты құрылығылар қондырылған.

Бұдан бөлек, жалпы сыйымдылығы 10 тонналық 3 «КамАЗ» (вакуум), 2 кәріз жүйелерін жуып-шаятын, 1 «Газель» автокөлігі, су тазарту қондырғыларының жұмысын жақсарту үшін қуаттылығы 400 және 1000 кВт-тық 4 дизельді электр стансасы сатып алынған. Мұның сыртында, ұзындығы 1,88 шақырым су құбыры учаскесі мен 1,077 шақырымдық кәріз коллекторы күрделі жөндеуден өткізілген. Бұған қоса, кәсіпорын базасындағы механикалық шеберханаға жөндеу жүргізіліп, су көтеру стансасын қосалқы қуат көздерімен қамтамасыз ету мақсатында генераторлар орнатылған. Осы кезеңде топтық және жалпыүйлік су есептеу құралдарының саны көбейтілген.

Осындай іс-шараларды жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде кәсіпорын  электр энергиясын тұтыну көлемін 30-35 пайызға дейін азайтты. Желілердің бойындағы судың ысырабы 18,1 пайызды құрап, бекітілген  нормадан (19,05 пайыз) біраз төмендеген. Электр энергиясын 427 913 кВт-қа дейін үнемдеп, судың ысырабын 71 мың текше метрге дейін азайтуға қол жеткізілген. Мұнда, 2017-2018 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстардың көлемі 814 млн. 300 мың теңгені құрап отыр.

Дәулетқали Аруев

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*