Атырау шекарасындағы Азғыр шырғалаңы қашан шешімін табады?

Жақында білгеніміздей, Құрманғазы ауданының Балқұдық ауылы арқылы Ресейдің Қарабайлы елді мекеніне барыпкелу проблемасы әлі де түпкілікті шешілмепті. Бұдан бірер жыл бұрын сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, Инвестиция және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев және республика шекара қызметі басшыларымен азғырлықтар арасында болғанымызда күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылатындай көрінген. Жалпы, шекараның екі жағындағы елге де тиімсіз шектеу қалай пайда болды?

Шекарадағы jpg

Азғырлықтар әуелден күнделікті керегін 300 шақырым қашықтағы аудан орталығынан гөрі, шекараның арғы бетіндегі 60 км жердегі Қарабайлыдан алғанды жөн санайды. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген ғой. Мұндай қарым-қатынас кеңестік кезден қалыптасқан. Сол байланыс бекем тәрізді көрінгенімен, мызғымас саналған одақ ыдыраған соң бұрынғы таныс адамдар шекараның екі жағында қалды. Тұрғындар бір-біріне қабақ шытпағанымен, дербес мемлекеттердің мүддесін қорғайтын заңдылықтар пайда болды. Енді таяқ тастам жердегі Қарабайлыға бару үшін алдымен Ганюшкинге жетіп, одан әрі Котяевка бекеті арқылы Астраханға асу керек. Қайтқанда да осы жолмен жүру шарт. Сонда бұрынғы 60 шақырымдық аралық он есе дерлік ұзарады. Бұл кімге керек еді?

Содан шекаралас аймақтағы халықтың жанайқайынан кейін екі елдің үкіметаралық комиссиясы жағдайды жан-жақты зерттеп, 2006 жылғы 3 қазанда Орал қаласында Қазақстан мен Ресей шекарасында бірнеше жеңілдетілген өткізу нысандарын ашу жөнінде келісімге қол қойды. Солардың бірі – Балқұдық-Қарабайлы.

Әйтсе де, «жеңілдетілген» делінетін жерде шекарадан өту жеңіл емес. Адымыңды аштырмайтын бірнеше нақты талабы бар. Біріншіден, Балқұдық-Қарабайлы арқылы өтетін адам міндетті түрде аталған мекендердің тұрғыны болуы шарт. Ол арнайы құжатпен тексеріледі. Екіншіден, Қарабайлыдан өтіп, Ресейдің ішкі қалаларына баруға рұқсат жоқ. Бұрын асфалтьпен Астраханға тартып кететін азғырлықтардың жолы кесілген. Үшіншіден, көрші елде болуға үш күнге ғана рұқсат етіледі. Шектеулі уақытта кейін қайтпаған адам шекара тәртібін бұзған саналады. Төртіншіден, шекарадан тек жеңіл көліктердің жүруіне рұқсат етіледі. Жұрт қолындағы төрт түлігіне қажетті пішенді ар жағынан таси алмайды. Бесіншіден, шекарадан бері өткенде әр адамның қолындағы затының салмағы 35 келіден аспауы тиіс. Кедендік одақ аясында ресейліктер тауарларын тонналап тасыса да қарсы емес. Шектеу біздің тарапымыздан орын алып отыр.

Турасын айтқанда, шекараның екі жағындағылар – бір-бірімен әуелден таныс, бауыр басып кеткен адамдар. Өзге мемлекетте тұрғанымен, әлі де аралас-құралас. Өйткені, шекараның қос қапталында да қазақтар тұрады, құдандалы болғандары да кездеседі. Ара-тұра байырғы жайылымын іздеген төрт түлік әрі өтіп кетсе, сол жақтағы ағайын өздерінде жүргенін хабарлап жатады. Бергі беттегілер солардың айтуымен жоғын тауып алады. Міне, бір қарағанда, төскейде малы, төсекте басы тоғысқан жандардың балталаса бұзылмас берік достығы қалыптасқан. Әйтсе де, мәселе шекараға тірелгенде екі елдің мүддесі алға тартылады. Өзге жеңілдетілген өткізу нысандарындағы ахуал да осындай. Ендеше, нендей тиімді шешімі бар?

Шекарадағы шырғалаң

Сол жолы Азғырда болғанымызда Ресейдің ішкі қалаларына сапарлау үшін Балқұдық-Қарабайлы өткізу орнының мәртебесін өзгерту, яғни көтеру керектігі айтылған-ды. Яғни, маңызын арттырып, қос тарапты тас жолмен қамту қажет. Оған сұраныс та бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің мәліметінше, Азғыр арқылы тәулігіне орта есеппен әрі-бері 175-180 адам мен алпыс шақты көлік өтеді. Шекаралық тәртіпті қазіргіден де жеңілдетсе, барыс-келіс бұдан да жақсарады.

Рас, облыстық әкімдіктің алдын ала есебі бойынша, Балқұдық-Қарабайлы шекарасына қос тарапты тас жол мен жаңа шекаралық өткізу бекетін салу үшін шамамен 492 млн. 572,129 мың теңге керек. Одан әрі аудан орталығы мен Азғыр аралығына жол салу мәселесі де өткір тұр. Жалпы, үш жүз шақырым дерлік қашықта орналасқан елді мекендерді бір-бірімен жалғастыру біраз мәселені шешуге мүмкіндік береді. Әсіресе, осы өңірде төрт түлікті өсіру жаңа қарқынмен дамиды. «Балқұдық» және «Сүйіндік» асыл тұқымды мал шаруашылығы ұжымдарының әлеуеті әлі бар. Сәл демеп жіберсе,  ісін ілгері алып кетеді. Мұның бәріне, әрине, қыруар қаражат қажет. Оны жергілікті бюджет көтере алмайды. Демек, Үкіметтің қолдауы керек.

Тағы бір мәселе, Қазақстан жағы тәуекелге барып, осы істі қолға алғанда көршілеріміз қолдай ма? Өйткені, шекараның ар жағында Қарабайлыға дейін 60 км. дала жолы бар. Ресейліктер мұнда асфальт тұрғыза ма, жоқ па – ол әзірге белгісіз. Балқұдық-Қарабайлы өткізу орнындағы ахуалды сауықтыруға осындағы тұрғындар ғана мүдделі. Әйтпесе, Қарабайлыдан Астраханға қарай жүз шақырымдай тақтайдай тегіс жол салынған. Шекарадан ара-тұра болмаса, күнде тобымен өтіп жатқан ресейліктер де жоқ. Демек, шекарадағы жағдайды жақсарту олардан гөрі бізге керек.

Ал, әр адамға белгіленген 35 келілік шектеу мен Ресейдің өзге қалаларына баруға тыйым салу – екі елдің байланысына селкеу түсіретін мәселе. Оның үстіне, Еуразиялық экономикалық одақ аясында оған мүше мемлекеттер тұрғындарының еркін жүріп-тұруына кепілдік берілген емес пе? Ендеше, бұл тежеу қайдан шыққан?

P.S. Азғырға арнайы барғанымызда білгенімізжергілікті халықтың дені ата мекенді тастап кетуге құлықты еместігі. Рас, аудандық мәслихат депутаты Мансур Қуанышәлиевтің айтуынша, әр жылы он шақты отбасы аудан немесе облыс орталығына қоныс аударады. Бұлардың көбі, әрине, жастар. Әйтпесе, күнделікті керегі ескеріліп, жағдайы жасалып жатса, байырғы тұрғындар төрт түлігін өргізіп отыра бермекші. Оның үстіне, халқы үдере көшіп, шекараны жалаңаш тастау елімізге де тиімді бола қоймас. Демек, қажетті инфрақұрылымын тартып, сынақ орнының қауіпсіз екенін дәлелдеп берсе, Азғыр аймағы әлі де талай ұрпаққа құт мекен болмақшы. Тек шекарадағы қазіргі шырғалаң тезірек шешімін тапқаны жөн.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*